Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің басшысы Серік Жақыпов: «Табылған әрбір пайдалы кен орны ел игілігі болып саналады» - АРҚА АЖАРЫ

«Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің басшысы Серік Жақыпов: «Табылған әрбір пайдалы кен орны ел игілігі болып саналады»

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы №164 Жарлығына сәйкес Геолог күні кәсіби мереке ретінде  сәуірдің бірінші жексенбісі күні аталып өтіледі.

Геология – барлық тау-кен мамандықтарының негізі. Геолог мамандығы тек арнайы білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар, табандылық пен шыдамдылықты қажет етеді.

Осы мереке қарсаңында біз Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің «Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің басшысы Серік Жақыповты әңгімеге тартқан едік.

Тілші: –Серік Асылбекұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Алдымен,өзіңіз басқарып отырған өңіраралық геология департаменті қызметінің негізгі бағыттары қандай екендігі туралы әңгімелеп берсеңіз.

С.Жақыпов:–Рахмет! «Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің аумақтық органы болып табылады.Департаменттің негізгі міндеттері Солтүстік өңірдің минералдық-шикізат базасын өндіру, мемлекеттік геологиялық зерттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.

Департамент өз қызметін Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында, бір сөзбен айтқанда, Солтүстік өңір деп аталатын аумақтарда жүзеге асырады.Департамент құрылымында әрбір облыс бойынша жетекшілік ететін өңірлік инспекциялар бар.Солтүстік өңірде әртүрлі пайдалы қазбалар баршылық, олардың ең бастысы, темір, алтын, мыс, алюминий, никель. Энергетикалық қоңыр көмірдің кен орны да белгілі. Құрылыс материалдарының кен орындары кең таралған. Ал, енді ірі кен орындарына келсек, Ақмола облысында алтын (Васильковка, Ақсу, Жолымбет), каолин (Елтай, Алексеевка), мусковит (Құлет), доломит (Алексеевка), мәрмәр (Таскөл) кен орындары бар. Облыстың батысында Қызылтал және Савинковский, шығысында Сарыадыр және Бөгембай кен орындары бар көмір бассейні орналасқан.

Қостанай облысы бірегей темір кені аумағы болып табылады әрі оның қоры бойынша әлемде жетекші орын алады. Бұл облыстатемір қорлары Соколов, Сарыбай, Качар және тағы басқа ірі темір кенорындарында шоғырланған.Солтүстік Қазақстан облысының аумағы уран кені және қалайысирек металды кендеріне бай. Уран кендерінің негізгі қорлары Косачиное, Семізбай, қалайы қорларыСырымбет, титан қорлары Обухов, вольфрам қорлары Баян кен орындарында шоғырланған. Металл емес пайдалы қазбалар ретінде вермикулит, магний және ас тұзы, керамзит кен орындары белгілі.

Тілші: –Қазіргі уақытта солтүстік өңірдің минералдық-шикізат кешені қандай жағдайда?

С.Жақыпов:–Департамент қызметінің аумағында қара және түсті металлургия, энергетика және уран өнеркәсібі, құрылыс индустриясы үшін минералдық-шикізат базасы құрылды.Қазіргі уақытта өңірде жер қойнауын пайдаланудың 550-ден астам нысаны бар, бұл – қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісім-шарттар мен лицензиялар.Соңғы 10 жылда ірі кен орындарында пайдалы қазбаларды өндіру 40 миллион тоннадан астам бокситті, 280 миллион тонна темірді және 160 тонна алтынды құрап отыр. Бұл ретте, осы кезеңде жер қойнауын пайдаланушылар бокситтер бойынша 12 миллион тонна, қорғасын бойынша 89 мың тонна, күміс бойынша 400 тонна, алтын бойынша 100 тоннаға жуық өнім алды.Резервте қатты пайдалы қазбалардың, соның ішінде алтын, боксит, темір, уран және тағы басқа  60-қа жуық кен орны бар.Өңірдің минералдық-шикізат базасын нығайту бойынша тұрақты түрде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл үшін алдымен жыл сайын мемлекет геологиялық түсіру, іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын орындауға бюджет қаражатын бөледі.«ГДП-200-ді алаңын геологиялық жете зерттеу» және «ГГК-200 тереңнен геологиялық карталау» жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша соңғы 10 жылда кенді түйіндер бөлінді, одан әрі іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу үшін перспективті учаскелер айқындалды. Бұл жұмыстар пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелері мен кенбілінімдерін контурлау және анықтау, олардың өнеркәсіптік маңызын бағалау мақсатында жүргізіледі.Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша алтын қорының өсімі алынды, сондай-ақ, мыстың, мырыштың, қорғасынның, темірдің, бокситтің, сирек металдардың және тағы басқа кен түрлерінің болжамдық ресурстары есептелді.

Тілші: –Жер қойнауын пайдалануды бақылау және оған мониторинг жүргізу туралы айтып берсеңіз?Сондай-ақ, департамент халықты ауыз сумен қамтамасыз ету процесіне қалай қатысады?

С.Жақыпов:–Қазіргі уақытта департамент жер қойнауын геологиялық зерттеу және кеңістікті пайдалану жөніндегі операцияларға және Қазақстан Республикасы«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау жөніндегі талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.Кодекстің 65-бабының 2-ші тармақшасына сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды астананың,облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары іске асырады.

Енді екінші сұрағыңызға келсек, елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастыруды және оны жүргізуді жергілікті атқарушы органдар атқаратынын айта кеткім келеді. Біздің департаментте елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты есеп материалдарына сараптама жүргізіледі, жерасты суларының қорлары бекітіледі.2019-2021 жылдары жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кіші комиссиясы осы қорларды есептей отырып, 50 есепті қарады. Сөйтіп, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 130 ауылын сумен жабдықтау үшін жерасты суларының пайдалану қорлары бекітілді.

Тілші: –Осы тұрғыда «Солтүстікқазжерқойнауы» өңірлік департаментінің алдына бүгінгі таңда қандай міндеттер қойылып отыр?

С.Жақыпов:–Ағымдағы жылы барлығы 15 нысанда жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар үш жылдық жұмыс болып табылады, ол аяқталғаннан кейін геологиялық мазмұндағы 1:200 000 масштабтағы жаңа карталардың жиынтығы жасалады, минералдық шикізаттың негізгі түрлерінің болжамды ресурстарын бағалай келе, жаңа перспективалы алаңдар, учаскелер, кен аймақтары анықталады, түбегейлі геологиялық зерттеулер жүргізу үшін ұсынымдар беріледі.Солтүстік өңірдің аумағында жүргізілетін геологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер тау-кен өндіру және металлургия салаларының одан әрі дамуына ықпал ететін болады.Пайдалы қазбаларға апаратын жол әлдеқайда күрделі, ол маңызды ғылыми дайындықты және жоғары технологиялық жабдықтарды қажет етеді.

Сөзімнің соңында осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекеміз – Геолог күнімен құттықтап, барлық игіліктер мен жаңа кен орындарын ашу қуанышын тілеймін!

Тілші: –Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Серік Жетпісқалиев,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар