Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірлердің өзекті мəселелері көбірек шешіліп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Өңірлердің өзекті мəселелері көбірек шешіліп келеді

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай,  Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 12-13 мамыр күндері Қосшы қаласы, Целиноград, Қорғалжын, Аршалы, Ерейментау аудандарында болып, халыққа есеп беру кездесулерін өткізген және азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау жүргізген болатын. Біз бүгін «Арқа ажарында» осы жұмыс сапары туралы толық матери алды жариялап отырмыз.

Әкімнің есеп беру жиынына барлық облыстық басқармалар басшылары қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, бірқатар мәселелерді сол жерде қолма-қол шешіп, кейбіреуін бақылауға алып, алдағы уақытта жүзеге асыру жолдарын түсіндірді.

Барлық кездесулерде өңір басшысы алдымен облыста соңғы жылдары және соңғы бір жыл ішінде жүзеге асырылған жұмыстар, өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері  туралы баяндады. Расында да, ауыз толтырып айтарлықтай табыстар жеткілікті. 2021 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі  10 пайызға өсіп, 1 триллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 15,8 пайызға өсіп, 200 миллиард теңгеге жетті. Осы қарқыннан биыл да айырылған жоқпыз. Мысалы, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысымыз барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша бірінші орында. Бұл туралы жақында өткен Үкімет отырысында айтылды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың халыққа есеп беру кездесуі Қосшы қаласынан басталған еді. Ол туралы газетіміздің өткен 13 мамырдағы санында айтылды.

Целиноград. Аудан орталығы Ақмол ауылындағы халықпен кездесу облыс әкімінің жергілікті өнім өндірушілер өнімдері мен қолөнершілер бұйымдары қойылған көрмені тамашалуынан басталды. Әкім әртүрлі көлемдегі кірпіш өндірушілермен пікірлесіп, олардың жұмыстарының өркендеуі, өнім өткізу алаңдары, өнімдеріне деген сұраныс жайын сұрастырып білді. «Самғау» шағын шеберханасында, Максимовкада тігілетін аяқ киімдердің сапасына назар аударды. Аяқ киімдер талапқа сай. Тек оны тігетін былғарылар Ресейден, Түркиядан алынады. Сондықтан, өзімізде тері өңдеу мәселесін қолға алған дұрыс.

Өңір басшысы бау-бақша өнімділігін арттырар тыңайтқыштар, йогурт, құрт, ірімшік, айран, шұжық түрлерін өндірушілер өнімдерімен де танысып, оларға қандай қолдау, көмек керектігін сұрастырып білді.

Өңір басшысының есебін мұқият тыңдаған Целиноград ауданының тұрғындары, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Дегенмен, мұнда да шешуін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Қаражар, Талапкер, Қажымұқан, Ынтымақ, Шұбар ауылдарына су желісін тарту қолға алынған. Аудандық аурухана салу үшін сметалық құжаттар дайындауға қаражат бөлінген. «Бақыт» шағын ауданындағы он төртінші үй мен он алтыншы үйлер арасында салына бастаған үй аяқталмай, тұрғындарға қолайсыздық тудырып тұр. «Жұлдыз» балабақшасында балалар үшін ашылған үйірмелерде орын жетпейді. Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің бассейініне елу пайыз жеңілдікпен еңбек ардагерлері мен мүгедектеріне рұқсат берілсін. Үш мыңға жуық адам тұратын Жарлыкөлдегі Мәдениет үйі суық. Аудан тұрғыны Абылайхан Бижанов  экология мәселесін алға тартты. Оразақ ауылы жанынан Нұра өзені ағады. Өзен жағасында Оразақтан басқа жиырмаға тарта ауыл тұрады. Міне, осы өзенге жақын тұрған карьерлердің зияны тиеді. Өзен суы тартылып, лайланып кетті. Ішуге пайда-зиянын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Карьер қазып, кәсібін түзегендер өзенді тазалауға да қол ұштарын берсін. Сондай-ақ, Оразақ ауылында жер дауы үдеп тұр. Бұл мәселе басқа ауылдарда да өзекті. Бұрынырақ шеттен келіп, жер телімдерін сатып алғандар, оны банктерге кепілдікке қойған. Енді ол жерлерді не жер иесі, не банк пайдаланбайды. Ауыл тұрғындарының да оны пайдалануға құқылары жоқ. Келер апталардан бастап жер инспекциясының мамандары облыс бойынша осындай жерлерді тексеруге шығатын болды. Карьерлерден қиыршық тас тиеген аса ауыр машиналар ауылдарға барар жолдарды жарамсыз күйге түсіруде. Бұл да тек бір ауыл, бір аудандағы ғана мәселе емес көрінеді.Ақмолда қоғамдық көліктердің кісі тасымалдауына қояр кінә жоқ. Тек таңертең және кешке автобустардың жүру кестесіндегі ара қашықтығы жиілесе.

Қаратомар ауылында 18 ғана отбасы қалған. Жылдан-жылға мектепке баратын бала саны азайып барады. 15  еді, қазір 10  бала қалды. Ауылда жол, көшеде жарық жоқ. Тұрғындар басқа бір болашағы бар ауылға көшіруді сұрайды.Қараөткел ауылында электр қуатын жеткізуде қиындық бар. Әсіресе, қыс айларында жарықсыз қалатын күндер болады. Ауыл тұрғыны Сәлима Құсайынова қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтты.Тұрғындардың қойған сұрақтарына шешімдер  жиналыс үстінде, одан кейінгі жеке қабылдау барысында айтылып, жауаптар қайтарылды.

Қорғалжын. Ауданда халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жеңілдету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Жол жөндеу, су желісін жаңғырту жүзеге асырылған. Денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға сметалық құжаттар дайындауға қаражат бөлінген. Ол 2023 жылы пайдалануға берілмек. Мұндағы көңіл алаңдататын мәселенің бірі, тағы да карьерлерден топырақ тасыған ауыр машиналардың жолдарды бұзуы. Ауыл іргесінен карьер қазып, қажетін алғандар оны қайта көмбей, сол күйі тастап кеткен. Ол жұрттың мал шығаратын, мал жаятын жері болатын. Енді, пайдаланбақ түгілі, қауіпті жерге айналып отыр. Мал қараусыз. Бағылмайды. Су желісі тозған. Қысымды көтермейді. Бұл ауданда да иесі кім екені белгісіз, тұрғындар пайдалана алмайтын жерлер көп. Олар анықтап, қайтаруды қажет етеді. Ауданға дәрігер мамандар керек. Пәтерлерінің жайсыздығынан келген төрт дәрігер қайтадан кетіп қалған. Оларға қолайлы пәтерлер салынуы керек. Мал дәрігері жетіспейді. Жалғыз мал дәрігері көліксіз. Үлгермейді. Осы сауалға облыс әкімі:

– Мал дәрігеріне жаңа көлік алып берейік, – деп мәселені сол жерде шешті.

Ауырған малдың немен ауырғаны, қандай зиян-залалы бар екені анықталмайды. Мал азығы аса тапшы. Өткен жылы полицияға бірде-бір арыз түспеуі жергілікті тұрғындардың мәдениеті мен тәртібін көрсетеді. Ауданға экология жағын қадағалайтын полиция керек. Келіп карьер қазушылар халықпен жүздесіп, қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдассын. Өйткені, олардан тарайтын радиация бар. Халық қауіпсіздігі  ескерілуі тиіс.Осындай қордаланған мәселелерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеухан Мұқанов жеткізді:

– Отыз жыл бойы ауданның экологиялық жағдайы қолға алынбай отыр.  Қорыққа келіп, табиғатты тамашалағандардың соңынан тек қоқыс қана шашылып қалады. Ауданымызда көл көп. Соларға келіп, балық аулаушы бригадалар да арттарына қалдық қалдырады. Ашық-шашық үш карьер қалды. Ешқайсынан жергілікті бюджетке түсер пайда жоқ. Қашаннан айтылып келе жатқан кірпіш заводы да салынбады. Кәсіпорын  деген жоқ. Сол себепті жастар ауылдан кетіп қалып жатыр. Шеттен келіп, жеріміздің пайдасын көреді де, өндіріс орындарын жинастырмай, залалсыздандырмай кете барады. Осындай олқылықтарды болдырмай, тиым салу керек, – дейді ол.

Аршалы. Аудан орталығын газдандыру жұмысы алдағы жылы толық аяқталмақ. Ауыз сумен қамтамасыз етуге де қаражат бөлінген. Түрген ауылының ішкі жолдарын салуға 50 миллион қаражат қарастырылған. Мұнда да карьер мәселесі шешімін күтіп тұр. Неге жер қазушылар залалды шаңның ұшуына қарсы шаралар қолданбайды? Олар неге келісім-шарттарындағы осы талапты жүзеге асырмайды? Кейбір тұрғындардың обыр ауруына шалдығуы осы карьерлер салдарынан болуы мүмкін. Белгілі меценат Көңілбай Шөкенов осында бірнеше көпбалалы анаға үйлер салып берген. Енді сол үйлерге жарық тарту әлі қолға алынбай келеді. Нүркенова Гүлфайрус атты 5 балалы ана «Күміс алқасын» ала алмай жүр. Тұрғындар жергілікті кадрлар қалыс қалдырмауды да сұрады.

Негізінен, ауданда туындап тұрған ірі проблемалар жоқ.Өңір басшысы Аршалы аудандық ауруханасын аралап көріп, ондағы жаңа медициналық жабдықтардың жұмысымен танысып, кезекте отырған науқастар пікірлерін тыңдады. Аурухана жас мамандармен толықтырылуда. Биыл да аудан орталығынан екі пәтер бөлінбек. Осындай қамқорлықтың арқасында мамандар келіп, жұмысқа орналасуда. Әкім бұл аурухананы жөндеуге қаражат бөлінетіндігін айтты.

«Baby kids» балабақшының құрылтайшысы Аида Сәкенова бұл балабақшаның өздері ашқан сегізінші жеке балабақша екенін айтты. Балалар 1 жарым жастан бастап қабылданады. Айына 15 мыңнан ақы төлейді. Қазір 40 бала тәрбиеленуде. 5 тәрбиеші жұмыс істейді. Робототехника, тұз шахтасы, құм терапиясы сияқты бөлмелер жұмыс істеп тұр. Кәсіпкердің осындай бақшаларды басқа да жерлерде ашпақ ойы бар. Өңір басшысы жас кәсіпкер бастамаларын қолдауға әзір екендігін білдіріп, ісіне табыс тіледі.

Ерейментау.Бұл ауданда да тұрғындар қол жеткен табыстарға ризашылықтарын білдіре келе, орын алып отырған кемшіліктерді көлденең тартты. Тоқсаныншы жылдарға дейін мұнда кәсіпорындар көп болған. Қазір жұрттың көбі мал бағып қана қалды. Сондықтан, инвестиция тартумен мақсатты түрде айналысу керек. Бизнеске қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

Кәсіпкер Алтын Бөкешева Ерейментау-Нұр-Сұлтан тас жолындағы ауылға жақын тұстағы жолайрықтың дұрыс жоспарланбауының салдарынан тұрғындардың қиындық көріп отырғанын айтты. Жол салу барысында табиғи су көздерінің бітеліп қалуы да кездесуде. Күре жолдың дұрыс қоршалмауынан жол үстіне мал шығып кетуі жиілеп тұр. Балалар шығармашылығы үйі таршылық етуде. Ондайға жол берілмеуі тиіс. Туризмге көбірек көңіл бөлінгені дұрыс. Мамандар осы өңірдегі соңғы кезде көпшіліктің қызығушылығын туғызған Көбейтұз көлінің денсаулыққа зиян екендігі анықталғанын баяндады. Аудан орталығының тазалығы шұғыл қолға алынуы керек. Ауыл шетіне ағаш отырғызылғаны жөн. Өйткені, шеткі көшелерін ылғи қыста қар басып қалады. Соңғы үш жыл ғана ол көшелер тазаланатын болды. Егер қар тоқтатылмаса, қар тазалаған тракторлар жаңа төселген асфальтты жарамсыз етеді.

Басқа аудандардағы сияқты, бұл аудандағы ауылдарда да жайылым жер жоқ. Оның есесіне 49 жылға беріліп қойған жерлер бар. Ауданның жер жөніндегі комиссиясының құрамы қайта қаралып, шенеуніктерден гөрі оған қоғамдық ұйымдар өкілдері көбірек тартылуы жөн. Ферма ашып, мал өсіргісі келген жастарға жер жоқ. Бұл өңірдің бір байлығы, тау ешкі мен қара алдер (ольха) өсімдігі. Оларды қорғап, сақтау күшейтіле түссін.

Есеп беру жиындарын өткізіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, елді мекендердің белсенділерімен пікірлескен облыс басшысы Ермек Маржықпаев қорытынды сөзінде тұрғындарды қоғам ісіне, салынып жатқан нысандарды қабылдау сияқты маңызды шараларға белсене қатысуға, алдағы ел Конституциясына өзгерістер енгізу туралы референдумға жұмыла атсалысуға шақырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстардың белсенді жүргізіле беретінін айтты.

  Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар