Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берері мол пайдалы семинар - АРҚА АЖАРЫ

Берері мол пайдалы семинар

Таяуда Көкшетау қаласындағы облыстық қан орталығының конференц-залында  «AQNIET» кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен семинар болып өтті. Семинар жұмысына «AQNIET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының заңгерлері, экономистері, есепшілері және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары  сондай-ақ, кәсіподақ мүшелігіне қарамастан, 20 медициналық ұйымның өкілдері қатысты.  

Жиынды Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде «AQNIET» кәсіподағына қарасты сала қызметкерлерінің мүдделерін және медициналық ұйымдардың қызметін ілгерілетудегі, оның ішінде денсаулық сақтау қызметкерлерін әлеуметтік қорғау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері, өндірісте қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау жөніндегі рөліне баса назар аударды. Кәсіподақтың азаматтық қоғам алдындағы ашықтығы, айқындығы жайлы мол мағлұмат ұсынды.

Негізгі баяндаманы еңбек және әлеуметтік құқық орталығының жетекшісі, Қазақ гуманитарлық заң университетінің  профессор ассистенті, заңтану бойынша PhD философия докторы Мүсілім Хасенов жасады. Дәріскер тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі, жауапкершілік түрлері, жұмыстан босату мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, еңбек даулары бойынша сот тәжірибесінің мәселелерін ортаға салды.

Жасырары жоқ, көп жағдайда қарапайым сала қызметкерлері өздерінің құқықтарын толық білмейді. Осыған байланысты аудиториямен сұхбат жүргізілді, медициналық ұйымдардың қызметкерлері өздеріне қатысты көптеген сұрақтар қойды, оларға сала мамандары тисті әрі толық жауаптар берді.  

Қазақстан Респуликасының денсаулық сақтау саласындағы еңбекақы төлеу мәселелері бойынша кәсіподақтың орталық кеңесі аппаратының бас маманы Руслан Тілеубергенов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында медицина қызметкерлеріне Еңбек кодексіне сәйкес негізгі жалақыға қосымша ақы төлеу мәселесін тарқатып айтып берді. Тақырып аудитория тарапынан қызығушылық тудырып, қатысушылар қойған практикалық сұрақтарға толық жауап берілді.

Кәсіподақ орталық кеңес аппаратының заң бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Бүркібаев та  бүгінгі күннің өзекті мәселесі бойынша сөз қозғады. Ұжымдық шарттарды әзірлеу, оның қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынастағы маңызы, ұжымдық шарттың құқықтық мәртебесі туралы ақпарат көпшілікке ой салды. Сонымен қатар, «AQNIET» кәсіподағының ауқымды жобасы – медициналық адвокат қызметі туралы толық ақпарат берілді.

Жиын соңында «AQNIET» кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Қасымжан Тәшметов семинарға қатысушы лекторлар мен медицина қызметкерлеріне қызықты әрі мазмұнды баяндамалары мен толымды ойлары үшін алғыс білдірді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар