Халық атынан басқарудан – халықпен басқаруға

Әрбір мемлекеттің дамуында тағдыршешті кезеңдер болады. Жаңа мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырып, біртұтас ел болудың мақсат-мұратын Президент өзінің сайлауалды бағдарламасынан бері айтып келеді. Алдағы асуларымыздың нақты қадамдарын Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тағы бір ресми түрде нақтылады.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылын­да­ғы табыстар алға жетелесе, ал уақтылы шешілмеген қай­шы­лық­тар саяси проблемаға айналды. Саясаттағы проблема дегеніміз – туындаған жағдайларды оңтайлы және уақтылы шешуге қоғамдық деңгейде өзара келісімге келе алмау. Келіспеушіліктің себеп­те­рі­не: саяси жүйенің тұйықталуы, экономиканың әлсізденуі, әлеу­мет­тік мәселелердің ұзақ жылдар дұрыс реттелмеуі, халықтың саяси­­­ процестерден, саяси шешім қабылдаудан шеттетілуі жатады. Бұны қоғамдық келісім мүше­ле­рінің құқықтарының қақтығысы деп те айтуға болады. Теория бойынша қоғамдық деңгейде келісімге қатысушылар билікті бірдей бөлісе алса ғана демократияны сезіне аламыз. Ол үшін әр адам өз құқығын көпшіліктің мүддесі жолында шектей алуы тиіс. Біздің жағдайда әлемдік және 30 жылдық өмір тәжірибемізді сауатты үйлестіре отырып, жаңа бағыттарымызды анықтауға бет қойғанда ғана билік пен халық арасы барынша жақындай түсе­ді. Жыл басындағы қаңтар қақ­ты­ғысының сабақтары осыған саяды. Ол сабақтарды қазірден жүрекпен сезініп, ел басқаруда басты назарда ұстамасақ, оның зардабы бұдан да зор болатынын жоққа шығару қиын. Өткеннің қайсысының әлі күнге құрметке лайық екенін, ал өмірімізді жеңілдету үшін қай­сысынан құтылу қажеттігін анық­тау­ға салауатты сараптаулар жасау қашанда өзекті.

Адамзаттың бүкіл өмір сүру жолында, биліктің, халықтың бақылауында болуы өте өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Өз ке­зегінде мемлекет мәж­бүр­леуге негізделген билік монополиясын иемдене алады. Қоғам мүддесіне қажет болса, әділет­тілікпен күш қолдануға бар­уы ықтимал. Жыл басында елдігімізге қауіп төнгенде осындай іс-қимылға бару арқылы ішкі тұрақтылықты сақтап қалдық. Бірақ адамдарды қорқытпау керек, сендіру, сенім артуы қажет. Яғни, билік тек қарулы күштерге емес, халықтың қолдауына ба­сымдық бергені дұрыс. Сонда билік пен халық арасында өзара сенім күшейеді. Жолдаудың негізгі мазмұнын құраған, саяси ұстанымдарымызды жаңғырту, осы бағыттарды көздейді.

Еліміздегі саяси жаңғырту ісі адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл айтуға оңай түсінік. «Әділдік дегеніміз барлық жерде, бәрімізге ортақ құндылық па?» деген сұрақ адамзатпен бірге келе жатыр. Кезінде Әлихан Бөкейханұлы: «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды», деп өсиеттеп кеткен екен. Бұның барлығы Президенттің проблемаларды тұжырымдап, тиімді шешім қабылдай алу жауапкершілігіне тіреледі. Мемлекет басшысы «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеу­меттік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», деп дәл тұ­жырым жасады. Яғни, барлық бастамалар саясаттағы маңызды проблема – конфликтіні басқара білуді оңтайлы шешуі тиіс.

Осындай келелі сараптамалар негізінде жан-жақты халық­тық талқылауға мүмкіндік жасалынып, мемлекетіміздің сая­си жүйесін реформалаудың құқық­тық базасын жетілдіру қолға алынды. Президент 5 маусымға «Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, жалпыхалықтық референдум өткізуді жариялады. Бұл рефердум – еліміздегі жинақталған проблемаларды шешуге қолдау мен қарсылық білдірушілер ара­сын­дағы бәсекенің оңтайлы ше­ші­мін табуына нақты қадам. Жалпыхалықтық таңдау арқылы мемлекеттік басқарудың шынайы демократиялығына жол ашылады деп сенеміз. Біз тәуелсіз ел ретінде халықтың атынан бас­қару, халық үшін басқару кезең­дерінен өттік, енді халықпен бас­қаруға мүмкіндігіміз артады. Бұқара халықтың билікке араласуы, саяси шешімдерге тіке­лей қатыса алудың құқықтық негізі нақтылана түседі. Өйткені, Конс­титуция – біріншіден, әді­леттілік, теңдік ұғымымен тығыз байланысты. Екіншіден, табиғи теңдіктің алдыңғы қатарда болуын рәсімдейді. Дегенмен, бір мәселедегі теңдік, екінші мәсе­леде теңсіздік тудыруы мүм­кіндігіне байланысты, әрбір бап бойынша көзқарастар тартысы туындауы заңдылық. Табиғи құқықтарымызға сүйеніп бір-бірі­мізбен теңбіз деп сана­ған­мен, оның нақты көрінісі Конституцияда бекітіледі. Сон­дық­тан да референдум өткізудің өзіндік жауапкершілігін баршамыз сезінгеніміз жөн. Президент бас­тамаларының қоғам­дық қа­ты­настарды барынша әділет­тілікке жақындатуына ашатын мүмкіндіктерін сезіне алсақ қана оң нәтижелерге жетеміз.

Заңның дұрыс болуы – әді­леттілік қасиеттің саяси формасы. Конституцияға енгізуге ұсы­нылған өзгертулер мен то­лық­тырулар осы бағытты көз­дейтіні анық байқалуда. Оның нақты көріністеріне президент құзыретінің шектеліп, парламент пен жергілікті мәслихаттар құқығының кеңейтілуі, сайлау процесін дамыту т.б жатады. Ендеше, билік тармақтарының арасындағы жаңа қатынастар – өзара тартысқа, бір-бірін теже­мелік тетігі – теке-тіреске айналмасын дейік. Әрине, бұл реформа да кез келген жағдайдың дәл ортасын білдіреді деп айта алмаймыз. Еш ұрпақ өз заңдары арқылы болашақтағы ұрпақты өзіне бағындыра алмайтыны тарихтан белгілі. Уақыт өте келе әлі де тереңдей түсетін боламыз. Референдум қорытындысының елде конституциялық және сая­си-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау қауқары жоғары болғаны маңызды. Билік институттарын заңдармен өзгертерміз, ал сананы өзгерту көп жылды талап етеді. Осындайда Конфуцийдің «елдің басында қанша әділ билеуші тұрса да, бірнеше ұрпақ алмаспай елдің санасы, мәдениеті жаңармайды» дегені еріксіз есімізге түседі.

Әлемдегі геосаяси ойындарда жеңіске жетуге әркімнің таласы бар. Біз соған қаншалықты шыдас береміз? Қайсысына ақылымыз бен айламыз жетеді? Дайындығымыз қаншалықты? Бұл сұрақтар бәрімізді толғандыруы тиіс. Қазіргі басымыздан өткізіп жатқан күрес заңы – өз-өзімізді сақтау инстинктін арттыруды талап етуде. Сондықтан да, тәуелсіздігімізді сақтап, ұлт­тық бірегейлігіміздің негізін нығай­тып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуымыз өте маңызды. Бас-басымызға би болып, елдің ығы­рын шығармай, таласпай өзара жарассақ қана жетістікке жетеміз.

Үлкен үмітпен, зор сеніммен басталған Жаңа Қазақстан жолын­дағы береке-бірлігіміз нығая берсін десек, барлығымыз рефе­рендумға белсене ат салыс­қанымыз жөн.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты

https://egemen.kz/article/313066-khalyq-atynan-basqarudan-%E2%80%93-khalyqpen-basqarugha

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар