Тарихтың көнермес қазынасы

Жыл сайын мектеп мұражайында оқушылар үшін ерлік сабақтары мен саяхат жүргізіледі. Биыл да бұл әдеттен жаңылмай 5-6 сынып оқушылары үшін 9 «А» сынып оқушысы Арайжан Тәжімова бірнеше кездесулер өткізіп, мұражайдың пайда болу тарихы мен оның ішіндегі жәдігерлермен таныстырды.

Бұл мұражайдың өзіндік тарихы бар. Ұлы Жеңістің 30-жылдығы қарсаңында мектеп оқушылары мұғалімдердің жетекшілігімен Ұлы Отан соғысына қатысқан тұлғалар туралы деректер жинастырды. Көптеген адамдар өздеріне қымбат жәдігерлерді мектепке қуана-қуана беріп жатты. 1975 жылдың 8 мамырында тарих пәнінің мұғалімі Елизавета Павловна Марцениустың жетекшілігімен жауынгерлік Даңқ бөлмесі ашылды.  Мектеп оқушылары Батыр қалалар – Мәскеу, Брест, Керч, Курск, Севастопольға саяхат жасай отырып, әр түрлі материалдар, заттар, тарихи жәдігерлер әкеліп, бөлменің қорын толықтырды. Сөйтіп, 1979 жылы бұл бөлме Жауынгерлік Даңқ мұражайы болып өзгертілді.

Мұражайдың жұмысы «Кеңес Одағының Батырлары – Біздің жерлестеріміз», «Ұлы Отан соғысына қатысқан мектеп түлектері мен ұстаздар», «Мектептің орналасқан шағын ауданындағы соғыс ардагерлері» атты үш негізгі бағытта жүргізіледі.

Бүгінгі таңда мұражайда мыңнан астам экспонаттар сақталған және жартысынан көбі түпнұсқа болып табылады. Олардың арасында портреттер, ордендер мен медальдар, олардың куәліктері, Ұлы Отан соғысының жәдігерлері, яғни, қару-жарақтардың қалдықтары, Мамаев Қорған, Поклонная гора, Брест қаласынан әкелінген топырақ, жау қоршауында 900 күн болған Ленинград қаласынан әкелінген нан, Павлов үйінің қалдығы, бұрынғы әскери киімдер, соғысқа қатысқан аталарымыздың естеліктері, батыр қалаларға саяхаттап барған оқушылардың әкелген сувенирлері және тағы басқа да жәдігерлер бар.

Мектеп қабырғасында осындай мұражайдың болғаны оқушыларымызға патриоттық тәрбие беруге үлкен септігін тигізіп отырғаны анық.

Әсел АСҚАРОВА,
Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар