Шағын және орта бизнестің мәселелері талқыланды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облысымызда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен кездесіп, шағын және орта бизнес саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Тараптар мәселелердің кең ауқымын талқылады, соның ішінде проблемалық аспектілер де қозғалды. Бизнес-омбудсмен облыс әкімімен кездесу барысында жеке қабылдауында болған кәсіпкерлерден естіген бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Рустам Жүрсінов Қосшы қаласындағы жапсарлас құрылыстарға қатысты жағдай туралы айтып берді. Өз кезегінде өңір басшысы бұл мәселені жақын арада шешуге уәде берді.

Дәл осы күні облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың, Өңірлік кеңес мүшелерінің, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің, мемлекеттік органдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оның барысында өңірлік кәсіпкерлік палатасының (ӨКП) директоры Ерқанат Мұсылманбек кәсіпкерлік субъектілерін қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Ағымдағы жылдың І тоқсанында омбудсменнің өңірлік кеңсесіне бизнесті қорғау желісі бойынша 54 өтініш келіп түсті, оның 19-ы оң шешімін тапты, бұл бірінші  35 пайызын құрайды. Қорғалған сома 97 миллион теңгеден астам.

–Проблемалық салаларда әдеттегідей, жер қатынастары көш бастап тұр. Фермерлер үшін конкурстар, аукциондар өткізілгенімен, аудандар мен қалалардағы әкімдіктер жерді аукционсыз беруді жалғастыруда. Мұндай тәжірибені тоқтату қажет, нәтижесінде зардап шегетін сол баяғы кәсіпкерлер, ал, лауазымды тұлғалар тек тәртіптік жазаға тартылады», – деп атап өтті Ерқанат Мұсылманбек.

«Астана-Ойл «Мұнай үйі» ЖШС бас директорының орынбасары  Евгений Миргород жеңілдікпен шикізат бөлу, мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада сатуға арналған акциздер мөлшерлемелерінің артуы кезіндегі отандық өндірушілер тап болатын қиындықтар туралы айтып берді.

–Акциздер бойынша мәселе бүгін де қаралуда. Акциз – бұл жанама салық, сондықтан, есептеу немесе шегеру тәртібі қарастырылмаған, барлық елдерде, атап айтқанда, Ресейде де мұндай сұлбалар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда осындай кәсіпорындар көп, біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Алайда, Ұлттық экономика министрлігіне республика бойынша тұтастай талдау мен көріністі ұсыну қажет. Мәселені шешу белгілі бір уақытты алады, дегенмен, деректерді қазірден бастап беру қажет, Салық кодексіне өзгерістер енгізілгенге дейін осы мәселені шешіп алғанымыз жөн, – деп атап өтті бизнес-омбудсмен. Ол қолданыстағы заңнама шеңберінде Қаржы министрлігіне Салық кодексінің 590-бабына балаларды сауықтыру орталықтарына, санаторийлерге, демалыс үйлеріне және Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағындағы басқа да объектілерге қызмет көрсететін көлік құралдары туралы бөлім қосуды ұсынған Ақмола облысының туристік қауымдастығы төрағасы Қайрат Сұлтановтың өтініші бойынша ұсыныстар енгізуді сұрады. Осы нормаға сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан елді мекендерде тұрақты тұратын және саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар; табиғат қорғау ұйымдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кірген кезде төлеушілер болып табылмайды. Сонымен қатар, Қайрат Сұлтанов Салық кодексінің 591-бабына өзгерістер енгізуді ұсынды.

«Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын қосу қажет. Жазғы кезеңде демалыс және мереке күндері Нұр-Сұлтан-Щучинск жолының бір бөлігіне кіру үшін төлем өте үлкен соманы құрайды», – деп атап өтті спикер.

Рустам Жүрсінов «Строй Тех IC» ЖШС өкілі Гүлайым Есенованың өтінішін бақылауға алды, ол тапсырыс беруші көзделген шарттық міндеттемелерді орындамады деп шағымданды. Ал, тапсырыс беруші техникалық ақау салдарынан қосымша келісімді «Электрондық мемлекеттік сатып алулар» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінің порталы арқылы тіркей алмағанын алға тартқан.

–Бұл қазірдің өзінде жүйелік проблемаға айналды. Мен Қаржы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы болғандықтан, бұл мәселені біз жұмыс тәртібінде талқылаймыз, – деді бизнес-омбудсмен.

Сол күні Рустам Жүрсінов ЧК KAZROST Engineering Ltd, «Enki» ЖШС және «Асыл Арман» ЖШС өндірістік нысандарында болды.

«Казрост» компаниялар тобының («Ростсельмаштың» ресми дилері) бас директоры Михаил Абовянның айтуынша, қазіргі уақытта «Ростсельмаш комбайн зауыты» мен «Клевер» АҚ машина жинақтарын жеткізушілердің келісім-шарттық міндеттемелерінің бұзылу қаупі бар.

–Комбайндардың 700 дана машина жинағының 162-сі ғана жеткізілді, оның өзін екі ай күттік. Жоспарланған жылдық көлемге (2022 жылғы сәуір-желтоқсан) «Комбайн зауыты» ЖШҚ-дан жеткізілетін машина жиынтығының саны мен құны көрсетілген шарттық ерекшеліктер берілмеген», – деп өз сөзін толықтырды Михаил Абовян.

Қорытындылай келе, бизнес-омбудсмен жалпы өңірдегі бизнес ахуалы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар