Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Міржақып – ұлт тарихының жоқшысы - АРҚА АЖАРЫ

Міржақып – ұлт тарихының жоқшысы

Міржақып Дулатұлы көрнекті қазақ көсемсөзшісі, ұлт журналистикасының теоретигі. Сол арқылы ол артына өлшеусіз мұра қалдырды. Оның кезінде «Қазақ» газетінде жарық көрген танымдық материалдары, сөз жоқ, қазақ халқының өткенін бағамдайтын, еске салатын, ескермейтін дүниелер еді. Міржақып – көсемсөзшілік талантының арқасында Ахмет ұйымдастырған «Қазақ» газетінің беттерінде туған халқына көп қызмет атқарып үлгерді.

Ахмет бастамасымен Міржақып «Қазақ» газеті редакциясы жанынан «Азамат» атты әдеби-баспагерлік серіктік құрды. Міржақыптың ойынша «Қазақ» газеті қазақ жастарын тәрбиелейтін мектеп болуға тиіс еді. Сол үшін ол газет беттерінде қазақ және басқа халықтардың көрнекті азаматтарының әдеби және тарихи бейнелерін жариялап отырды.

Ұлы адамдардың ғұмырнамасын жасаудағы мақсатын Міржақып «Әркім өзі шыққан төбесі биік болғанын тілейді» дегендей, мәдени жұрттар өздерінің бас адамын көркейтіп, басқа халықтарға таныту үшін һәм өздері мәңгіге ұмытпас үшін дәрежесін көтереді» деп түсіндіреді. Халықтың рухын көтерудің, жастарды елжандылыққа баулудың тура жолы осы деп білді. Міржақып осындай мақсаттар негізінде қазақ әдебиетінде алғаш рет  Ахмет Иассауидан бастап, Ахмет Байтұрсынұлына дейінгі көрнекті тұлғалардың әдеби және тарихи бейнелерін жасады.

Қожа Ахмет Иассауи мұсылман тарихы мен түрік әлемінде белгілі із қалдырған, софылық ілім мен софылық поэзияны қазақ топырағына тұңғыш әкелген тұлға еді. ХІІ ғасырдағы А.Иассауидің шығармашылығына көптеген шығыстанушылар назар аударды, тіпті ол туралы 1918 жылы алғаш рет түркиялық ғалым Фуада Көпірлі Заде кітап та басып шығарды.

Шығыстың көрнекті ақыны жөнінде қазақта бірінші рет қалам тартқан адам Ш.Уәлиханов. Дегенмен, Қожа Ахмет Иассаудің күллі ерекшеліктерін, оның құрметіне Ұлы Әмір Темірдің мешіт салдырғаны жайлы Міржақып кең көлемде жазып, 1913 жылы «Қазақ» газетінде ол туралы «Әзірет Сұлтан» деген мақала жариялады. Мұндағы мақсаты – Қожа Ахмет Иассауидің исі қазақтың мақтанышы екенін дәлелдеу, оның өмірі қазақтар үшін ұлы адамгершілік идеяларымен пайғамбарлық деңгейге көтерілгенін көрсету және кемел білімін келешектің игілігіне жұмсау еді.

Хан Абылай жайлы толғағанда да Міржақыптың негізгі ойы, халық жүрегінен биік орын алған айбарлы да абыройлы тұлғаның жарқын істерін үлгі ету арқылы жастардың рухын түлету еді.

Сондықтанда, ол мақаласында әйгілі қазақ ханын әрі жаужүрек баһадүрін,XVII ғасырдағы қазақ мемлекетін басқарған, көрегендік саясаты негізінде Ресей және Қытай империясының арасында бейбіт келісім жасап, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген тұлғаның тарихи келбетін емес, аңызға айналған қолбасының, ержүрек ғажайып қасиетті жанның образын сомдады. Мақаладан үзінді келтірсек: «Қазақтың қайратына көзі жетіп, топтан бөлініп, оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай! Абылай!» деп ұран шақырып, жалғыз өзі кірген де кеткен. Бақыт жұлдызы жанайын деп тұрған шағы! Атқан оқ, шапқан қылыштан Алла сақтап, кірген жерін есік, шыққан жерін тесік қылып, қалмақтың қамалын бұзып, жылқыны дүркіретіп қуа бастағанда,  қазақтың батырлары да қайраттанып, қоса шауып, қалмақты қызыл ала қан қылып, шаш-етектен олжаға байып қайтады».

Ал, осы жолдан не байқауға болады? Қашаннан ауыз әдебиетімен ауызданып, хатқа түскенге емес, жүрегінде жатталған аңыз-әпсанаға жақын қазақ халқының тілімен сөйлеген Міржақып, қалай да  жұртты өзіне тарта білген, соның жолын іздеген!

«Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» деген тақырыппен 1914 жылы «Қазақ» шазетінде бір топ мақалалар жариялаған Міржақып, қазақ әдебиетінде алғаш рет ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші болды. Оның Шоқанды түбегейлі зерттеп, таңдап алуының өзі кездейсоқтық емес.

Бұл зерттеулерінде Міржақып өзегі өртене тұрып былай деп жазады: «Шоқанның кім екенін көп қазақтың білмеу себебі – оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ қылышынан қан тамған батыр  немесе бай болмаса, ғалым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді. Бірақ, заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, әдебиеті гүлдене бастаған кезде, естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзін қайта тірілтіп, кім екендігін білдірмей қоймайды. Міне, қазақ үшін сол дәуір елу жыл дегенде туып отыр».

Міржақып алғаш рет қазақ әдебиеті тарихында Шоқанның өз ұлтының адал перзенті екенін, өз халқы мен жерін зерттеудегі елеулі еңбегі жайында айтты. «Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтіру,  қазақ халқының тұрмысын, рәсімін, тарихын анықтау жолында болған» деп жазды.

Абай Құнанбайұлы жайлы алғаш мақала жазған қазақ зиялыларының бірі де Міржақып. Қазақ демократиялық әдебиетінің тууы Абай есімімен тікелей байланысты екенін де алғаш айтқан адам Міржақып.

Рас, Абай шығармашылығы біраз уақыт қарапайым халыққа бірден түсінікті болып кете алмады. Бұл жайында Міржақып 1914 жылы Орынборда өткен ақынның қайтыс болғанына он жыл өткендігі жайлы жиналыста өкінішпен атап өтті. «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі, қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқтығынан. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Сондықтан, Абайдың атын жоғалту. Мұнан кейін де шығатын да Абайлар сондай ескерусіз ұмытылуы ықтимал, қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың жоғалуымен бірдей.Әдебиетіміздің негізінде қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол» деген сөзін бүгінде әр ұрпақ білуге міндетті дүние екеніне дау болмаса керек?!

Міне, Міржақыптың осы «зәредей шүбһә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ, біздің рухымыз сезер, қуанар…» деп толғанады.

Міржақып жерлесі, досы әрі қазақ халқының бостандығы жолындағы күрестегі серігі Ахмет Байтұрсынов туралы да мол мағлұмат қалдырған көсемсөзші. Міржақыптың Ахаң туралы мақаласы әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер Міржақып мақаласына соқпай өте алмайды. Бұл заңды да. Ол өзінің зерттеуінде Ахаң бейнесін саяси қайраткер ретінде және Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің үлкен ұйымдастырушысы етіп толығымен көрсете алды, қазақ демократиялық әдебиетінің тууын айта келіп, оның жаршысы Ахмет Байтұрсынұлы деп білді. Ахаң бейнесін жасауда автор оқырман назарын ақынның азаматтық ажарына аударады. «Ахмет Байтұрсынұлы халықтың ақыны. Оның шығармашылық ісі қазақ тілінде Крыловтың мысалдарын аударудан басталды. Өзінің барлық ғұмырын, қазақ халқының мәдениетін, білімін көрсетуге арнаған адам болғандықтан, оның басты мұраты осы жерде де айқын көрінеді. Ол – күрескер ақын» деп  әділ де айқын баға берді.

Міне, осы көрсетілген аз ғана  мысалдардың өзі Міржақып Дулатұлының ұлт тарихының ізін аршыған кемеңгер болғанын көрсетпей ме?! Черчилл: «тарих жоқ, тек оны жасаушы тұлғалар ғана бар» депті. Міржақып осы тұлғалар жайлы жазу арқылы ақпар, мәлімет беріп қана қойған жоқ, соларға байланысты тарихи оқиғаларды да қамтып кетті.

Сөз соңында айтарымыз, ғұмырын халықтың азаттығы жолында құрбан еткен Міржақып Дулатұлы сыртқы жаумен ғана емес, ішкі жаулармен –қараңғылықпен, артта қалушылықпенаяусыз күресті. Басқыншылардың әскери күшіне өнер күшін, өнер құдіретін қарсы қоя отырып күресуді қолдады, ұлтты сақтап қалудың жолы ретінде көсемсіздің қуатын пайдаланды. «Бостандықтан айырылған әрбір халықта тек әдебиет өзінің ашынуы мен ар-ождан даусынан жар салатын бірден-бір мінбе болып табылады» деген Герценнің сөздерін шамшырақ етіп алған Міржақыптың қай туындысынан да ұлт қамын ойлаған азаматтың жан-айқайын естисің.

Жиырмасыншы жылдары Міржақып алғаш рет қазақ әдебиеттануындағы екі томдық библиографиялық көрсеткіш жасады. Өз қаламынан ол ұлы  адамдар өмірбаянына қоса, кітаптардың да санын алып хатқа түсірді. Оның ауыр да азапты еңбегі қазақ академиялық ғылымында әлі де өз бағасын алады деп есептейміз.Осы орайда, қазақтың ұлы азамат ақыны, көсемсөз шебері жайлы айтқан Мағжанның бір ауыз өлеңін қайталағанды жөн көрдік.

Келешек күнде қағазға,

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда,

Көрсе жазған хатыңды.

Мариям АЙТАНҚЫЗЫ,

№2 Қоянды орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

филология магистрі.

Целиноград ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар