Бұл күнде жаңа бір мерзімдік басылым жарық көрсе, өз басымыз елеңдеп қалатын болдық. Бұған рас, мән бермейтіндер де көп. Өйткені, бұрынғыдай емес, газет-журналдарға ықылас кеміді. Бәрі әлеуметтік желілерге ойысып, соны серік ететін болды.
Дегенмен, газеттің аты қашанда газет. Тасқа басылған соң ешқашан көнермейді. Кез-келген заман, уақыт тынысын іздеушілер сол мерзімдік басылымдардан табады. Өйткені, ол – тарих, дәуір шежіресі, мұрағат. Кезінде елімізде белгілі бір кәсіпорын-ұйымдар шығаратын шағын тиражды газеттер көп болды. Мәселен, сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары Көкшетау ауыл құрылысы тресінде екі тілде «Құрылысшы» газетінің шығып тұрғанын жақсы білеміз. Ал, сол тұста Алматы құрылыс комбинаты, мақта-мата комбинатында жарық көретін басылымдардың мыңдаған тиражы болатын.
Сондықтан, жуырда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңадан шыққан «Көкшетау Энерго жаршысы» газетінің алғашқы санын көріп ішіміз жылы сала берді. Ұлыстың ұлы күні – наурыз мейрамынан кейін іле-шала кәсіпорында екі осындай басылымның өмірге келуі серіктестіктің бас директоры Досымхан «лішұлы Аралбаевтың еңбегі екенін жазбай танығандаймыз. Себебі, бұл басшы мемлекеттік тілдің үлкен жанашыры, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа берік азамат. Сол қасиеті жаңа басылымның бірінші бетінен де анық көрінеді.
Аталған ұжым биыл халқымыздың жаңа жыл мейрамын ерекше өрлеумен қарсы алып, кең түрде атап өткен еді. Кәсіпорында еңбек озаттарына құрмет тақтасы ашылып, «Хош келдің, Наурызым!» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Оған қоса, дәмді көже де осы ұжым қыз-келіншектерінің қолынан шығып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған «Наурыз сәні – көже» байқауында топ жарған. Сондай-ақ, осы ортада 25 жылдан астам еселі еңбек еткен кәсіпорын еңбеккерлеріне «Көкшетау Энерго ардагері» атағы беріліп, ақшалай сертификат тапсыру рәсімі де осы Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған көрінеді.
Осы тартымды да жарасымды шаралардың бәрі жаңа басылымның беташар санында түрлі-түсті суреттер және мазмұнды мәтіндермен жан-жақты көрініс тауыпты. Сегіз беттік түрлі-түсті шығарылымның айқарма қос беті сондай-ақ, кәсіпорындағы бір электр монтері, бірі менеджері, бірі есеп маманы болып істейтін нәзік жанды қыз-келіншектердің ортақ іске қосып келе жатқан үлестеріне, демалыс уақыттары мен еңбек тыныстарына арналыпты. Қысқасы, осы басылым арқылы жайшылықта өзіміз көп біле бермейтін, көзімізге кейде тіпті, жабық кәсіпорындай көрінетін үлкен бір іргелі ұжымның қам-қарекетін әбден сезініп, түйсінуге болады.
Жалпы, «Көкшетау Энерго» ЖШС-ы Ақмола облысының, Көкшетау қаласы мен өзге де бірсыпыра аудандарына қоса, көршілес Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етуде, осыған қатысты бар шаруашылық ретін келтіруде уақыт талабына сай серпін танытып келе жатқан кәсіпорын. Екі айда бір рет шығатын газет жергілікті жерлердегі құрылымдарға да тарап, оларды ауқымы кең кәсіпорын тынысынан хабардар етіп отырмақшы. Алғашқы санының өзінде ондай материалдар баршылық. Соған орай, тізгініне серіктестіктің баспасөз хатшысы Еркін Сейітов ие бола түскен басылымға әманда жақсылық пен жаңалықтың жаршысы бол дейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.