Облыстық пікір-сайыс турнирі өтті

Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы Қазақстан қоғамында орын алған өзекті проблемалық жағдайларды талдау және жария талқылау, Ақмола облысы жастарының әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру мақсатында өз заманында әділдігімен қара қылды қақ жарған Қазыбек бидің 355 жылдығына орай студенттер арасында «Aqmola Jastary CUP I»  облыстық пікір-сайыс турнирін өткізді.

Турнирге Акмола облысының жоғары оқу орындары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан 21 команда қатысып, қазақ және орыс лигаларына бөлініп, өздерінің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін шебер көрсетті.

Турнирді ұйымдастыру өзін мықты спикерлер және объективті төрешілер ретінде көрсеткен тәжірибелі пікірсайысшылардан тұратын бас төрешілер алқасына жүктелді. Үш кезеңнен тұратын турнирге екі адамнан құралған командалар қатысты.

–Іс-шараны Ж.Мусин атындағы Көкшетау қаласының жоғарғы қазақ педагогикалық колледжімен бірлесіп, алғаш өткізіп жатқанымызды айта кету керек. Колледж ұжымына аталған турнирді өткізуге атсалысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта әлі де талай шараларды бірлесе өткізетінімізге кәміл сенемін, – деді өз сөзінде жастар-ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева.

Облыстық пікір-сайыс турнирінің қорытындысы бойынша бірінші орынды Көкшетау қаласының «Қазақстан альянс студенттері» командасы иеленсе, екінші орын Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінен қатысқан «Рухты ұрпақ» командасына бұйырды. Ал, қола жүлдені Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Ұлы дала ұландары» аты командасы иеленді. Орыс лигасында бірінші орынды «Арна» жоғары Көкшетау колледжінен қатысқан «Ар-намыс» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды Есіл қаласының агротехникалық колледжінен келген «Мақсат» командасы ұтып алды. Үшінші орын Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжінен қатысқан «Дебатляндия» командасының еншісіне тиді. Барлық жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жеңіс БАЛАБЕКОВ,

Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының

қызметкері.

           

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар