Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев - АРҚА АЖАРЫ

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев

Кешегі бүкіл Еуропаны қанды қыспаққа алған неміс-фашист басқыншыларының Кеңес Одағына лап қойған қатты тегеуірініне қарсы тұрып, біз қызығын көріп отырған бейбіт күнді қорғап қалған халық қаһармандарының ішінде Ақмола, Көкше өңірлерінен де атойлап жауға шапқан есіл ерлер аз емес.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ержүрек ұшқыш Талғат Бигелдинов, Мәскеуді қорғап, батыр атанған Мәлік Ғабдуллин, майдан жолдары ғана емес, бейбіт өмірде де даңққа бөленген Сағадат Нұрмағамбетов, жау цитаделі – Рейхстагтың өзіне Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, тағы басқа да жерлестеріміз біздер үшін қашанда Отанды, елді сүюдің символы болып қала бермек. Ел басына күн туғанда, от пен оқтан сескенбей, зұлым жаумен арыстанша шайқасқан ондай ерлеріміз ешқашан ұмытылмайды.

Сонымен, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген.

Оның 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады. 1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады. Осы судан кеңес әскерін өткізбей, немістер тоқтаусыз оқ жаудырып тұрған. Атылған оқтың астымен жорғалаған Қошқарбаев взводы немістердің тұрағының үстінен түсіп, бетпе-бет соғысады. 40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Қызыл әскер ары қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді. Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, одан бөлек көптеген мылтық, оқ-дәрілерді де қолға түсіргені үшін Рақымжан Қошқарбаевқа бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені табыс етіледі.

Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Сөйтіп, Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетеді. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ, ол тек Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған еді. Осы ерлігін Рақымжан Қошқарбаевтың өзі 1958 жылы 28 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде шыққан сұхбатында былай сипаттап берген екен:

– 28 апрель. Біздің полк Ішкі істер министрлігінің үйін – «Гиммлердің үйі» деп аталатын үйді алуға тапсырма алды. Бұл үй бүкіл кварталға көсіліп жатыр. Таң қылаң бере біздің артиллерия оқ нөсерін құйып берді. Әлемдегі бар планета осы маңға жанып түсіп жатқандай. Айнала ұлып, күңіреніп кетті. Біз де қарақұрым болып қаптап, жан-жақтан лап қойдық. Ең алдында – аға лейтенант, тәжік жігіті Атаевтың ротасы. Шашы қалың, қап-қара әдемі жігіт еді. Сан ағалық ақылдары, бауырмашылдық сыпайы сөздерімен мені әбден баурап алған болатын. Көрген сайын өз ағамдай еміреніп, еркелеп тұрушы едім. Өзі де бір сымбатты, тұлғалы офицер еді. Көзім шалып қалды, жігіттерін алға ұмтылдырып, дауысы өктем шығып, ерлердің алдында өзі кетіп бара жатыр екен. Осы ротаның соңынан өкшелеп біз де келе жатырмыз. Үлкен айқас, қыруар шығынмен үйдің ішіне кірдік. Жау төменнен қашып, жоғарыға қарай қусырылып барады. Әр этажда, әр бөлмеде қырғын соғыс. Ұрыстың соншама қатты болғанын қараңыз, таң қылаң бере үйге кіргеннен кешкі сағат төрт кезінде төртінші этажға әрең іліктік, сол уақытта Кеңес Одағының Батыры атағына лайық болса да, ол атақты ала алмаған Рақымжан Қошқарбаевқа Жеңіс туын тіккен ерлігі үшін осы атақты беруді сұрап, кейін Мәскеуге, Қорғаныс министрлігіне Бауыржан Момышұлының өзі, одан бөлек қазақ зиялылары Кәкімжан Қазыбаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев та қолқа салған. Қонаев атамыздың өзі Брежневтің жеке қабылдауында болғанда осы ұсынысты алға тартқан. Бірақ, барлық жағдайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған. Тіпті, Кеңес одағы ыдыраған соң да Григорий Булатов пен алғаш рет Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа «Ресей Батыры» атағын беру сұралған. Бұл атақты Ресей билігіне «Естелік шамы»-«Свеча памяти» атты ресейлік қозғалыстың өкілдері жасаған. Өйткені, олар тарихи әділеттілікті талап еткен. Мәселен, «Қазақстан» ҰБТ сұрақтарының ішінде, ең бірінші туды кім тіккен?» деген сұрақтың дұрыс жауабы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов делінсе, ресейлік сынақ сұрақтарында мүлде бөлек жауап беріліп келген екен. Онда ол Михаил Егоров пен Мелитон Кантария деп көрсетілген. Алайда, бұл өтінішке де қазіргі Ресей билігі тарапынан жауап болмағаны белгілі. Сонымен, батыр өмірінің соғыстан кейінгі екі жылы Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөліміндегі қызметпен өткен. 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан  бастап «Алматы» қонақ үйінің директоры болып абыройлы қызмет атқарған.

Бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілген Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында өмірден озды.

Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар