Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп келеді. Бұл шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған болатын.
Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы өткізілген. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық болмас. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі – балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.
Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалардың ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізуде. Бұл – қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық. Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де алыс емес. Осылайша Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі деп сезінгеніміз жөн. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру екені даусыз.
Сондықтан, халықаралық балаларды қорғау күні барлық ата-ана кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөледі. Ауыл-аймақ, қалаларда осы күнге арналған түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, тіпті кейбір компаниялар немесе орталықтар аталған күні балаларға арнап арнайы сый дайындайды. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру, барлығы кез-келген адамның міндетіне кіру керек. Бұған қоса, әлем халықтары 20 қарашада Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусымда Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді. Ал, біздің елімізде балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, бұл күн жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Ендеше, біз де барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүрсін және елін, жерін қорғайтын нағыз азамат болып өссін деген ниеттеміз. Адамның бауыр еті бала деген. Қашанда балаларымыз аман болсын!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.