Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Соғыс ардагерінің ұлымын!» - АРҚА АЖАРЫ

«Соғыс ардагерінің ұлымын!»

 Атасы немесе әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқандар бұрын да бұл сөздерді мақтанышпен айтатын. Қазір де солай! Жұрт та оны жамыраса мақұлдап, бас изесіп қалады. Өйткені, оны тәрбиелеген соғыс ардагері!

Демек, оның перзентінің бойында өзгенің бойында бола бермейтін ерекше мінездер болуға тиіс. Түсінік, ұғым солай. Бұл – бір. Екіншіден, ұлы қырғынды көріп келген майдангерге деген құрмет тұрады көңілдерде. Әкесі соғысқа барып, ел қорғағанның еңсесі биік. Ол рас. Әкең үшін ерекше мақтаныштың бойыңды кернейтіні кәміл. Ал, не тәрбие берді дегенге келсек, әр адамның өзіне тән мінез ерекшеліктері болатынына қарамастан, ортақ та ұстанымдары сәйкес келері сөзсіз. Ол алдымен Отанды шексіз сүю, Отан қорғау жолында ештеңеден тайынбау. Ер адам болып туған соң Отаның үшін қажет жағдайда жаныңды пида етуден тартынбау. Дүниенің қызылына қызықпай, бейбіт күнде Отан үшін күн-түн демей тер төгу. Достыққа, жолдастыққа адал болу. Жақсы досың да Отаныңның бір бөлшегі. Жауға тастап қарабет болғанша, өлгенің артық. Ардагер үшін өмір-өзеннің басқа дүдәмал әбігері ұсақ-түйек.

«Ұсақ-түйек» демекші, соғысты 1942 жылы Сталинград түбінен бастап, елге 1947 жылы, Еуропадағы қалаларды, жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып барып бір-ақ оралған менің әкемнің де айтар әңгімесінің түп-төркіні жоғарыдағы ұстанымдарға саятын. Кішкентай күнімде жүгіріп жүріп құлап, тіземді қанатып, жылай бастасам: «Тәйт! Жігіт кісі жылай ма екен?! Ертең-ақ жазылып кетеді», – деп тиып тастайтын. Аяз, боран, жауын-шашын сияқты табиғаттың оны-мұны мінезіне бола, жасап жатқан жұмысын тоқтата қоймайтын. Тоңып, жаурап үйге кіргенімізде әжем марқұм біздей немересін өбектеп, бәйек болып жатса: «Ой, құдай-ай, жігіт кісіге не болушы еді», – деп жақтырмайтын. Төрт түлік мал ұстайтын кеңшардың ферма меңгерушісі, пішеншілер бригадирі болып, аптап ыстықтың астында мігір көрмей шапқылап жүріп, кешке үйге келген соң да, шайын шала ішіп, аула-қорасының шаруасына кірісіп, жапырып жұмыс жасайтын. Сусып іргеге таяп қалған Тайсойғанның төбе-төбе ақ құмын қуыс күрекпен қайыра күреп, серпіп тастайтын. Үй, қора қабырғаларын жалғыз өзі-ақ еңсере қалап, өндіріп жіберетін. Көлденең, тастама бөренелерін ешкімнің көмегінсіз-ақ ораналастыратын. Қи ою, отын шабу дегеніңді түкке тұрмайтын шаруа көретін.

Отын, шөп сұрап келуші үлкендер көп болушы еді. Ұлдары майданнан қайтпай қалған қамқорсыз қариялар, көбі. Оларға қалай «жоқ» десін. Қисынын келтіріп, бәріне көмектеседі.

Өмірде жалтармайды, жалтақтамайды. Жағымпаздық жоқ. Адал еңбек, адал ас. Уәде берді ме, кеудесінде жаны бар болса орындауы керек. Тұмау тиіп, суық ұстап ауырып, ыңқылдап-сыңқылдап жүру жоқ. Сөзіне тұрмайтын суайттарды жаны жек көреді, көптің көзінше кінәларын беттеріне баса салады. Қандай ұзақ жолға шықса да ана жер, мына жерден тамақ ішпейді. Қара суды дәтке қуат етеді. Күн болсын, түн болсын, шопырдың жанында отырып, өмірі ұйықтамайды. Онымен әңгімелесіп, жер бағдарын қарап, сергек отырады. Қос ауызын тастамайды. Тайсойғанның талай қоян, түлкі, қасқыры қарауылына іліккен. Қолынан іс келетін жас маманды қатты қадірлейді, қолғабыс береді, сөзіне құлақ асады.«Ешқашан, ештеңеден жиіркенбе. Жиіркенген дәміңе жолама. Жоладың екен, жиіркенбе!» деп алып соғыста көрген құқайларын айтатын. «Жиіркенсең –ауруға шалдығасың». Осы сөзін санама мықтап сіңірген. Сөйтсем, шын мәнісінде «жаман аурудан» бастап сырқаттың не бірі ағзаға дәл осы жиіркену, тітіркену, көңілге алудан болады екен ғой! Оны ол оқып білген жоқ, басына түскен қиыншылықтан түйген ғой. «Жігіттің белдігінің мықты қайыстан, берік болғаны дұрыс, өйткені, мықты белдік кез-келген жерде керек болып қалады», – дейтін. Онысы да, рас екен. Қыстың күні екі жігіт қатқан өзен мұзы үстінен өте шығамыз, дегенде, жылымға тап келіп, күмп түсіп кеткен. Бірі жағаға ілігіп, жолдасын шығарамын деп, ұзын бөкебайын лақтырғанмен шыдас бермеген оқиғаны білеміз. Белінде мықты қайыс белдік болғанда ғой…

Иә, ардагерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады. Олар қаншалық қатал болып көрінгенмен, соншалық мейірімді, кең пейілді-ау, шіркін?! Солардың арқасында қай қияға қанат қақпадық. Артымызда анадай асқар тау тұрғанда неден ығып, неден жасқанушы едік?! Қайыспас қара нардай олардың әрқайсысын көрсең, әкеңді көргендей боласың. Төрт жыл мұз жастанып, қар жамылған, еңбекті де бір майдан ғып атқарған. Былтырғы Жеңіс күніне тоқсанға да мойынсынбай жеткен осы қайсар әкелердің ұлдарымыз біз. Біз батырлардың балаларымыз! Ардагердің ұлымыз! Сондықтан биік самғармыз, олардың жолдарын жалғармыз!..

                                                                                                  Серік САПАРҰЛЫ,
                                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар