NIS – рекордтар алаңы

Назарбаев зияткерлік мектептерінде биылғы оқу жылы айтулы оқиға – домбыра сабағымен аяқталды. Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы күй ойнады. Аталған шараны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр.

“Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады”, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Көкшетау қаласындағы NIS-те барлық Зияткерлік мектептерде бірыңғай өткен «Ең ауқымды домбыра сабағына» қатысты. Мектепте бір мезетте 50 домбырашы халық күйі «Тепең көкті» шертті. Сондай-ақ, оқушылар халық әні «Еркем-ай», Құрманғазының күйі «Балбырауын», халық күйі «Жастар биін» тартып, өз өнерлерін ортаға салды.

“Биылғы оқу жылының соңғы күнінде «Ең ауқымды домбыра сабағы» өтті. Сабақ қатты ұнады. Осындай тағылымы мол танымды игі шаралар көп болса екен дейміз, – деді қосымша білім беру педагогы Әділ Төреғожин.

Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды десек артық айтқандық емес. Қазіргі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар. Аталған сабақ та дәл осы жобаның аясында ұйымдастырылды.

Ұлан БАТЫРХАНҰЛЫ,
Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар