Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңару мен жаңғыруға арналған салиқалы басқосу - АРҚА АЖАРЫ

Жаңару мен жаңғыруға арналған салиқалы басқосу

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылған ұсыныстарды сараптау мақсатында «Sarap»сараптамалық клубының аймақтық отырысына қатысты.

Еркін форматта өткен басқосуды университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалым Байтоқпен Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Қазбек Майгелдинов жүргізіп отырды.Оған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, саяси кеңесші, PhD докторы Дина Әйкенова, саясаттанушы Самат Нұртаза, ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық «Kokshe» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалым Байтоқ, интернационалдандыру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Жайлагүл Сағындықова, ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректор Айгүл Жақыпова, жоғары оқу орындарының басшылары мен университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Айтулы басқосу барысында Қазақстандық қоғамдық даму институтымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім-шарты жасалды. Бұл екі ірі білім ордасы арасындағы ынтымақтастықты орнатып, әрі қарай нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Сараптамалық клубының аймақтық отырысына қатысушылар Мемлекет басшысының елді одан әрі дамытуға, саяси жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларын, сондай-ақ, Жолдауда белгіленген міндеттерді шешу жолдарын талқылады. Алдымен, жаңа Жолдауда қозғалған өзекті мәселелер бойынша университет ректоры Марат Сырлыбаев:

– Өзгеру үшін өзімізді қолға алып, заман ағымына бейімдеу арқылы қабілеттерімізді дамытсақ,  мемлекетіміздің мерейі  үстем болары анық. Рухани жаңғыру – тұрақты даму деген сөз. Рухани жаңғырусыз тұрақты даму мүмкін емес. Заманға қарай талап та өзгереді. Жаңа құндылықтар пайда болады. Халық та, қоғам да даму керек. Даму деген сөз – дұрыс тарих жасау деген сөз. Яғни, әділ тарихымызды қалыптастыруымыз керек. Рухани жаңғыру мен өзгерудің түпкі мақсаты қоғамдық сананы жаңғырту болған соң, қыруар жұмыс күтіп тұрғаны белгілі. Заманауи қоғамға айналу үшін осы жолды жүріп өтуіміз керек. Сондықтан, бұл міндетті бір ғана биліктің  не болмаса зиялы қауым өкілдерінің ғана иығына артылған жүк деп ұғынбауымыз керек. Қазақстандық әр азамат өз саласы бойынша дұрыс бағытта жұмыс істеп, Жолдауды ой елегінен өткізуі тиіс, – деген пікірін білдірді.

Өз кезегінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Қазбек Майгелдинов, Президент Жолдауының негізгі аспектілерін атап өтіп, жаңа саяси реформалар саяси трансформацияның логикалық жалғасы болғанына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің құрылуының басты себебі, қазіргі мемлекеттік органдар, мәслихат, басқа да ұйымдарда бюджеттің ашықтығы мен мөлдірлігіне септігін тигізу  екенін атап көрсетті.

Жолдауда айтылған Президенттің бастамаларына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров та түсініктеме берді:

–Саяси реформаларды ұсынғандағы ең негізгі мәселе, біздің әрқайсымыздың санамыз жаңғыру керек. Өйткені, саяси реформация дегеніміз, ол тек қана белгілі бір заңдарға өзгеріс енгізу немесе белгілі бір нормативтік-құқықтық жаңа бір базаны қалыптастыру емес. Ол алдымен, біздің еліміздегі саяси процестерді жаңғырту. Оларды жаңарту біздің әрқайсымызға байланысты. Сол себепті, қазіргі таңдағы ең негізгі мәселе, халық пен қоғам, билік пен халық арасындағы диалогты құра, біздің азаматтарымыздың әрқайсысының саяси әлеуетін арттыра отырып, саяси мәдениетті қалыптастыру болып табылады. 30 жылдың ішінде, өкінішке орай, тәуелсіз мемлекет құрамыз деп өзіміздің халқымыздан өзінің билігін тартып алдық. Белгілі бір шешімдер қабылданатын болса, ол шешімдердің барлығы  халықпен келісілмейтін болды. 30 жылдың ішінде экономикамызды реформалаймыз деп, экономикалық көптеген активтер шетелге кетіп қалды. Сондықтан, менің ойымша бүгінгі таңда саяси реформалардың саяси аспектісі – әлеуметтік әділеттілік. Яғни, халыққа өзінің билігін қайтарып беруіміз керек. Менің ойымша, біздің Президентіміздің айтып отырғаны, егер азаматтар партия құрамыз дейтін болса, оған ешкім қарсылық көрсетпеуі керек. Бұл бір, екіншіден, аймақтарда саяси партияға кірмейтін, бірақ, саяси процестерге араласқысы келетін азаматтар бар. Міне, осы азаматтарға саясатқа араласуға құқық беру керек, – деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов:

– Мемлекет басшысының Жолдауы шыққан сәттен бастап, біздің өңірдегі қоғамның барлық топтары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Ассамблея өкілдері, жастар, қоғамдық пікір көшбасшылары және басқалар осы стратегиялық құжатқа үлкен қолдау білдіруде. Біз қазірдің өзінде парламенттік сайлау мен ауыл әкімдерін сайлау барысында елімізді реформалаудың басталғанына куә болдық. Бұл бастама біздің өңірде халық тарапынан қолдау табуда. Жергілікті жерлерде мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру керек. Осы ретте біздің облыстық қоғамдық кеңес жаңартылып, оның 70 пайыздан астамы  азаматтық қоғам өкілдерінен құралды. Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған барлық мақсаттар мен міндеттерге бірлесіп қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деген көзқарасын білдірді. Ал, ҚР Парламентті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин:

– Партиялық тізіммен сайлау бәсекелестікті, сайлаушылардың сайлауға деген ынтасын төмендетті, тіпті, кейбір ел ішіндегі азаматтар осы сайлау процесінен тыс қалып қойды. Міне, сондықтан, мажоритарлық жүйені енгізу партияда жоқ, бірақ, ел ішінде беделі бар, сөзі өтімді, елдің мәселесін жоғары деңгейде батыл қоя алатын адамдарға депутаттыққа өтуге мүмкіндік береді. Парламентте үш фракция болса да, Ассамблеядан сайланған депутаттар болса да, «Жаңа Қазақстан» деген жаңа депутаттық топ құрылды. Осыдан біршама жыл бұрын осындай депутаттық топтар болған, бірақ, қазір партияға қатысы жоқ, енді осындай жаңа үрдістер Парламенттің өзінің ішінде бәсекелестік тудырып, көптеген партиялардың бағдарламаларына кірмей қалған өңірлік мәселелерді қозғап, жұмыстар жүргізуде. Қазір біз көптен бері өтпеген Парламенттік тыңдауларды бастап жатырмыз. Парламент ішінде осындай өзгерістер болуда. Журналистерге біздің қызметіміз айқын көрініп тұр, – деп түйіндеді сөзін.

Нағыз демократиялық елдің көрсеткіші ретінде саналатын еркін форматта өткен басқосуда «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев жастар мәселесіне ерекше тоқталып, оларға кәсіптік білім беру, облыс орталықтарында жас буындарды тәрбиелейтін ұлттық қолөнер мәселесін қолға алуды алға тартты. «Бізпартияларды көбейтіп жатырмыз. Олар ауылға барып, мал баға ма әлде егін сала ма? Өткен жылы Қазақстанда картоп мәселесі болды. Менің күлкім келеді. Соны кім істетеді? Ең бірінші адамның санасын тәрбиелеуіміз керек», – деген орынды пікірін білдірді.

Алқалы басқосуда жастар жағы да белсенділік танытты. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттік парламент депутаты Нұржан Смағұлов жастардың білім мен жұмысқа орналасу мәселесіне ерекше ден қоюды ұсынды. Әсіресе, елімізде ауыл шаруашылығы саласы секілді бағыттарда кадр тапшылығының барлығын айта келе, вице-министр Данияр Қадыровқа БАҚ туралы Заңға өзгерістер енгізу туралы өз сауалын қойды.  Ондағы мақсат – жалған ақпарат тарату белең алған тұста қара басын ойлайтын, ішкі немесе сыртқы қарым-қатынастарға кері ықпалын тигізетін блогерлерге қатысты шара қабылдау керек екенін алға тартты.

– Жалпы, Парламентте, мәслихатта жастарға квота бар, бірақ, ұлттық компанияларда, мемлекеттік органдарда квота жоқ. Мұнай-газ өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығы саласында жастар жоқ, олар өздері жұмыс істеу керек немесе жекеменшік мекемелерде жұмыс істеуге мәжбүр. Осыдан келіп, ұлттық компанияларда, мемлекеттік органдарда қызметкерлер жетіспейді. Ал, блогерлер мәселесіне келсек, оларда БАҚ өкілдеріндегідей, әр таратқан ақпаратына жауапкершілік болуы тиіс, – деген вице-министр отырыста қойылған басқа да сауалдарды басшылыққа жеткізетінін айтты.

Сонымен қатар, қазақстандық қоғамдық даму институты мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасында тікелей және өзара тиімді  ынтымақтастық орнату мақсатында Меморандумға  қол қойылды.

«Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысының соңында қатысушылар пікір алмасып, Жолдауда айтылған міндеттер мен бастамаларға қолдау білдіріп, Президент Жолдауы – біздің қоғамның ең өзекті және шұғыл мәселелерін шешуге бағытталған экономикалық-әлеуметтік және саяси шаралар кешені екендігін айтты. Сондай-ақ, басқосуға қатысқан әр сарапшы өз пікірін білдіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар