Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елдің аты – тарихтың хаты - АРҚА АЖАРЫ

Елдің аты – тарихтың хаты

Көкпар сынды әрі тарт та бері тартпен келе жатқан мемлекеттік тіліміздің барометр секілді бір қозғалысын аңғартатын маңызды тұсы – әрине, ономастикамыздың жайы. 1989 жылы ең алғаш «Тіл туралы» Заң қабылданып, 1993 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Ата Заңымызда бекітілгелі біздің өңірімізде де жер-су, елді мекендер мен көшелерді қазақшалау, оларға өз тарихи атауларын қайтару тұрғысында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мұны сірә, қайталап жатудың қажеті жоқ.

Дегенмен, барды бар деп айтсақ та, оның әр жағынан, осы уақытқа дейін біз нақты жемісін күткен соң, әртүрлі түйткілді мәселелер де қылтияды. 2004 жылы біз белгілі фототілші Совет Мағзұмов ағамыз екеуіміз Бұланды ауданына іссапарға шықтық. Автовокзалда Макинск – Колоколовка – Прохоровка – Белоцерковка – Купчановка – Вознесенка – Ивановка – Капитоновка – Новодонецкое – Ярославка – Журавлевка – Воробьевка – Острогорка – Красноводск маршруты бойынша жазға қарай автобус қатынасы ашылатыны туралы хабарландыру ілінген екен. Осыны сол кезде қанымыз қарайып, әдейі қағазға жазып алдық. Оқығанның өзінде тілің сынады, заманында жергілікті халыққа деген құрмет, ибаны белден басып, өз бетінше қойып алған кілең бір орысша атаулар.

Бір өкініштісі, қазір барсаңыз да, бұл атаулар негізінен, сол күйінде тұр. Мысалы, сол Макинскінің ескі атауы Аютөбе, Вознесенканың Үлкен Қайрақты, Новодонецкоеның Тереңөзек, Журавлевканың Қамыс екендігі белгілі болғалы қашан. Соған қарамастан, бұл елді мекендерде көңіл көншитін өзгерістер құлағымызға да, көзімізге де шалына қоймапты. Бұл бұрынғыдан бір мысал болса, енді бертін Омбы жақтан осы Көкшетау қаласына кіретін жолда «Берлик» деген атауды оқитын болдық. Сонда көңілге келетін ой, әлі күнге осындай қателерге қалай жол берудеміз?! Сол «Бірлік» шағын ауданының атауы орысша тым болмаса, «Бирлик» деген сөзбен тұрса, не бұл атау бір ғана мемлекеттік тілде жазылса, сонда оны басқалар оқи алмай ма?!.

Бұл да біздің ономастика мәселесінде елді мекен, көше атауларын бір ізге түсіре алмай келе жатқан қиғаштықтарымыз. Осы жағын түзетсек, яғни, елді мекен, көше атауларын талапқа сай дұрыс жазу мәселесін біржола шешсек, әлі күнге етектен тартқан бір кемшіліктен арылған болар едік.

Соңғы жылдары жасыратыны жоқ, облыстық ономастикалық комиссияның мәжілісі сирек өтетін болды. Оған себеп жер-су, көше атауларын өзгертуге жоғары жақтан мораторийдің жиі жариялануы. Осы жағы да жұмыс барысын тежеген соң, бұл маңызды мәселе әр кезде бірдей тұрақты назарда ұстала бермейді, қарайтын мәселелер кешеуілдеп, айдан айға, жылдан жылға созыла береді. Ал, мұның бәрінің кезінде кең етек алған орысша атаулардан бұлай баяу емес, тезірек арылуға тигізетін кері әсері аз емес. Осыған орай, біздің қалайтынымыз, енді мораторий жарияланбай, бір кезде орынсыз бұрмаланған тарихи әділдікті қайта қалпына келтіруге, яғни, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалай түсуге кеңірек мүмкіндік берілуі. Қазір мораторийдің тоқтатылуымен, әлі жұмысы ұшан-теңіз бұл үдерістің жылдам күш алуынан үміттіміз.

Осы арада жалпы, қазіргі облыстық ономастикалық комиссияның құрамына ел-жер мәселесін жақсы түсінетін, ұлт мүддесі үшін айтарын айта алатын, осыған араша да түсе алатын азаматтардың тартыла түскенін айта кетуіміз керек. Өзіміз бұған дейін көріп-біліп жүрген комиссияның әр отырысы тиісті белсенділікпен, тіпті, қажет болса, белгілі бір пікір таласымен, пікір алуандылығымен өтуі соның айғағы. Ортақ мүддеге сай келмей жатса, жергілікті жерлерден келіп түскен құжаттардың немесе жаңа елді мекен, көше атауларының қайтарылатын тұстары да аз емес. Мұның өзі солай болуы керек те. Бұл атауларды тәуелсіздік талаптарына сай бір ізге келтіру, ұлттық үрдіске, тарихи негізге қарай бұру бүгінгі қазақ, сонымен бірге, келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.

Бүгін-ертең «мына елді мекен мен мына көшенің атауы неге бұлай?» деген сияқты түсінбестіктер орын алмауы үшін әр көшенің атын шама келгенше кең ойлап шешу бәріміздің де ортақ парызымыз болуы керек. Мұны айтып отырған себебіміз, облыс орталығы Көкшетау қаласында осы тәуелсіздіктің бастапқы жылдары патшаның озбыр генерал-губернаторы Петр Капцевичке қаланың негізін қалады-мыс деп жаңсақтықпен беріп қойған көше атауын бертінде ғана әзер қайтардық емес пе?!

Сондықтан елді мекен, көше атауы дегеніміз, ең алдымен, ел-жер тарихы, осы дала, осы қаланың кешегісі мен бүгіні, шежіресі мен сипаты. Сол себепті де облыстық ономастикалық комиссия мүшелері арғы жылдың қазан айында өткен соңғы отырысының өзінде аудандардан қазақшалауға келіп түскен 42 көше атауының 13-ін бекітпей, қайта қарауға кері қайтарып жіберді.

Өйткені, жергілікті жерлердегі жауапты адамдардың «осы жарайды», «осылай бола берсін» деп білген Көкмайса, Нұрлы, жасыратыны жоқ, интернационалдық әсіре, сәнге айналып кеткен, соған орай, қатар тұрған екі қазақ ауылының өзінде жыпырлай қайталанып жатқан Достық  сияқты көше атаулары ол көшеге толықтай мән-мәніс болып, атау болып жарыта ма? Көкмайса көшесі, Нұрлы көшесі деп қалай жүрерсіз?..

Мұндай жалпылама атаулар ономастика мәселесіне соңғы жылдары келген жаңаша бір көзқарас десек болады. Көшелерге кісі аттарынан гөрі белгілі бір ұғымды білдіретін жалпы атауларды беру пәрмені жоғары жақтан осы соңғы үш-төрт жылдың аясында түсе бастады. Қазір облысымызда біз қалаған белгілі бір тұлғалардың есімдерін емес, осындай жаңаша атауларды иеленген көшелер бірталай.

Осы орайда, әр жолы көңіл қынжылтатыны, жергілікті жерлердегі осы іске бас-көз болып жүрген кей жауапты адамдардың өзгертілетін көше атауларына, оның белгілі бір мән-маңызы болуына әркезде бірдей жеткілікті мән бермейтіндіктері. Содан барып көше атауларын таңдаудағы жеңіл-желпілілік, қарабайырлылық пен қайталаушылық көзге бірден ұрып тұрады. Ономастикалық комиссия мүшелері жиі тап болатын мұндай жағдайлар әрине, тұтастай тіл мәселесі сияқты, ономастика жұмысына да берік тізгін, терең пайым керек екендігін айқын аңғарта түседі.

Мұндайда кейде «тұрғындардың өздері солай шешті», «басқа ұлт өкілдері көнбей қойды» деген уәждерге де не айтуға болар еді?! Біздіңше, бар мәселе  – осы іске жауапкершілікпен, одан да дәлірек айтсақ, жанашырлықпен қарауда, таңдалған белгілі бір атаудың сол елді мекен, не көшенің үдесіне дөп келуін ойлауда жатса керек.

Тағы бір екі ұдай ойға жетелейтін мәселе, кейінгі кезде  көшелерге есімдері берілетін танымал тұлғалардың тізімін де естіп-білуімізше, Президент Әкімшілігі өзі ұсынатын болды. Осылайша соңғы жылдардың бедерінде облысымыздың елді мекендеріндегі біраз көшелер Әлихан Бөкейханов, Ыбырай Алтынсарин, Хамит Ерғалиев, Кәукен Кенжетаев сияқты ұлт ардақтыларының атын иеленді. Рас, бұл орайда, облыс орталығының бір көшесіне де көптен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі сұранып тұрғаны айдан анық еді.

Ал, енді екі ұдай сезім дейтініміз, бұлай жоғарыдан шешкен жағдайда осы топырақтан шыққан жергілікті тұлғаларға көше беру, соларды елеп-ескеру қиындай түскені байқалуда. Дегенмен, қалай болғанда да тарызының екі басын тең ұстап, өзіміздің елді мекен, көшеге атын беруге лайық асылдарымызды естен шығармау да – бүгінгі күннің бір талабы. Өткенде бір Шымкент қаласында болғанымызда, өзіміз бұрыннан білетін Агропром көшесі Құралов көшесіне айналыпты. Сұрастырып көрсек, сол жердің елге еңбегі сіңген белгілі азаматы екен.

Бізде де әлі күнге ескерілмей келе жатқан мұндай тұлғалар баршылық. Осыны ойлағанда, соңғы жылдары облыс орталығында орысша аталып келген көшелерді қазақшаландыруда үлкен бетбұрыс жасалғандай көрінеді. Демек, ономастика мәселесінде міндет те қаншалықты айқын болса, нәтиже де бірсыдырғы бар деуімізге болады. Ал, бұл бір есептен, осы тәуелсіздік жылдарындағы атқарушы және өкілетті органдардың, тіл басқармасы мен қазіргі бөлімінің жүйелі жұмысының нәтижесі. Елді мекен, көше аттары түзу болса, көшіміздің де түзу болғаны. Ендеше, өңіріміздегі ономастика мәселесі бәрімізден бір күн де естен шығарылмауын қажет етеді.

Қазақ жері толған тарих. Соны зерттеп, ең нақтысын айырып алуымыз керек. Мысалы, осы күнгі Қорғалжын туралы кей пайымдарда Қорғалжын емес, «Қорған жер» деген уәж келтіріледі. Жергілікті өлкетанушы-қаламгер, марқұм Айдос Әбутәліпов ағамыз өзінің «Сексен серпін» деген кітабында кейбір дәлелденген тарихи атаулардың өзгертілген елді мекен атауларына пайдаланылмағанына өкінішін білдіреді. Ол кісінің өзі  көзі тірісінде Қошқарбай өзенін Шора өзені деп кеткені, әрі бұл атаудың архивтегі картадан табылғаны да белгілі.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,

Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі.               

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар