«Мәңгілікке тағзым»

Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің 8 «а» сынып оқушылары челлендж өткізді. Танымды іс-шара аясында мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысында болған аталары туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, олардың қан майдандағы ерліктері жөнінде бейнеролик түсірді. Бұл тағылымды іс-шара сынып жетекшісі Қорлан Сағындықованың жетекшілігімен ұйымдастырылып отыр.

Майдангер аталары туралы естеліктерімен бөліскен оқушылар қатарында Асылхан Хасен, Ділнәз Тоқтамыс, Амира Марам, Малика Баткен, Аяулым Сәдуақасова, Гүлжан Төлеген, Инара Темірғалиева  бар.  Оқушы балалар өз арғы аталарының әскери қызметтері мен тағдырлары жайлы әңгімелеп берді. Мәселен, Ділнәз Тоқтамыстың айтуынша, арғы атасы Әлсен Айсин 1922 жылы Қырғыз АССР Ақмола губерниясы Көкшетау уезі Чистяков ауылында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Алқатерек ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылдың наурыз айында Қызыл Армия қатарына шақырылыпты. 1943 жылдың көктемінде Әлсен Айсин Калинин майданының 43-ші армиясының 373-ші атқыштар дивизиясының 1237-ші атқыштар полкінің 3-ші атқыштар батальонының атқышы ретінде шабуыл кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Сол ұрыста жарақат алса керек. Соғысты Балтық майданында сержант шенімен 145-ші атқыштар дивизиясы бөлімшесінің командирі болып аяқтады. Запасқа шыққаннан кейін 1945 жылы Көкшетау облысы Чкалов ауданы Чистяковка колхозында (қазіргі Тайынша ауданы, СҚО)мал шаруашылығы фермасында есепші болып жұмысқа орналасыпты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы Жарлығымен Айсин Әлсенге Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин» ордені және  «Орақ пен Балға» алтын медалі табыс етілген. 1980 жылы қайтыс болып, Көкшетау облысы(қазіргі Тайынша ауданы, СҚО)Аққұдық ауылында жерленген. Ол «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», ордендерімен, және  «Жауынгерлік еңбегі үшін» және басқа да  медальдармен марапатталған.

— Мен атамды мақтан тұтамын! Ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек,- дейді батырдың шөбересі.

Челлендж барысында оқушы балалар бірінен соң бірі өздерінің ұлы аталары туралы тағылымды әңгімелерін ортаға салды. Ең бастысы, әрқайсысының бойынан Отанға деген сүйіспеншілік,үлкенге деген құрмет пен өнеге байқалады. «Менің атам – майдангер!», «Менің атам – батыр! «Менің ата- мақтанышым!», дейді олар бірінен соң бірі зор сүйіспеншілікпен.  «Немере балдан да тәтті» деген сөз бар қазақта. Өз ұрпағының  аталарының таудай ерлігіне сүйсініп, мақтан тұтатын ұл-қыздардың бары зор бақыт!. Адам ұрпағымен мың жасайды деген емес пе?! Өзінің тегін мақтан тұтатын осындай өнегелі ұл-қыздарымыз көп болсын!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: іс-шарадан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар