Тұрғындардың өтініш-тілектері ескерілетін болды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өз өтініштері бойынша өңір тұрғындарын қабылдап, оларды толғандырған мәселелерге назар аударды.

Бұл жолы қабылдауға 7 адам тіркеліпті. Өңір басшысына облыс орталығының «Сарыарқа» шағын ауданында тұратын Динара Баязитова өзінің 2011 жылы туған немере інісі Әскербек Әділетке дәрігерлердің ауыр науқасы бар екендігі жөнінде диагноз қойғандығын,  баланың 2022 жылдың басынан бері Түркия медициналық  мекемесінде екендігін, оны әрі қарай емдеу үшін 100 миллион теңге көлемінде қаражат қажеттігін айтып, көмек сұрады. Өзі талаптанып ізденгенімен, бұл әрекетінен ештеңе шығара алмапты.

Ермек Маржықпаев мұндай қомақты қаражатты бөлуді өтініп, «Қазақстан халқына» қорына хабарласатынын, сондай-ақ, бизнес қауымдастығына да қолқа салатынын айтты.

Көп балалы ана Әсем Шауәлиева 2008 жылы туған ұлы Ерқанаттың мүгедектігі, оған емдеуші дәрігері дұрыс диагноз қоймады деп ойлайтынын, соның салдарынан баласына ота жасалып, оң қолынан айырылғандығын, тұрмыс қиындығын, сондай қажеттіліктерден жиі несиелер алуға мәжбір болғандығын жеткізіп, көмек сұрады. Бұл несиелерді ай сайын төлеу керек. Әкім көпбалалы, мұқтаж анаға көмек берілетінін және меценаттар арқылы да жәрдем болатынына сенетінін айтты.

«Шатхабар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры «Восточная сказка» деп аталатын өзі өндіретін бал өнімі өндірісін дамытуға, сондай-ақ, оның сатылымына қолдау көрсетуін сұрап, өнімнің сапасынан хабардар етті. Оны тыңдаған өңір басшысы кәсіпкерге көмектесіп, жұмысын жолға қою туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тапсырма берді.

Ал, екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алып, гисар тұқымдас еттік бағыттағы қой өсіргісі келген Батырхан Ерназаров болса, өткен жылдан бері «Қолдау» жүйесі арқылы грантқа ие бола алмай жүр екен. Ол әкімді өз идеясымен таныстырып, оның тиімділігін әңгімелеп берді. Ермек Маржықпаев бұл мәселе бойынша да көмек болатынын айтып, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына кәсіпкердің не себепті грант ала алмай жүргенін анықтап, қажетті құжаттарын дұрыс рәсімдеп, көмектесуді тапсырды.

Сөйтіп, облыс басшысының қабылдауына келген әр тұрғынның өтініш-тілегі ескерусіз қалмайтын болды.

                                                                 Серік САПАРҰЛЫ,

                                                       «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттіерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар