Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз - АРҚА АЖАРЫ

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз

Ақмола өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында  «Әділ сандық қаржылық қызметтер» деген тақырыпқа Ақмола облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы С.Занегина, Көкшетау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Г.Омарова және «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігінің басшысы С.Мақышевпен брифинг өтіп, журналистер өздерін толғандырған сұрақтардың жауабын алды.

С.Занегина 15 наурыз – Бүкілдүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғау күні екеніне тоқталып, әлем жұртының бұл мәселеге аса мұқият қарайтынын, оның себебі, қай елдің болмасын экономикасының дамуына, кәсіпкерліктің әдебі мен шыншылдығына әсер ететін айтты.  Сауда-саттық жүрген жерде әрқашан тәуекелдің де жүретінін дәлелдеп, бизнес пен тұтынушының заң тұрғысында қалай қорғалатынын баяндады. Алайда, әділдікті аттап өтушілер әрқашан табылады. Заман өзгеріп, уақыт озған сайын, оңай олжа іздегендердің қулық-сұмдығы да арта түсуде. Мұны, күні бүгіндері көп көріп жүрміз.

Шындығында, бұл тақырыпты «күйіп тұрған тақырып» деуге болады. Өйткені, телефон арқылы хабарласып, әлдеқандай тосын оқиғаны жеткізіп, немесе, банктен хабарласып тұрмыз деп алдап, тұрғындардың  мәліметтерін сұрап, сосын оның атына несиеге ақша алып, сан соқтырушылар да бар. Қаржылық технологияны пайдалану, интернет-банкинг, интернет-дүкендер, интернет төлемдерге сүйену әсіресе, пандемия кезінде күрт көбейсе, алаяқтар да қарап жатпады.  Интернет-алаяқтардың құрығына көбінесе адамдарға алғаусыз сенетін, компьютер қызметіне шорқақтау ересектер түседі. Бұрынырақ «сіздің балаңыз немесе немереңіз жол көлік оқиғасына ұшырап, қылмыскер болды. Шұғыл түрде осыншама сома берсеңіз құтқарып жібереміз», «Балаңыз наркотикпен ұсталды. Қазір ақша әкелсеңіз, босатамыз» деп талайды алдап соққан. Қазір, алаяқтар банктен  хабарласып тұрмыз деп мәлімет сұрайтын тәсілді жиі қолданады екен. Хабарласушының дауысы орнықты, телефоннан оның арғы жағында банк офисінде жұмыс жүріп жатқандай дыбыстар естіліп жатады.

–Шындығында, банкте сіздің мәліметіңіз толық бар. Олар оны қайта сұрамайды. Егер мұндай жағдай болғанда , әңгімені бірден үзіп, телефонды өшіріп тастап, банкке қайтадан өзіңіз телефон шалыңыз. Сөйтіп, шындықты біліңіз, – деп түсіндірді Гүлнара Омарова. Алаяқтар салық комитетіненбіз, прокуратураданбыз, полицияданбыз, тағы басқа ресми органнанбыз деуден еш тайынбайды. Адам психологиясына жетік олар сенімді түрде сөйлеген соң, қарапайым жұрт алаяқтар ондай мекемелер атынан хабарласпайды  деп ойлап, сұраған деректі беріп қояды.  Алдап-арбап ақша  табушылар техника жетістіктерін тиімді пайдаланады. Ол сізбен сөйлесіп жатқанда аракідік жылт етіп, банктің нөмірі, тауар белгісі, реквизиті сияқты белгілер көрініп қалуы мүмкін. Олар өз телефондары нөмірлерін жасыруды біледі.

–Бір жолы мынандай жағдай болған, – деді одан әріГүлнара Марленқызы. –Бір адамға бір рет қоңырау шалады, ол болмайды. Екінші, үшінші  ретте де көнбейді. Ал, олар төртінші рет хабарласқанда әлгі адам сенім білдіріп, бар мәліметін беріп қояды.

– Көптеген дүңгіршек, сауда нүктелерінде «Тауар ауыстырылмайды және қайтарылмайды» деп жазып қояды. Оны сауда жасап тұрып көрген тұтынушы алған тауарынан ақау шықса да қайтып әкелмейді. «Ауыстыруға да, қайтаруға да болмайды. Өзім соны көрдім, біле тұра алдым. Енді, қайта апаруға құқым жоқ» деп ойлайды. Бұл –қате. Ондай заң жоқ. Олай жазып қоюға да болмайды. Бұзылмайтын, қорабы ашылмаған, қолданылмаған кез келген тауарды 14 күн ішінде, талапқа сай болса, қайтаруға болады. Негізінен, біздің кәсіпкерлердің 95 пайызы тұтынушы талабын орындауға тырысады, түсіністікпен қарайды. Сауда жасау, халыққа қызмет көрсету мәдениеті қалыптасқан. Ал, 3 кейде 5 пайызға дейін тауарды қайта алмаудың амалын іздеп, әуреге салушылар кездеседі, – деді Серік Рахымұлы.

«Онда неге ол тақтайшалардың  алынып тасталуы талап етілмейді?» деген журналист сұрағына ол: «Алдағы уақытта арнайы комиссия құрылып, ондай заңсыз тақтайшалар алынып, барлық сауда орындарына тұтынушылар құқығын қорғаушы мекемелердің телефондары ілінетін болады» деп жауап берді.

Брифинг қонақтары тұрғындарды тұтынушылар құқықтарымен таныс болуға, өз құқықтарын білуге, сондай-ақ, жалған телефон шалғандардың алдауына түспеуге, ешкімге жеке басы туралы мәлімет бермеуге, құжаттарына мұқият болып, жеке электрондық қолдарын, олардың кодтарын үнемі құпия сақтауға шақырды.

                                Серік Сапарұлы,

 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар