Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын біздің ауданымыздың тұрғындары да зор ықыласпен қабылдады. Президент: «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» дей келіп, қолға алынған көптеген өзгерістерді алға тартты. Ол жоспарлар біртіндеп жүзеге аса бермек. Сол саяси өзгерістердің көп кешікпей өз жемістерін бере бастарына сенімдіміз.
Болашаққа деген сенім, еліміздің жаңа бағыттағы құлшынысы жауапкершілікті де арттырады. Әркімнің ойында «Мен осы іске қандай үлес қосып жүрмін?» деген сауал тұрса игі. Біздің ойымызша, әр азамат елінің бірлігіне, жұртының татулығына ешқашан немқұрайлы қарамауы керек. Әрқашан қоғамдық істерге белсене араласып, ең бастысы, өзінің күнделікті жұмысын мұқият, тыңғылықты атқаруы керек. Бұл күнде не көп, жалған ақпарат, жел сөз көп. Ресми емес дерек көздері болмағанды «болды» деп, жоқты «бар» деп, адамдардың көңіл-күйіне кері әсер етіп, салын суға кетіруі мүмкін. Сондықтан, әрқашан ауызбірлікте болып, еліміз қолға алған істерге жұмылуға тиіспіз. Сонда, мақсатқа тез жетіп, оң нәтижесін көреміз.
Жолдаудан кейін Қорғалжын ауданының ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын аграршылары дәл осындай ұстанымда, өз істерін құлшына атқаруда. Аудан бойынша бұл салада 48 серіктестік, 101 шаруа қожалығы бар. Жоспар бойынша биыл 146 мың 585 гектар жерге жаздық дақылдар егілмек. Оның 140 499 гектары дәнді дақылдар десек, соның ішінде 131 мың 199 гектары бидай, 8 мың 800 гектары арпа, 500 гектары сұлы. Майлы дақылдардан 4 мың 784 гектар зығыр егілмек. 1245 гектарға мал азықтық дақылдар – 1020 гектар көпжылдық, 225 гектар біржылдық шөптер өсірілмек. 54,7 гектар жерге картоп, 2,8 гектарға көкөніс отырғызылмақ. Өткен жылмен салыстырар болсақ, дәнді дақылдар егу көлемі 2000 гектарға арытпақшы.
Жалпы, көктемгі егіс науқанына дайындық жоспарлы түрде, уақытымен жүргізілді. Қар тоқтату жұмыстары ойдағыдай өтті. 10 мың тонна тұқым құйылды. Жанар-жағар май жинақталды. Қаңтар, ақпан айларында 230 миллион теңгеге 4 трактор сатылып алынды.
Биылғы егін себу науқанына 85 «К-700», Джон Дир, Бюллер, Кейс, Челенджер, Нью-Холанд сияқты 18 өнімділігі жоғары кешендер, тағы басқа тұқым себу, культиватор, аршығыш, әртүрлі маркалы тырмалар қатыстырылмақшы.
Міне, біз көктемгі егіс науқанына осындай тиісті дайындықпен келіп отырмыз. Әрқайсымыз өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, әр күнді тиімді пайдаланып, бел шешпей жұмыс атқарар болсақ, науқан дер кезінде әрі сапалы өтеді деп сенеміз. Ауыл шаруашылығы саласының тәжірибелі мамандары алдағы жұмысқа дайын.
Құсайын ЖҰМАШЕВ,
Қорғалжын аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.