Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыраалмауда 

«Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалының мониторинг тобы облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасымен, сондай-ақ, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығымен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы бірнеше мекеменің мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына кедергісіз жағдай жасауы жөнінде тексеріс жүргізді.

Партияның «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы аясында Көкшетау қаласында 25 нысандықосымша ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жүріп-тұруларына жағдай жасауға бейімдеу жоспарланған. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандардың шектеусіз өмір сүруі мен транспорттық инфрақұрылымдарға толық қолжетімділігін қамтумемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада 4 нысан осыған толығымен бейімделген және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мониторингтік топ осы нысандардың кембағал жандарға шынымен де бейімделгендігін көзбен көріп, тексерді. Бірақ, әлі де толықтыруларды қажет ететін кемшін тұстар молынан анықталды. Сөйтіп, анықталған  осы кемшіліктерді жақын арада қалыпқа келтіру жөнінде ұйғарымдар шығарылды.

Сонымен, тексеру тобы алдымен Мәлік Ғабдуллин музейінде болды.Арбамен қозғалатын мүгедек жанға біреудің көмегінсіз музейге кіріп, экскурсияға қатысу мүмкін емес екен. Баспалдақтың жанында көтергіш платформа орнатылған, бірақ, қоңырау түймесі жұмыс істемесе, оны қалай пайдалануға болады? «Шанс» орталығының төрағасы Василий Шиманскийдің өзі арбамен өтіп, тексеріп көрді. Оның айтуынша, қоңырау түймесі қосылса да, ол мүгедек адамның ішке кіруіне толық мүмкіндік бермейді.

–Платформа өте көлбеу, қатты қисайтылып орнатылған, әрі ұстауға мүмкіндік беретін жақтаулары жоқ. Бұдан музейге келген мүмкіндігі шектеулі адам құлап, одан сайын бір жерін жарақаттап алады. Мен мұнда арбамен көтеріле алмаймын, сырғып түсіп, құлап кетемін. Орнатылған жабдықтар пайдасыз, –деді қоғам белсендісі Василий Шиманский.

Сонымен бірге, бұл жерде платформаның сыйымдылығы мен қаншалықты салмақты көтере алатындығы жазылмаған. Ғимараттың ішінде де осындай заң бұзушылықтар орын алды. Мысалы, әжетханадағы қоңырау түймесі еденнен 1 метр алшақ аралықта орнатылған, ережеге сәйкес ол 40 сантиметрден 60 сантиметрге дейінболуы тиіс. Сондай-ақ, көзі нашар көретіндерге арналған мнемосызба да дұрыс орнатылмаған.

Тексеру тобының назарына іліккен нысанның бірі –Көкшетау жоғары медициналық колледжі.  Шын мәнінде, нысан толығымен бейімделген, бірақ, екінші қабаттан әрі қарай мүгедектер арбасымен көтерілу мүмкін емес. Ғимараткеңес кезеңіндегі жоспармен салынғандықтан, мұнда лифторнатуға келмейді. Бірақ,оқу орнының әкімшілігі колледжде мүгедектер  арбасымен жүретін студенттердің жоқтығын және алдағы уақытта да болмайтынын айтып сендірді. Бұл жағы, шынымен де логикаға қонымды.

Осындай жағдай Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде де қайталанды. Тексеру тобы бас сұққан соңғы нысан – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жатақханасы. Мұнда баспалдақ жанынан арбамен көтерілуге арналған ұсталуға ыңғайлы сүйеу-жақтаулары бар платформа салыныпты. Алайда, ол да істен шыққан.

–Біріншіден, маңайындағы жер бедері ойқыш-ұйқыш, сондықтан, баспалдаққа жету қиын екен. Платформа дұрыс орнатылмаған және нашар бекітілген, – деді Василий Шиманский.

Тексеріс нәтижесінде барлық нысандарға ғимараттарын бейімдеу бойынша көптеген ұсыныстар айтылып, ұйғарымдар шығарылды. Олар өз кезегінде барлық кемшіліктерді тез арада түзететіндіктеріне уәде берді. Биылғы жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 25 нысанын бейімдеу жоспарлануда. Бірақ, бұл жағдайдағы ең үлкен проблема – нысандар көбінесе адамдар үшін емес, арнайы тексерулер мен комиссияларды сәтті өтуге бейімделеді. Осы жолғыдай олар да пандустар, платформалар, дабыл түймелерін орнатады, ал,іс жүзінде оларкейін тағы  пайдасыз деп танылады. Сонда қаржы не үшін шашылады?!.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар