Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарттық алаңының кезекті брифингінің тақырыбы «ПИК-ті жою» деп аталыпты. Пәтер иелері кооперативтері таратылады деген сөз. Бұл мәселенің дау-дамайлы, сұрағы көп болары сөзсіз.
Сондықтан да, ақпараттық алаңға төрт адам – облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Болат Мейрам, тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Тілеген Әубәкір, мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің бас маманы Айгүл Төлегенова, Көкшетау қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Айгүл Арынова келіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарламалар жасап, журналистер сұрақтарына жауап берді.
Әрине, бұл елімізде бүгін ғана айтылып, көтерілген тақырып емес. Жұртшылықтың ПИК-тер жұмысына шағымының көбейіп, сенімінің азаюына орай ізденістен қолға алынған шаруа. Соңғы екі жыл бойы талқыланып, халыққа түсіндірілумен келеді. Жергілікті билік ПИК-терге хат жолдап, өздеріне қарасты тұрғындарға алда болар жағдайды түсіндіруді міндеттеген. Оның үстіне теледидар арналары жарқылдатып жарнамаларын жалаулатуда. Осындай жұмыстар нәтижесінде дүйім жұрт ПИК-тердің жұмыстары тоқтап, пәтерлер, үйлерге қызметкөрсетудің жаңа формасы енетіні туралы біліп болған іспетті. Алайда, бәрі осылай ма?..
– 2022 жылдың 1 шілдесінен ПИК-тер жабылады. Оған дейін олар тұтынушылары алдындағы қарыздарын немесе оларға қарыз адамдар беражақтарын өтеп, есептерін қорытындылап, заң бойынша жұмыстарын тоқтауы тиіс. Міне, сол кезден бастап жаңа құрылымдар құрылуы керек, – деді Болат Пазылұлы. Басқа қонақтар да ПИК-тердің жабылу, тарқатылу процестерінің қалай өтуі керектігін, оның орнына ұсынылып отырған меншік иелері бірлестігі (ОСИ) мен қарапайым серіктестіктердің (Простое товарищество) артықшылықтары, құрылу жолдары, жұмыс істеу тәсілдері туралы айтып берді.
Иә, бір қарағанда бәрі дұрыс. Түсіндіру жұмыстары да жүргізілді, теледидар мен газеттерге жарнамалар, сұхбаттар жарияланды. Сонда да «іс бітті» деуге әлі ерте. Жаз ортасында үйреншікті «КСК» жұмысын кілт тоқтатты делік. Оларға кім қарыз, олар кімге қарыз, оны түбегейлі шешу де оңайға түспес. Біреу төлемақысын бір сөз айтпай төлеп жүреді, енді біреу олардың атқарған қызметіне риза болмай, ақысын төлемей дауласар…Жаңа құрылымдар іске кіріскенше де арада біраз уақыт өтуі мүмкін. Өйткені, олардың құрылуы көпқабатты үйлер тұрғындары арасынан өздері сайлап, комиссия шығаруына байланысты. Тұрғындар ол жұмыстан бас тартпай, келісіп, іске белсенді түрде кірісіп кетсе, құба-құп. Жаңа құрылымдармен келісім-шарттар уақытылы жасақталып, заңдастырылса, сол құжатта көрсетілген талаптар толық орындалып, орындалмаса, талап-шағым заң жүзімен шешіліп отырса, әрине жақсы. Тек осы жағдай орнығып, жұмыс жасап кеткенше уақыт озып, сол екі ортада қиындықтар кезікпесе болғаны.
Ал, ПИК-тер заң жолымен, дау-дамайсыз тарқап, ОСИ-лар мен ПТ-лар заңды түрде іске кіріссе, оның тиімді, пайдалы екеніне дау жоқ. Дамыған елдердің бәрінде осындай құрылымдар әлдеқашан оңтайлы екендігін дәлелдепті. Төлеген ақыңа орай үйің жайлы, аулаң сайлы, олар атқарған жұмыс келісім-шартқа сәйкес болса, айқай-ұйқайсыз талап ете алатын болсаң, жаман ба?..
Сонымен, оңтайлы құрылымға қарай алғашқы қадамдар жасалды. Енді тек өтпелі кезеңнің кейбір қолайсыздықтарына түсіністікпен қарап, әр тұрғынның жаңа іске жауапкершілікпен, белсенді қатысуы ғана қалды. Сонда, бәрі ойдағыдай болмақ.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.