Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке өнегесімен өрілген өмір - АРҚА АЖАРЫ

Әке өнегесімен өрілген өмір

Көп балалы үйде үлкенінің еңбекке ерте араласатыны белгілі. Ол өзінен кішілерге қамқор, ал, әке-шешеге көмекші болады. Қали да еңбекке ерте араласты. Тоғыздан жаңа асқан бала совхоздың егіс алқабына арамшөп жұлуға шықты. Міне, содан жылына бір жұмыс қосылып отырды. Қой бақты, шөп шапты…

Осының бәрі әке тәрбиесі, жасынан жұмысқа баулуы десек қателеспеспіз. Әкесі Манаш бұрынғы Көкшетау ауданы Қараөзек ауылының тумасы. Бірақ, ерте жетім қалып, тағдырдың тәлкегімен сол кездегі алғашқы шаруашылықтардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы, Красноармеец ауданындағы Киров атындағы совхоздың Трудовое бөлімшесінен бір-ақ шығады. Әкесі бал дәурен балалықтың тәтті дәмін татты ма, татпады ма, Қали оны білмейді. Әкесінің өз аузынан естігені өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басындатракторшылар курсын тәмамдап, ауылда алғашқылардың бірі болып осы техникаға отырғаны. Ерен еңбегі үшін 1940 жылы «Озат тракторшы» деген төсбелгі тағып, Москваға Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне жолдама алады.

Ұлы Отан соғысы басталысымен, Манаш өзінің ЧТЗ-60 тракторымен майданға аттанады. Сөйтіп, соғыстың басынан аяғына дейін болып, екі рет жараланып, 1946 жылы елге оралады. Майдандағы ерлігі ескерусіз қалмай,  «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады.

Соғыстан оралысымен Манаш Құлышұлы бейбіт өмірде қайтадан тракторға отырады. Әсіресе, ол күзде комбайнге отырғанды ұнататын және оны ұршықша үйіріп, егін орғанда көңілі көтеріліп, өзіне қанат біткендей сезінетін. 1950 жылдың орағы да сондай болды. 450 гектар алқаптың егінін орып, «Сталинец-6» комбайнының екі тіркемесімен 7 227 центнер астық жинап топжарады. Бұл соғыстан кейін жасаған еңбектегі ерлігі еді. Манаш Құлышұлының бұл ерен еңбегі ескеріліп, СССР Жоғарғы Советі Президиумын 1951 жылғы 22 тамыздағы Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

«Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы» дегендей, әке көріп, оқ жонған баласы Қали да туып-өскен Киров атындағы совхоздың Трудовое селосында комбайнға отырып, «Участник 10 целинного урожая» төсбелгісін тақты.Қали 1966-1968 жылдары Өзбекстандағы Қаған қаласында әскери міндетін абыроймен атқарып, әскерден келісімен машина руліне отырды. Жасынан жұмысқа араласып, шыныққан жігіт қай тапсырманы болсын, абыроймен атқарып, әрдайым озаттар қатарында болды. 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай  «Ерен еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталып, аудандық комсомол комитеті Болгарияға тегін туристік жолдама берді.Сол жолы Қара теңізге суға түсіп, «Алтын құм» жағажайында жатқаны әлі күнге ұмытылмақ емес…

Техника тілін жетік меңгерген Қалиды 1971 жылы жөндеуші-шебер жұмысына жібереді. Бұл жұмысты да жақсы атқарғаны ескеріліп, Москваға дем алуға жолдама және бір мәрте жолдама алды.1981 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.1995 жылы Қали Манашұлы шаруашылықтың трактор-егіс бригадасына бригадир, кейін сол өзінің Трудовое селосында бөлімше меңгерушісі болып жұмыс атқарды.Бұл күнде еңбек ардагері құрметті демалыста. Демалысқа шығысымен балалары Көкшетау қаласына көшіріп алған.

Үлгілі отағасыҚали Манашұлыжұбайы, Зеренді ауданындағы Қарашілік ауылының тумасы Сара Молдахметқызы екеуі елу жыл отасып, бес бала тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып, олардан немерелер сүйіп отыр.

Қыстың ызғары әлі кетпесе де, көктемнің алғашқы күні Көкшенің арайлап атқан таңын қарсы алып, Қалекең сыртқа шықты. Көңілі көтеріңкі. Кеше кешкілікте отбасында бір жақсы отырыс болып еді. Қали Манашұлы жетпіс бестің табалдырығын аттаған. Балалары, немерелері, етжақындары мерейтой иесін құттықтап, жол-жоралғысын жасаған болатын…

Біз де еңбек ардагері, әке абыройын асқақтатып, бүкіл саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған қарапайым еңбек адамына енді сексеннің сеңгірінен көрейік, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын демекпіз.

                                                                                     Совет БАЛТАБАЙ,

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары
басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 Суретте: Қали Манашұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар