Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастардың жалын жігері - АРҚА АЖАРЫ

Жастардың жалын жігері

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен ашылғанына үш-төрт жыл болып, пайдалануға берілген Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің акт залында Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы тамашаланды.

«Күшік күйеу» комедиясы, бұл – жастар  тақырыбын,  ана  мен  баланың  арасындағы  қарым-қатынасты  сондай-ақ, бой түзеп  қалған қызы бар  кез-келген  ата-ананың  баласының  алдағы  бағын  ойлап,  қам  жеуі  секілді  өмірлік  мәселелерді  қамтитын  сахналық  туынды. Спектакльдің  тақырыбы, айтар  ойы – қоғамның  қай  кезеңінде болса да ескірмейтіндігімен құнды.

Бұл күнгі қойылымның ерекшелігі де сол – оны аталмыш колледждің 4 ТҰЖ тобының биылғы бітіруші түлектері дипломдық жұмысы ретінде сахналап, көрермендерінің қошеметіне бөленіп, үздік бағаға ие болды. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Үкібайұлы Оспанов, дыбыс режиссеры Мақпал Есжанова. Рөлдерде ойнағандар: ГүлжамалМәдина Кихматова, Биғайша – Тұрсынгүл Шаймұрат, БекболатНұрдаулет Құрмаш, ҚабанбайСаяділ Ноярбеков, Кубик – Қал-Марал Мейрамбек, Рубик – Дина Тоқтасын, Ботка – Асылзат Айжарихова, Алма – Севара Реипназарова сынды колледж бітіруші түлектер өздеріне берілген кейіпкерлерін шынайы ойнап шықты. Нақтырақ айтсақ, қойылымда ауыл мен қала жастарының  қалыптасу келбеті, таным-түсінігі мен тәрбиесі, ұстаным-пайымы секілді көптеген мәселелер қозғалады.

Ондай қоғам өміріндегі өзекті түйткілдер  спектакльді сахналаған студент жастарымыздың бейнесі арқылы, қойылымның  өне-бойында  әсем  көрініс тауып, әдемі өріліп, бір деммен өтіп шықты. Ұзақтығы бір сағат бес минутқа созылған қойылымның соңында, спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Үкібайұлы, колледж бітіруші түлектердің аз уақыт ішіндегі еңбекқорлығы мен сахнадағы ықыласты өнер көрсетулеріне ризашылығын білдірді.

Одан әрі сөз алған Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің  директоры Құралай Ғазизқызы Ыдырысова да қойылымды ойдағыдай сахналаған студенттердің білім мен тәжірибені ұштастырудағы шеберліктеріне тәнті болды. Сондай-ақ, қойылымды тамашалаған көрермендер де ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, рөлдерде ойнаған барлық студент-жастарға ата-аналар атынан гүл шоқтары табыс етілді.

Міне, осылайша еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында десек, бүгінгі күні сол жастарымыздың колледж қабырғасынан түлеп ұшып, жатқанына тәнті болдық. Өйткені, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі республика көлеміндегі мәдениет және өнер ордаларының ішіндегі ең үздігі екені даусыз. Әсіресе, солтүстік өңірдегі «мәдениет және өнер» мамандарын дайындайтын жалғыз оқу ордасы десек артық айтқандық болмас.

70 жылға жуық тарихы бар мәдениет колледжі бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам  өнер­паздарды оқытып, тәрбиелеп шығарып келеді. Осынау заманауи технологиямен қамтылған колледждің жаңа ғимаратында 240 орындық акт залы мен кең кітапхана кешені, 140 орындық асхана, тренажер, хореографиялық және үлкен спорт залы мен ашық спорт алаңы бар. Мұның бәрі мамандарды даярлау сапасын арттыруға білім алам деп келген өрендер үшін көптеген мүмкіндікке жол ашары сөзсіз.

Міне, осындай айтулы оқу ордасынан білім алған біздің балаларымыздың ертеңгі күні жарқын боларына сенім артқан ата-аналар, біз де мақтанышпен айта аламыз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар