Жарайсың, Ибрагим!

Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжі қазақ халық аспаптары бөлімшесінің 4 курс студенті Ибрагим Есмұханов Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде музыкалық-теориялық пәндер бойынша өткен VІ-шы  халықаралық байқауға қатысып, «Этносольфеджио» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Биылғы байқауда алғашқы рет «Этносольфеджио» номинациясы бойынша домбырашы-студенттер, сондай-ақ, еліміздегі музыкалық колледждерінің теориялық бөлімдерінің студенттері өз білімдерін сарапқа салды. Байқау онлайн форматта, екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар берілген тақырыпқа сәйкес өздері шығарған күйлерді орындаса, екінші кезеңде домбыра тартудан бақ сынасты.

Байқаудың салтанатты ашылуында қазылар алқасының мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айгүл Байбек «Этносольфеджио – бұл қарапайым пән емес, бұл идеология» деп атап өткеніндей төл өнерді жан жүрегімен сезініп, сол мөлдір әуезді өлмес құндылыққа балайтын жас ұрпақтың қатары арта түскені қуантады. Осы орайда, аталмыш колледжде дәстүрлі еуропалық сольфеджио сияқты Қазақстан үшін салыстырмалы түрде жаңа, бірақ, өте маңызды және перспективалы пән – этносольфеджио пәні жүйелі оқытылып жатқандығын атап өтуіміз керек.  Колледждің білікті оқытушыларынан дәріс алып жүрген жастар өнер биігінен көрінуде. Ибрагим осының айқын айғағы.

Елордада өткен өнер додасында Ибрагим екі турда да жақсы өнер көрсетіп, жүлделі  бірінші орынға ие болды. Осы орайда, жас өнерпазды өнерге жетелеп, білім нәрімен сусындатып жүрген білікті педагог-зерттеуші Р.К.Жұманованың еңбегі орасан. Ибрагимдей талантты шәкіртті тәрбиелеп, осы додаға қосқаны үшін ұстазы да аталған университеттің Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар