Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 Отанын қорғаған ұлағатты ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

 Отанын қорғаған ұлағатты ұстаз

Аранын ашқан шақта қанды ауыздар,
Қорғанып аттың ба әлде жалмауыздан?!
Білмеймін, қайтып адам өлтіре алдың,
Үйіңде көрмеп едің мал бауыздап.

(Мұқағали Мақатаев).

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында халық ашаршылыққа ұшырағаны белгілі.  Сол кезеңде қазіргі Шұбаркөл көмір бассейні орналасқан жазық даланы, шөбі  мен жері шұрайлы өлкені де ашаршылық айналып өтпепті.  Өлмеудің қамын ойлаған тұрғындардың  көпшілігі  Ақмола жаққа  үдере  көшкен  ғой.  Солардың ішінде жайын төртуылдықтар да бар болыпты. Осы рудың белді  балаларының  бірі  Өшәбек  атамыздың  сегіз ұлының үлкені  Тоқсанбай бас болып,  Ақмоладан асып,  қалың орманды  қазіргі  Ақкөл ауданының  Амангелді ауылынан үш-төрт шақырым  жердегі  Қопа  қыстауына  ат басын тірепті. Ол кезде Амангелді  ауылы жоқ.  Жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың маған жазған хатында мынадай жолдар бар: «…Сенің үлкендерің Қопа ауылының кірмесі. Сенің тізімге жазған ағаларыңның бәрін білемін.  Алғашқы кезде жаппа тігіп жатты. Тоқсанбай ең үлкені, сөзшең еді…».

Сол Тоқсанбайдан кейінгісі Жексембай атамыз. Бұл атамыздың кіндігінен тараған Ырсалды, Дәметер апаларымыз және Балташ пен Жантас ағаларымыз. Әкелері сауатсыз болса да, отыз жетінші жылдың зобалаңында «халық жауы» деп жер аударып жібереді. Жетім қалған төртеуінің кішісі Жантас қайтыс болады. Қалғандары әкемнің қамқорлығында қалыпты. Өсіп жетілген кезде апаларымыз тұрмысқа шығып кетеді. Балташ (суретте) туралы Тоқсанбай баласы Бектемір ағамыздың соғыста әкеме арнап жазған өлең шумақтарында мынадай жолдар бар:

Батады жалғыздық маған, аға,

Қарап тұр тағы сізге Балташ бала,

Кем қылмай құрбысынан өсіре гөр,

Сұраймын сол арасын қымбатты, аға.

Сол Балташ бала соғыс басталған кезде Көкшетау педагогикалық училищеде оқып жүрсе керек. Оқуды бітіргеннен кейін Амангелді бастауыш мектебіне ұстаз болып орналасады. Бұл қызметінде ұзақ бола алмай, әскер қатарына шақырылады. Соғыстың қызып тұрған кезінде Көкшетауда, Бішкекте (бұрынғы Фрунзе), Тенджен қалаларында қысқа дайындықтардан өтіп, №93 атқыштар бригадасының құрамына кіреді. Осы құрамда Саль даласы арқылы Ростов қаласының маңындағы жаудың алдыңғы шебінде айқас басталады. «Одан Дон өзенінің бойында үлкен үш  күндік шайқаста батыл шабуылымызбен Ростов қаласын жаудан азат еттік» деп еске алатын ағамыз. Осы күресті жоғары бағалаған жоғарғы жақ біразын әртүрлі дәрежедегі орден, медальдармен марапаттапты. «Осы ұрыстарда жүріп, 1943 жылы шілде айында Макеевка қаласының маңында мина жарықшағынан қатты жараланады. Ұзақ уақыт госпитальда емделіп, екінші топтағы мүгедек атанып, денемде қалған тоғыз жарықшақпен елге оралдым» дейді ол кісі. Соғыстан келгенде кеудесіндегі бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі,  тағы басқа марапаттары ағам Балташтың жауынгерлік міндетін абыроймен атқарғандығын айғақтап тұратын.

Бейбіт өмірге кіріскеннен кейін өз мамандығымен еңбек жолын жалғастырды. Алғашқыда Өрнек мектебіне ұстаз болып орналасты. Ол кезде мұғалімдерді бір ауылдан екінші ауылға жиі ауыстыратын. Содан ағам Амангелді, Рамадан (Киров), Жаңаталап, Қосқарағай мектептерінде ұстаздық етті. Әлі есімде арасы жетпіс шақырымдай Рамаданнан Жаңаталапқа өгіз арбамен көшіріп апардық. Сол уақытта ол кісілер ренжу дегенді білмейді. Жаңаталап ауылының тумасы сексеннің бел ортасына кірген Төкен ақсақал былай деп еске алады:

–Мен Балташ мұғалімнен оқыдым. Ол кісі қатал болды. Қолында көрсету таяқшасы (указка) жүретін. Егер біз тәртіпсіздік жасасақ әлгі таяқшаны бізді тәртіпке шақыруға пайдаланатын. Солай болу керек шығар деп ойлайтынбыз. Қазір қит етсе, ата-ана мектепке жүгіріп келеді. Бұл онша жақсы емес. Сол кезде жас ұстаз, ал, қазір менің замандасым Мәсіғұт сол  Қосқарағай бастауыш мектебінде әріптес болыпты. Балтекең бастауыш сыныптардың әдістемесін жақсы білетін. Мен көп нәрсені сол ағамыздан үйрендім. Ұстазым десем де болады, – деп еске алады.

Екінші топтағы мүгедек бола жүріп, денедегі мина жарықшақтары жиі мазаласа да, адал еңбек етіп, жетпіс алты жасында дүниеден өтті. Осы жерде ол кісінің апасы мен қарындасы туралы бірер ауыз сөз айтып кетейін. Меніңше, айтуға тұрарлық. Ырсалды апамыз Ақмолада базарға жақын жерде тұрды. Ол кісіні сол кезде саудагер десе, бүгінде коммерсант дер едім. Халыққа қажет заттарды басқа жерден алғызып, базарға бір-бірлеп сататын. Ол кезде пакеттер дефицит болатын, соларды сатып жүргенін көрдім бірде. Осындай жолмен халықтың  да мұқтажын шешіп, өзінің отбасының жағдайын жақсартын жүрді. Екінші апамыз Дәметер Рамадан ауылында тұрды. Ол кісі өте бауырмал, балажан, қамқоршы болды. Өзінен туған бала болмаса да, бірнеше балаларды тәрбиелеп, отау етіп, шығарып жүрді. Ата-анасынан жетім қалған Жантемірді өсіріп жеткізіп, үйлендіріп жеке шаңырақтың иесі етті. Алмагүл деген қыз баланы оқытып, тұрмысқа берді. Қайыргелді деген күйеуінің алыс туысының баласын арқалап жүріп өсірді. Осы Қайыргелдінің баласы Қабдолланы өзі өсіріп жеткізді. Міне, осындай балажан адамға Алла тағала өзінен сәби сүйгізбеді. Жексембай атамыздан тараған ұрпақтың өмір жолдары осындай. Ырсалды апамыздан қалған Жұмабике де қыста коронавирустан қайтыс болды.

Балташ ағамыз тірі болса, биыл жүз жасқа келер еді. Сұм соғыстың зардабын көріп, біраз қиыншылықты басынан кешірген, жасөспірімдерді тәрбиелеуде қажырлы еңбек еткен ағамды еске алу, бұрынғы шәкірттерінің есіне салу менің інілік парызым деп есептеймін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпін.

Еркін Дәу 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар