Ауданда атқарылған істер аз емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов «Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес  аймақтың даму барысы» деген тақырыпқа брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

-Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан- жаңару және жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында егеменді еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамуына,  әр адамның тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған бағыт-бағдарлары айқындалды. Қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті  ұлт қалыптастыру алға қойылды. Ол үшін бізге саяси-экономикалық рефермалар мен қоғамдық сананы жаңғырту  процесін жалғастыру, уақыт сын-тегеуріндеріне бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастыру қажет.

Бүгінде осы мақсаттарға жету үшін ауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде,- деп бастады брифингтегі сөзін аудан басшысы.

Аудан бойынша бүгінгі таңда орташа еңбекақы 205, 760  мың теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда 19,2 пайызға өсті. Шынайы еңбекақы индексі 116,5 пайызды құрады. Экономикалық көрсеткіштердің өсімі бюджеттің кіріс бөлімінің орындалуына оң әсер етті.

2022 жылдың 1-ші сәуіріндегі есеп бойынша жергілікті бюджетке 1513,3  миллион теңге салық пен  басқа да төлемдер түсіп, жобаланған жоспар 112,5 пайызға орындалды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 15 218,6  миллион теңгені құрады.  Ауыл шаруашылығының нақты өнім көлемі 2021 жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 101, 2 пайыз.  Шаруашылықтардың барлық категориялары қосылып 18 946,1 тонна ет, 760 мың дана тауық жұмыртқасын өндірді.

Ауданда биыл  252,2 мың гектар жерге дән егілмек. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,7 мың гектарға артық көлем.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 7 831,2 миллион теңге болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп.

Инвестиция тарту жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік әпереді. Жыл басынан жұмыспен қамту орталығына 108 адам хабарласса, 79 адам орналастырылды. Ол хабарласушылардың 73,1 пайызы.

Шағын және орта бизнес өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 107,2 пайызға өскен.

Осылайша, Талғат Алпысбайұлы аудан жетістіктерін айта келіп, 2021-2025 жылдарғы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаларға қатынасушылар, оның бағыттары, тұрғындардың әл-ауқатын жетілдіру салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аудан әкіміне сол өңірдегі елді мекендер атауларының қазақшалануы, туризмнің дамуы, экология мәселесі сияқты бірқатар сұрақтар қойылып, ол сұрақтарға толыққанды жауаптар алынды.

                                                                                              Серік Сапарұлы,
                                                                                              «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар