Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндірме тобы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, «Айбынды әскер» патриоттық акциясына қатысты. Делегация мүшелері алдымен облыс орталығы Көкшетау қаласында орналасқан «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлер рухына тағзым етті. Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері – заманауи техникамен және қару-жарақпен жарақталған, қуаттылығы мен ұтқырлығы жоғары, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді қалтқысыз қамтамасыз етіп келе жатқан айбынды, рухы биік құрылым. Қазақстан әскерінің қатарында кемінде 75 мың адам бар. Жыл сайын әскер қатарына 35 мыңға жуық жастар тартылады, олардың екі мыңы Ақмола облысының өкілдері. Біз Отан қорғаушылардың өздерінің азаматтық борышын абыройлы орындап, Қазақстанның ұлттық мүддесін қапысыз қамтамасыз ететініне нық сенім білдіреміз, – дей келіп, облыс әкімінің орынбасары делегация мүшелері мен жиналған қауымға алғысын білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
Мәдени іс-шара барысында департаменттің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің аға офицері, полковник Бейсен Жақыпов, еңбек ардагері Әбілжан Құсайынов сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысында жанын пида еткен боздақтардың ерлігін ұмытпау ұрпақ парызы екендігін баса айтты. Бұдан кейін салтанатты шараға қатысушылар мемориалға гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Аталмыш іс-шара Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжде жалғасын тауып, Қорғаныс министрлігінің өкілдері курсанттарға ерлік сабақтарын өткізді.
Бұдан кейін «Достар» мәдениет сарайында Қорғаныс министрлігі әскери оркестрінің мерекелік концерті ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері Нұр-Сұлтан қаласының әскери-тарихи мұражайының көрмені аралап, концерттен рухани күш-қуат алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.