Тарихтан тағылым  – өткенге тағзым

31 мамыр – Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханада «Зұлмат жылдар елесі» атты ақпараттық шара өткізіліп, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, –

деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Қазір осы аза тұту күнін  атап өту – Алаш зиялыларының алдындағы біздің парызымыз. Себебі, өткенін ұмытқан ұлттың болашағы жоқ. Іс-шараның мақсаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың өмір жолдарымен оқырмандарды, әлеуметтік желі пайдаланушыларын  тереңірек таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа кітап арқылы өнегелі тәрбие беру болып табылады.

Осының бәрі бізді өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауға міндеттейді. Кітап көрмесіне кітапхананың қорындағы сол бір қиын-қыстау жылдарда тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы әдебиеттер ұсынылды. Мерзімді баспасөз беттерінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың ауыр тағдырлары жайлы көптеп жазылуда. Ұзақ жылдардан кейін көптеген Алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды. Кітапхана жұмысында да осы асыл тұлғалардың мерейлі күндері жоспарға алынып, еске алу іс-шаралары өткізіліп отырады.

Жылдың басында Алаш қайраткері, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының атымен аталған көше бойында «Менің қаламның көшелері» атты айдармен іс-шара өткізіліп, әлеуметтік желіде жарияланды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды көптеген Алаш зиялылары тап күресінің қазақ ұлтының өмір сүруіне зор қауіп төндіретіндігін дәлелдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деген еді бұл ретте, Қазақстан Президенті. Сондықтан да, осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы. Алаштың біртуар азаматтарының «большевиктер ылаңы көпке кетер, биліктен кеткенше талайды былғап кетер»,–деген мазмұндағы даналығының ақиқаты осында жатыр.

                                                Бақытгүл ҒАЛИЕВА,

«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық

үлгілі кітапхананың кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар