Білім беру саласындағы инвестициялық жобалар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Қаржы орталығының» сарапшылары білім саласындағы инвестициялық жобалардың өзектілігі туралы айтып берді. Орталық еліміз бойынша білім беруді дамытуға арналған жобаларды 4 бағытта жүзеге асыруда. 

Білім саласы қашанда күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Бұл салаға мемлекет тарапынан құйылатын қаржының көлемі де қомақты. Бұған қоса, инвестициялық жобалар да қолға алынып, саланы одан әрі дамытуға күш салуда.

Бүгінгі күні еліміз бойынша білім беру саласында әлеуметтік 4 жоба бар. Олар – жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру аясында студенттік жатақханалардың, жекеменшік мектептердің құрылысы мен мемлекеттік білім жинақтау жүйесі мен мемлекеттік білім несиесі.

–Білім беруге несие бакалавриат біліктілігі бойынша оқитын студенттерге беріледі. Жобаға қатысқан студенттер несиені бір семестрді немесе толық оқу жылын төлеуге ала алады. 4 жыл бойы студент алған несиесінің тек жылдық 20 пайызын ғана төлейді, ал, оның негізгі бөлігіноқуын аяқтаған соң жұмыс істеу барысында өтейді. Бұл кепілсіз берілетін несие, –дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің сарапшысы Айнұр Сағындықова.

Бұдан бөлек, мамандарды даярлауды қаржыландырудың принципіде өзгерген. Бұрынғыдай гранттық немесе несиелік қаржы жоғары оқу орнына емес, студенттің тікелей өзіне аударылады. Бүгінгі күні білім беру мәселесінде мемлекет жекеменшік әріптестерді тартуға болады. Ақмола облысында инвестициялық жобалардың көмегімен 10 мектеп пен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне 315 орындық бір жатақхана салыныпты. Аталмыш департамент менеджері Әйгерім Асанова бұл орайда:

–Біз өтемпұлдық немесе инвестициялық шығындарды жабамыз, ол құрылыс немесе қайта жабдықтау болуы мүмкін. Құрылыс кезінде шығын бір орынға 122, ал, қайта жабдықтауда 47 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарылады. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігіне келсек, алдымен, кәсіпкер келісім-шарттың сұлбасына өтінім береді. Ол үшін бізге жерге иелік ету құқығын растайтын және басқа да сәйкестендірілген құжаттары қажет болады. Келісім-шарт біздің қаржы орталығы мен кәсіпкердің арасында жасалады, –деді.

Соңғы жылдары облыс жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін жатақханалардың жетіспеушілігі аса өзекті мәселе болып тұр. Инвестициялық жоба аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне алдағы екі жыл ішінде 510 орынға лайықталған жатақхана құрылысынақолға алынады. Бүгінде келісім-шарттар жасалып, келіссөздер жүргізілуде.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының»   өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар