Су тасқынына қарсы жұмыстар пысықталды

Сенбі күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев көктемгі қар суына қарсы атқарылған жұмыстарды, оның ішінде Шағалалы су қоймасы мен Красный яр кентіне барып, Көкшетау қаласындағы №12 мектеп маңайын аралап көрді. Төтенше жағдайларға қарсы құрылған облыстық комиссия, барық деңгейлердегі штабтар, Төтенше жағдайлар департаментінің басшысына, Зеренді аудандық әкімшілігіне, қала әкімі мен қалалық коммуналдық шаруашылығы, басқа да қызмет салаларына өз істеріне жауапкершілікпен қарап, су тасқынының алдын алу шараларын пысықтай түсуді тапсырды.

Шағалалы су қоймасына келген өңір басшысы Ермек Маржықпаевқа алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев дәл осы уақыттағы облыс бойынша қалыптасқан ахуалды баян етті. Облыс аумағында күннің +8, кей жерлерде +12 градусқа дейін жылынуына байланысты жаппай қар еруі басталған. Әсіресе, өңірдің оңтүстігінде қар тез еруде. Соған орай жергілікті атқарушы органдарға көмек ретінде бүгін 20 бірлік техника мен 50 адам жіберілген. Ол жақта жағдай қалыпқа түскен соң, ол күш облыстың солтүстігіне ауыстырылады.

Департамент басшысы облыс әкіміне жоспарланған дайындық жұмыстарының бәрі дер кезінде өткізілгенін, барлық дамбалардың күшейтіліп, нығыздалып, су өтер тұрбалардың, арналардың түгел тазаланғанын, қажетті техника мен адам күштерінің дайын екендігін жеткізді. Барлық жерден су өтуге тиіс.

Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Сембаев та аудан бойынша қар суынан туындар төтенше жағдайларға қарсы атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан территориясында Иванов, Айдабол, Алексеев сияқты 3 плотина, 1 су қоймасы бар. Қажеттілік туындағын жағдайда пайдалануға 150 бірлік инженерлік және көмекші техника мен жүзу құралдары дайындалған. 4 бірлік лайлы су айдайтын мотопомпалар сатылып алынған. 5 дана палаткалар, 60 кереует пен 180 төсек-орын әзірленген.

Денсаулық сақтау нысандары, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген жедел жәрдем бригадалары жасақталған. 5,3 тонна жанар-жағар май, 1958 тонна инертті материалдар, 850 дана құм салынған қаптар сақтаулы. Ақпан айынан бері 5423 шаршы метр жердің қары шығарылған. Жергілікті жолдар бойындағы су өтетін 150 жер , 3000 метр арықтар, су ағарлар аршылған. Шағалалы су қоймасына бүгінгі таңда төніп тұрған қауіп жоқ.

Шағалалы өзенінің Красный яр кенті жанынан ағар тұсына келген облыс басшысына кент әкімінің орынбасары Серікжан Мақашев өткен жылы салынған дамбының беріктігін көрсетті. Рас, өзен кенттің шеткі үйлерінен 20-30 қадамдай жерден ағып өтеді. Бірақ, өзен жиегі мықтап бекітілген. Бөгет биік әрі енді. Оның үстіне көше, айнала қар етіп біткен. Бөлінген 7 миллион жарымнан астам қаражат игеріліп,9 мыңға шаршы метрге жуық қар шығарылған.

Көкшетау қаласындағы №12 мектеп жанындағы жағдайды көруге келген өңір басшысына қала әкімі Бауыржан Ғайса ахуалды баян етті. Алдыңғы бір жылдары дәл осы жерден Қылшақты суы қала ішіне жайыла бастаған. Одан кейін өзен жағалауы биіктеліп, көтерілді. Оның беріктігіне шүба жоқ. Сондай-ақ, осы тұстағы, барлық қала ішіндегі өзен үстіне өскен қамыс шабылған. Көпірлер астындағы тұрбалар тазаланған. Демек, қиындық туындауға тиіс емес.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев іссапары соңында барлық қызметтер басшыларына, құрылған комиссиялар мен штабтарға қырағылықты арыттырып, кез келген төтенше жағдайға дайын болуды міндеттеді.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар