Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрермен талғамына сай театр да сапалық жағынан өсуі керек - АРҚА АЖАРЫ

Көрермен талғамына сай театр да сапалық жағынан өсуі керек

Бұл  күні  әлем жұрты өзінің жанашыры, нәзік жанды сырласы, кейде ақылшысы, кейде бағыт сілтер бағдаршамы бола білген театрға назар аударып, оның болмысына, бары-жоғына құлақ түретіндей. Әркез қолтықтан демеген қамқорлығы үшін алғыс айтып, «Жаса, театр!» деп қол соғатындай. Біз де осы мереке қарсаңында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма  театры директорының міндетін атқарушы, белгілі театр және кино актері Жарас Қалдаровқа жолығып, осы театрдың бүгіні мен ертеңі, алдағы жоспары туралы әңгімеге тартқан едік.

                                                                

Тілші: –Өзіңіз жас маман ретінде келіп, алғаш жұмысқа орналасқан, тәжірибеңізді толықтырып, шеберлігіңізді шыңдаған театрға басшы болып келіп жатырсыз. Құтты болсын! Енді қандай жұмыстарды  қолға алмақсыз, қандай жоспарларыңыз бар?                   

Ж.Қалдаров: –Рахмет! Жұмысты енді бастап жатырмыз. Жалпы, қай өнер адамының болсын жоспары, жүзеге асырсам деген арман-қиялы болады ғой. Сол сияқты, бізде де ойлар, идеялар баршылық  деуге болар. Ал, енді репертуардан бастар болсақ, биылғы жылдың репертуары мен келмей тұрып, бекітіліп қойылған. Оның ішінде театрымызды ұйымдастырушы оның бастауында тұрып, еңбегі сіңген көрнекті өнер саңлағы Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» атты ертегісі сахналанды. Ол дәл театрдың туған күні 6 наурызда қойылды. Наурыз айы бойы жас көрермен тамашалап келеді. Осы айда А.Володиннің «P.S. Мен сені сағындым…» драма-ностальгиясы,  Көкшетаудың талантты тумасы, елімізге есімі кеңінен танымал ақын Алмас Темірбайдың шығармалары бойынша «Алып елім – Алашым» әдеби-музыкалық композициясы, мерекеге орай, «Жаңа күн» концерттік бағдарламасы көрсетіледі. Халықаралық театр күніне орай Б.Абдураззаковтың «Алло, Мама!» драмасы қойылады, онда Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жібек Бағысова апайымыз ойнайды. Репертуарымызда А.Линдгреннің «Шатырдағы дос» ертегісі, М.Машадудың «Бразилия байлығы» ертегісі, Наурыз мерекесіне орай ойын-сауық бағдарламасы, «Екі лақ» ертегісі сияқты дүниелер бар.     

Тілші: –Жарас Шотбекұлы, жаңа Жібек Бағысованың есімін айтып қалдыңыз. Аты аңызға айналған әртісті сахнадан көретінімізді сенсация деуге болады емес пе?!                                                     

Ж.Қалдаров: –Иә, былтыр пандемия бөгет болып, ардақты апайымыздың 80 жылдық мерейтойы өз дәрежесінде тойланбай қалды. Соны ескеріп, осы театрдың анасы есептелетін Халық әртісін бір спектакльде ойнауға шақырып, көндірдік. Бұйырса, иә, көрермен үшін сүйікті өнерпаздарымен қауышудың сәті түскелі тұр. Бұл біздің сахна саңлағына ұсынған гүліміз, сыйлығымыз.

Тілші: –Ал, жас актерлер, кадр мәселесі туралы не айтар едіңіз?

Ж.Қалдаров:–Талантты жас актерлер баршылық. Бірақ, құлақ құрышын қандырып, домбырамен ән айтушы жігіттер жоқ. Біз музыкалық-драма театрымыз. Сондықтан, актерлігіне қоса әншілігі бар жігіттер керек. Бүгінгі көрермен талғамы жоғары. Мәселен, фонограммаға сүйеніп айтатын әншілерге қазір жұрттың барғысы жоқ. Мұнда да солай. Көрерменнің сахнадан өз дауысымен ән салған өнер иесін көргілері, сол әсерді сезінгісі келеді. Оның үстіне біз Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай еліненбіз. Биыл көкшелік драматург-жазушы, ақын, марқұм  Төлеген Қажыбаевтың  туғанына да 80 жыл толмақшы. Соған орай оның «Ұмытпа мені, Гәккуімін» сахналайық деп едік. Әлгіндей актер қол байлайтын сыңайлы. Бір жөні болар деп отырмыз.             

Тілші: –Маман жетіспеушілігі бар екен. Тағы қандай идеяларды жүзеге асырғыңыз келеді?                                                                           Ж.Қалдаров:–Қазақта: «Арық айтып, семіз шық» деген сөз бар ғой. Ойдағының бәрін айта берген жөн болмас. Жүзеге асқан соң айтармыз. Ал, енді қазір бір бекінгеніміз, театр ішінен сәулетшілермен келісе отырып, бір-екі бөлмені қосып, кеңейтіп, 40-50 адамдық шағын зал ұйымдастырып, онда балабақшаның бүлдіршіндеріне, мектептердің бастауыш сыныптары оқушыларна арналған спектакльдер қоймақпыз. Сол саланы дамытпақпыз. Үлкендерге арналған қойылым бір бөлек. Сол сияқты балалар театры  да өз алдына жұмыс жасай берсе дейміз. Мына, театр ғимараты алдындағы шағын аллеяны көркемдеп, Жақып Омаров аллеясын ашпақ ойымыз бар.        

Келесі айтар әңгіме, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен премьера апталығына қатысып, бірқатар директорлар, режиссерлер, театр сыншыларымен пікірлесіп қайттым. Республиканың барлық театрларының жетекшілері болды. Күнделікті қойылған спектакльдерден кейін, талқылау, әртүрлі тақырыптарға пікір алмасулар болды. Көтерілген мәселелердің бірін айта кетсем, театр жұмысына қатысты бірқатар заңдар, ережелер, талаптар қайта қарауды талап етіп тұр екен. Мысалы, мемлекеттік сатып алу жүйесі театр жұмысымен, оның ерекшеліктерімен қабыспайды. Кедергі келтіріп, қолбайлау болады. Декарациялар жасау, сахнадағы кейіпкерлер костюмдерін дайындау соның салдарынан уақытында бітпейді. Ал, қойылымның өтер күні көрерменге алдын ала хабарланып қойылады. Арғы жағы белгілі.

Жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету де күрделі мәселе. Актерлер жалақысының төмен екендігі тағы белгілі. Театр жанашырлары, мамандары қайта жиналып осындай мәселелерді талқылап, жоғарыға ұсыныстарын жасамақ.    

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру идеясын толық қолдап, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын қолдап, жаңаруға, жаңғыруға бар күшімізді саламыз деп отырмыз.

Тілші: –Тұрғындардың театрға келуі туралы қандай пікірдесіз?               Ж.Қалдаров: –Мен көрермен талғамына сенемін. Жоғарыда айтқанымдай, тыңдаушының фонограммаға қосылып, әншінің аузын жыбырлатқанын тыңдағысы келмейтіні сияқты. Бір спектакльге бірнеше қайыра келетін көрермен көп. Неге? Олар актерлердің әр күні әртүрлі ойнайтынын біледі. Сахнада өтіп жатқан өмірді, кейіпкерлердің көңіл-күй, әсер-сезімдерін сезінгілері келеді. Сондықтан, ізденіспен, құлшына жұмыс жасасақ, талғамы биік көрерменіміз көп болары сөзсіз.                                   Тілші: –Жарас Шотбекұлы, әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

                                         Сұхбатты жүргізген Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар