Ел мен ұлт мүддесі терең сезіледі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына халқымыздың аяулы перзенті  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Қай істе де халыққа  сүйендік, айналып өткен жеріміз жоқ» деген сөзін арқау еткім келеді. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болдық. Мемлекеттің негізі – халық.

Мемлекет басшысының әр Жолдауын асыға  үлкен үмітпен, зор сеніммен күтіп отыратынымыз анық. Өткен Жолдауда Жаңа Қазақстанның келешегінің кемел болуы әр қазақстандықтың өзіне байланысты екені айтылған болатын. Ендеше әр азаматтың үніне құлақ асқан, халық жауапкершілікпен,үмітпен,сеніммен қабылдайтын тағы бір Жолдау дүниеге келді. Президенттің осы Жолдауын мен де оқып таныстым. Көңілге қонымды жағы басымырақ.

Мемлекет басшысы  мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту жайына кеңінен тоқтала келіп, баға тұрақсыздығына сын айтты. Ақпараттық цифрландыру мен ауылшаруашылығы саласындағы мәселелерге де баса назар аударды. Еңбекақының нарықтағы жағдайға сай өсуі, ең төменгі жалақының 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерілуі де халыққа көмек болатынын айта кетті. Дегенмен де, қазіргідей баға тұрақсыздығы мен азық-түліктің күн сайын қымбаттауы жалақының айтарлықтайөскенін сездірсе екен дейсің.

Ұлт сапасын көтеруде балабақшалардың қызметі, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын көбейту жағдайы жақсы қарастырылды. Себебі білім негізінің балабақшадан қаланатын ескерсек, іргетас дұрыс қалануы маңызды. Ал, орта білім саласында  білім алушыға жан-жақты қолайлы орта қалыптастыруға  арналған  «Жайлы мектеп» жобасын жетілдіру де оң қадам болып отыр. Үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі шешілсе,  бұл заманауи ұлттық  мектептер санының өсуіне жақсы.

Тағы бір жағымды жаңалық, ұлт ұрпағының сапалы білім алуы үшін педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандартын қабылдау мәселесі.Бұл жағдайда  ұстаздардың құзырет аясы айқындала түсіп, ол осы мамандықтың абырой, беделінің артуына ықпал ететін еді. Қазіргідей бәсекеге қабілетті ақпараттық-технологиялық даму  жағдайында  өзгеріске бейім, қоғамның талабына сай тұлғаны дамыту үшін жаһандық ғылыми-техникалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп ағылшын тілінде оқытуды күшейту маңызды саналмақ.

Бірнеше тілді білудің артықтығы жоғын баса айтқан Мемлекет басшысының сөзіне қосыла отырып, басым бағытты өз ана тілімізге аударуды қолдаймын. Ұлт болып қалыптасу үшін ана тіліміздің деңгейі бірінші орында болуы тиіс. Мемлекеттің басты күші жастарда болса, жастарға артылған сенім өз ұлтының құндылықтарын құрметтеуден көрінуі маңызды болмақ. Оқу-ағарту  министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда белсенді әрекеттер жасап жатқанына куә болып келеміз.

Мұғалім мәртебесінің көтерілуінде ата-аналардың да үлесі бар екенін ескере, екі жақты ынтымақты әріптестік қарым-қатынасты орната отырып, білім  беру  ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр. Ұлт сапасының дамуына тағы бір үлес қосатын жай, баланың білім алуына, оның сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражаттың білім беру есепшоттарында жинақталуы. Ұлттық қордың шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болып, халықтың игілігіне қызмет жасау жауапкершілігі  арттырылса, бұл бастама әрбір баланың болашағына құйылатын инвестиция десек болады.

Жолдаудың тағы бір құнды жағы, Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстардың халықтың меншігі деген басты қағидаттың бекітілуі. Мемлекет басшысының бұл құр сөз емес, басты реформалардың арқауы дегені көңілге қуаныш сыйлады. Демек, әрбір қазақстандық өз еліміздің байлығына  мақтанышпен ғана емес, құрметпен, үнемшілдікпен қарау керек екенін сезінуге болады бұл сөзден. Жалпы, Жолдаудан ел мен ұлт мүддесі терең сезіледі.

Жолдау міндеттері орындалып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын, ұлттықбілім беру сапасын арттыру,ұлт саулығына қызмет көрсету,  кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық  цифрландырудың дамуы сынды тегеурінді басымдықтар жүзеге асқан жағдайда елдің тұрмысы түзеліп, жағдайымыздың жақсаратынына сенеміз.

Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Ақмола облысы  білім басқармасының Нұр-Сұлтан қаласындағы  №2 «Дарын» лицей-мектеп-интернат басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар