Күні кеше облыс орталығындағы «Bolashaq» сарайында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Студенттік көктем-2022» облыстық фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті.
Өңіріміздегі студент жастардың мәдени әлеуетін сақтау және арттыру, олардың бойындағы азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, патриоттық сезімді, көшбасшылық, адами абзал қасиеттерді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жастар көптеп жиналды. Салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев сөз сөйлеп, жалынды жастарға жылы лебізін білдірді.
Жиынға Көкшетау қаласынан М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары, Ш.Уәлиханов атындағы және А.Мырзахметов атындағы университеттердің, жоғары техникалық, медициналық, Біржан сал атындағы музыкалық, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық, Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледждерінің, жалпы 17 техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттері қатысты.
Фестивальдің конкурстық бағдарламасы вокалдық, театрлық-зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және әскери-патриоттық бағыттарды қамтиды. Тарқатып айтар болсақ, «Cover-нұсқа», «Не? Қайда? Қашан?», «STUD VESNA-2022» аруы, «Үздік мобилограф», «Толық бөлшектеу-ММГ АК-74 құрастыру», «Дүкен жабдықтары» және «Пневматикалық винтовкадан ату, №8 нысана» сияқты номинациялардан тұрады. Фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр номинациясы бойынша қазылар алқасы құрылып, оның құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітеді.
Фестивальдің жабылуы ағымдағы жылдың 22 сәуірінде «STUD VESNA-2022» аруы театрлық-зияткерлік байқаумен қорытындыланатын болады. Фестиваль лауреаттары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.