Халық қолдайтын бастама

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы бүкіл қазақстандықтардың назарында болған елеулі оқиға болды. Олай болатын сеебебі Президентіміз қаңтар көтерілісінен кейін саяси реформаларды жариялайтынын халыққа жеткізген болатын. Және Үндеудің жариялаланатын мерзімін де дөп айтып, наурыздың 16 деді. Қасымжомарт Кемелұлы айтқан сөзінде тұра білді.

Отыз жыл бойы елімізде қордаланған мәселелер тым көбейіп кетті. Әсіресе, азаматтар құқығын сақтамау, ел заңдарын өрескел бұзу фактілері халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады, Қазақстан беделіне нұқсан келтірді. Осындай келеңсіз жәйттерді тізе келіп, Президент Тоқаев реформаларды неден бастау керек екенін тізіп өтті.

Әсіресе, Мәжіліске сайланатын депутаттардың 70 пайызы пропорционалды болса, 30 пайызы можаритарлық жүйемен сайланатыны ел сайлаушыларының көңілінен шықты деп ойлаймын. Олай болатын себебі, қанша жылдан бері қоғам қайраткерлері мен заңгерлер сайлау заңын өзгертіп, сайлаушылардың құқығын ескеру туралы айтып келе жатқаны қашан. Әрине, кейбір сын айтушылар бұл өзгеріске қанағаттанбаулары мүмкін, бірақ,  сеңнің қозғалғанына, бірте-бірте осы мәселеге байланысты қосымша өзгерістер болатынына сену керек. Бұған қоса, Тоқаев өз сөзінде Президенттен бастап, әкімдер мен министрлердің партияларға мүше болуына тиым салғаны осы жиындағы басты жаңалықтардың бірі болды. Сонымен бірге, Қазақстандағы саяси партиялар тіркелу үшін бұрынғыдай 25 мың қолдың орнына 5 мың қол жинауы жеткілікті дегені қоғамда баяғыдан бері айтылып келе жатқан , жауыр болған мәселенің бірі еді. Енді жаңа партияларды тіркеп, ашамыз дегендерге жол ашылды деп айтуға негіз бар. Әрине, мұның бәрі республика заңдары шеңберінде және демократиялық принциптерді сақтай отырып жүзеге асатын өзекті мәселелер екенін ұмытпаған жөн.

Ел Президенті әкімшілік аймақтық мәселеге ден қойғанын, бұл Қазақстанның бүгінгі алмағайып кезеңдегі аумағын нығайтып, болашақ ұрпақтың қамын ойлаған бүкіл халық қолдайтын саяси-зкономикалық өзгерістердің бірі деп айту керек. Осыған орай, кезінде жеке облыс болып шаңырақ көтерген Семей облысының Абай, Жезқазған облысының Ұлытау,  Алматы облысының Жетісу орталығы Талдықорған және Алматы облысының орталығы Қапшағайдың атын өзгертіп, Қонаев атауы біздің ұлтымыз үшін өте маңызды, құптайтын, бөркімізді аспанға лақтыратын қуанышты жағдай. Әрине, дәл осы кезде бұрынғы Торғай облысы тұрғындарының «әттеген-ай» дейтін өкініштерін түсінуге болады. Бірақ, менің ойымша бұл мәселенің бәрі уақыттың еншісіндегі проблемалар. Дәл қазіргі қиын-қыстау кезде осындай ауқымды мәселелердің бәрін жүзеге асыру үшін қаншама қаражат пен адамдар ресурстары қажет екенін ұмытпайық. Президент айтқандай, Қазақстан – дара және жалғыз мекеніміз, оның да мүмкіндіктері  шектеулі екенін есте сақтайық және оны алақанымызға салып, мәңгілік асыл мұра болып қала беруіне баршамыз бір адамдай жұмылғанымыз абзал.

Президент Тоқаев соңғы жылдары қоғамда жаппай талқыға түсіп жатқан Конституциялық сотты қалпына келтіру мәселесіне назар аударды. Шынын айта кету керек, осы жылдары елдегі Ата Заңымыз кім көрінгеннің қолжаулығына айналып кеткені өкінішті жағдай. Ең сорақылығы, Конституцияның баптарын  көздің қарашығындай сақтауға мүдделі құқық қорғау орындарының өзі оны сақтамауы үйренішті жағдайға айналды. Әсіресе сот органдары мен прокуратура органдары Ата Заң баптарын сақтауды түбегейлі ұмытқандай болды. Бұл сөзсіз  азаматтардың наразылығын туғызды. Конституцияның нормаларын бақылап, оны сақтауға бірден бір мүдделі орган Конституциялық Кеңес мен «естімеймін де, көрмеймін» деген сыңай танытты. Осындай келеңсіз жағдайларға қанық болған Президент Парламент отырысында Конституциялық соттың қайта құрылатынын жария етті.

Өкінішке орай, бүгінде біздің қоғамда   Конституцияның негізгі баптарын ескермеу үйренішті жағдайға айналды.Олар  қандай бір күмәнді табысқа жету үшін негізгі заңның баптарын аттап өтуге әрдайым дайын тұратынын аңғартты.  Осындайда, дана бабаларымыздың «жаман әдет жастарды тура жолдан  тайдырар» деген нақылын келтіре кеткенді жөн санаймыз.

Ал, Конституциялық сотқа келетін болсақ, Президент пен Парламенттің және соттардың, әсіресе, шектен шыққан біздің күштік құрылымдар, әкімшіліктер мен министрлердің Конституцияның баптарын бұлжытпай орындауы үшін  демократиялық қоғамда Конституциялық соттың болуы  өте қажет. Ата Заң бойынша Президенттен бастап қарапайым азаматтарға дейін баршамыздың құқығымыз тең екенін түсінетін кез келді. Ата Заңды  құрметтемесек, онда бүкіл еліміз бен халқымыздың құқығын ескермегеніміз. Мұның арты қылмыс екені барша жұртқа мәлім болар деймін .

Республика газеттерінде шыққан бірнеше мақалаларымда бұрынғы Конституциялық соттағы сорақы жағдайлардың бой алғанын ашына жазған едім. Желтоқсан көтерілісі бойынша сотта қаралған фактілердің ескерілмегенін, сондай ақ, сотқа мүше болған үш адамның желтоқсандықтарды жазалауға қатысқанына қарамай, Конституциялық сот мүшелігіне сайланғанын айтқан сол мақалама осы күнге дейін ешбір органнан тиісті жауап ала алмадым. Ендігі айтарым, алдағы уақытта құрылатын Конституциялық сот мүшелігіне сайланатын азаматтардың арының таза болғанын, олар тек қана Ата Заң нормаларын сақтауға ғана мүдделі болғанын ескерсе екен.

                                                                                           Мейрам БАЙҒАЗИН,

                                                                            Астана қалалық ардагерлер

                                                                      Кеңесінің мүшесі,

                  Қазақстанның                                                                       Құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар