Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жауапты науқанға жан-жақты дайындық жүргізілуде - АРҚА АЖАРЫ

Жауапты науқанға жан-жақты дайындық жүргізілуде

Биылғы жылы Ақмола облысында жазғы егін егу көлемі шамамен 5,1 миллион гектарды құрайтын болады, оның ішінде дәнді дақылдар 4,6 миллион гектар алқапта орналастырылады деп күтіліп отыр. Айта кетер болсақ, бұл өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемінің 53,4 мың гектарға ұлғайғанын көрсетеді. Оның ішінде майлы дақылдар көлемі 278,5 мың гектарды құрап, 14,2 мың гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ, 17 мың гектар жерге картоп, 2,7 мың гектардан астам жерге көкөніс отырғызу жоспарлануда. Яғни, картоп егілетін жер 1,8 мың гектарға, ал, көкөніс 0,4 гектарға ұлғайтылмақшы. Мал азығы дақылдарының алқабы 185,5 мың гектарға жеткізіледі. Бұл 2021 жылғы деңгейден 10 мың гектарға артық.

2022 жылғы егістік алқабына 530 мың тонна тұқым дайындалып, оған деген қажеттілік 100 пайыз орындалды. Мұны санаттары бойынша сараласақ, бірінші санат – 153 мың тонна, екінші санат – 105 мың тонна және үшінші санат – 25 мың тонна. Мұндай дайындық өңірдің егістік алқаптарын тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, облыста 33 элиталы тұқым шаруашылығы бар. Олардың қорында басқа шаруашылықтарға сатуға шамамен 50 мың тонна тұқым бар десек, оның ішінде элиталысы – 27 мың тонна және 1-репродукциялысы – 23 мың тонна.

Қолда бар техниканы көктемгі дала жұмыстарына дайындау да 100 пайыз аяқталды. Егін егу науқанына 18 мыңнан астам тұқым себетін техника мен жоғары өнімді егін егу кешені тартылатын болады. Осы заманғы ауыл шаруашылығы техникасының күшімен егістік алқабының 70 пайыздан астамын егу жоспарлануда. Осы жылдың басынан бері шамамен 9 миллиард теңгенің 229 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде 65 трактор, 48 комбайн, 22 астық сепкіш және 94 басқа да түрлі техника бар.

Облысқа Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 72 мың тонна кепілдік берілген дизель отыны бөлінді. Бұл қажетті қордың 95 пайызы. Қазіргі уақытта, дизель отынына төлем жүргізу және отынның өзін аудандық терминалдарға жеткізу жүргізілуде. Демек, бұл дизель отынынан да қиындық болмайды деген сөз. Бұл дизель жанар-жағар майының өткізілетін бағасы бір тоннасына 212 мың теңгені құрайды, диқандар үшін соңғы баға 1 литріне – 208 теңге. Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 32 мың тонна және Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 40 мың тонна дизель отынын жеткізу жоспарланған. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету шаралары жоспарлы түрде, еш кешеуілдеусіз, рет-ретімен орындалуда. Мұны айларға бөліп айтар болсақ, наурызда 20 мың тонна, сәуірде 30 мың тонна, мамыр айында 22 мың тонна дизель отынын жеткізу қарастырылған.

Минералды тыңайтқыштар сатып алу жұмыстары да одан әрі жалғасуда. Бүгінгі таңда  жоспардағы 100 мың тонна тыңайтқыштың 37 мың тоннасы сатып алынды. Ал, 2021 жылы жұмсалған тыңайтқыш көлемі 90 мың тонна болатын. Яғни, бұл жағы да астық шығымдылығына оң әсер етеді деген ойдамыз. Дегенмен, тыңайтқыштың кейбір түрлерінің екі және одан да көп есеге қымбаттауы негізгі проблемалық мәселе болып табылады.

Бүгінге дейін көктемгі-дала жұмыстарын кредиттеуге «Кең Дала» бағдарламасы бойынша «ҚазАгро» филиалдары арқылы 2,6 миллиард теңгенің сомасына 76 өтінім қаржыландырылды. Ал, оның жоспардағы көлемі 2,3 миллиард теңге, өткен жылғы көрсеткіш 2,9 миллиард теңге  болатын.

Сонымен қатар, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан 23 миллиард теңге бөлініп, осы қаржының есебінен 13 миллиард теңге көлемінде 67 өтінім қаржыландырылды.

Осылайша облыста жауапты науқанға жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстарын тиісті деңгейде, уақытында өткізу үшін барлық қажетті шаралар орындалды  деп айтуға болады. Енді тек қолда бар күш-мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, күрделі науқанға бір кісідей ұйымшылдықпен жұмылуымыз қажет және барлық жұмыстарды сапалы атқаруымыз керек деп есептейміз. Сонда ғана болашақ өнімге берік негіз қалайтынымыз анық.

Ғалымжан Әбдіхалықов,

Ақмола облысы әкімінің орынбасары

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар