Әкені баладан, ерін жарынан айырып, айықпас қайғы-қасіретке душар еткен кешегі сұрапыл соғыста қаһармандық пен өжеттіктің, бейбіт өмірде қайраткерлік пен іскерліктің үлгісін көрсете білген Көкшенің қазыналы қариясы, ержүрек майдангер, қоғам қайраткері Асылбек Жәзиұлы Дәулетовтен көз жазып қалғанымызға да қырық күннің жүзі болыпты-ау! Орны толмас осы қазаны отбасымен, үрім-бұтағымен бірге бөлісе отырып, ел ардақтысы өмір сүрген дәуірдің тарихи кезеңдерінен сыр шертпекшіміз.
Әлбетте ер жігіттің бойындағы отаншылдық сезімдерге толы өнегелі қасиеттерін өскен ортасына орай бағалаймыз ғой. Екі дәуірдің куәгері болған Асылбек Жәзиұлының кіндік қаны тамған Әлжан ауылы да сонау көне заманнан бүгінгі салтанатты өмірімізге дейін ата-баба дәстүрінен айнымай келе жатқан киелі атажұрт. Жаратқан иемнің шапағатына бөленген бұл өңірден кезінде халқымыздың мақтанышына айналған тамаша тұлғалар, яғни, Асекеңнің замандастары, ізбасарлары түлеп ұшты.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары ауыл-ауылды, үй-үйді ат арбамен аралап, қазақтың қарадомалақ балаларын оқуға тартып, Көкшетау қаласындағы №3қазақ орта мектебін ашуға атсалысқан Ленин орденді ұлағатты ұстаз Нұрмұханбет Көшімовті әлжандықтармен бірге, барша Көкше жұртшылығы мақтан етеді. Ал, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Сталин жетіжылдық мектебінің директоры Қайыркен Сүйінжанованың шәкірттерін кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Биязы мінезі әрі кішіпейілділігімен жерлестеріне үлгі-өнеге бола білген қайраткер апамыздың шапағатын ауыл адамдары көп көрді. Тіпті, қыс айларында жол қатынасы болмай қалған сәтте Одақтық кеңес депутатының қамқорлығымен Әлжан ауылына Көкшетаудан арнайы самолет қатынап тұрды.
Чехословакияны фашистерден азат еткен ержүрек партизан Шаймұрат Рахманов, экономика ғылымдарының докторы Қанаш Белгібаев, Социалистік Еңбек Ері, атақты диқан-бригадир Кенжетай Рамазановтың ел игілігі жолында сіңірген еңбектерін мақтанышпен айта отырып, өскелең ұрпаққа үлгі етеміз. Былтыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ауыл азаматтары майданға қатысқан аталары мен әкелеріне, тылда еңбек көрігін қыздырған жерлестеріне арнап, еңселі ескерткіш орнатты. Есімдері тасқа қашалып жазылған боздақтардың қатарында Асылбек Дәулетов те бар болатын.
Ержүрек майдангер Асылбек қарияның Ақсоран тауының қойнауында тостағандай төңкеріліп жатқан Ақкөлдің етегіндегі Әлжан ауылында 1925 жылғы 10 қарашада туғанын жақсы білеміз. Қошқарбай ауылындағы Ленин және өз еліндегі Сталин жетіжылдық мектептерінде қазақша, Шалқар селосында орысша оқыды. Алайда, 1942 жылы әкесі Жәзи мен ағалары Есләм мен Ержігіт майданға аттанған соң үлкен ағасы Есләмбекке қолғабыс жасап, қартайған анасы Зылиханы, екі қарындасы мен інісін көзден таса қылмай, қамқорлығына алды.
Он жеті жасар өршіл өрен «Сталин» колхозынан Көкшетаудағы әскери госпитальға ат-арбамен отын тасыды. Қанды шайқастың қайғы-қасіретін жаралы жауынгерлерден естіген сайын көкірегін кек кернеді. Сұм соғыс кімді аяған?! Майдан даласында шәйіт болған боздақтардан қара қағаз Әлжан ауылына да келе бастады. Жасы жетпесе де әкесі мен екі ағасының кегін алу үшін майданға сұранды. Сөйтіп, Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесінде алғашқы даярлықтан өтіп, 1943 жылдың маусымында Мәкеуде жасақталған элиталық әуе десанттарының құрамында Карелия майданына аттанады. Ладога мен Онега көлдерінің маңында болған Свирь операциясы кезінде 99-шы гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы ерліктің үлгісін көрсетті. Осы шайқаста 12 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, Асылбек ағамыз І дәрежелі «Отан соғысы»орденімен, кейін он сегіз жауынгерлік наградамен марапатталды.
Көкшелік қайсар азамат Асылбек Дәулетов Ұлы Отан соғысында үш бірдей мемлекетті – Украинаны, Молдавияны, Румынияны басқыншы жаудан азат етуге қатысты. Будапешт пен Венаны азат етудегі қиян-кескі ұрыста ауыр жараланып, Венгрия астанасының маңындағы әскери госпитальда емделеді. Бар адамзат аңсаған Ұлы Жеңісті ол Австрия жеріндегі Шопрон қаласында қарсы алды. Алайда, Асекең үшін қанды қырғын мұнымен бітпеді. Батыс Украинадағы бендершілердің көтерілісін басу үшін бес жылдай сонда қалып, елге тек 1950 жылы ғана оралады.
Соғыс тақырыбы қарт майдангерді үнемі толғандырып, бейбіт өмірде де жаны тағат таппады. Мәселен, Лоймола қаласының манында финдермен болған шайқаста өз ротасындағы елу жауынгердің қырық төрті көз жұмды. Алайда, бұл жер батпақты болғандықтан, мүрделерін көпке дейін табуға мүмкіндік болмады. Тек 1984 жылы ғана құрғату жұмыстары жүргізілгеннен кейін, олардың сүйегі Бауырластар зиратына жерленді. Қарулас жауынгерлерге ескерткіш орнатуға бастама көтеріп, қаржылай көмек көрсеткенде Асылбек ақсақал болатын.
Жасы ұлғайса да қолынан қаламын тастамай, қарулас достарымен хат алмасып тұрды. Ресейдегі элиталы әскери құраманың қолбасшысы, генерал-полковник В.Шаманов десантшылардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері жайлы жазған кітабының бір тарауын қазақ жауынгеріне арнапты. Генералдың қолы қойылған сол жинақтың бір данасы Асылбек Жәзиұлының жеке кабинетінде сақтаулы. Әскери мұраларды зерттеу жолындағы белсенді қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, оған «Кеңес Армиясының әуе десанты әскерінің құрметті ардагері» атағы берілді. Ал, Қазақстан мен Ресей арасындағы мызғымас достықтың айғағындай көкшелік ержүрек жауынгердің Президент В.Путиннің шақыруымен Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысуының өзі жерлестері де үшін үлкен мерей.
Майдан даласында шы4далған қайсар, білімді, іскер азаматтар халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін лауазымдық қызметтерге көптеп тартыла басталды.Тапсырылған істі тиянақты атқарып, іскерлігімен көзге түскен Көкшетау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Асылбек Дәулетов Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіледі. Осыдан кейін Асекең үшін мемлекеттік қызметте даңғыл жол ашылып, Володар және Арықбалық аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы болып істейді. Бұл уақыт Қазақстанда тың игеру науқанының кең қанат жайып, әлеуметтік сала мен экономикада елеулі серпіліс туғызған айтулы кезең болғандықтан, ол тап майдандағыдай табандылық, қайраткерлік таныта білді.
1968 жылы Көкшетау обкомының бірінші хатшылығына Еркін Әуелбеков келген сәттен қазақ азаматтарының бағы жанып, совхоз директорлығына, аудан және облыстық басқармалардың басшылығына тартыла басталды. Партия органдарындағы жауапты сыннан сүрінбей өткен А.Дәулетов 1969 жылдың наурызында Ленинград аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланып, бұл міндетті тапжылмастан он бір жыл атқарады. Осы жылдар ішінде ауыл-селолардың инфрақұрылымын жақсарту, әсіресе, жол, тұрғын үй салу бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылды.
Ақиқаттың ала жібін аттамай, шындық пен әділдік үшін күресе білген Асекең облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін де абыроймен атқарып, артына өшпес із қалдырды. Көкшетау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан осындай елеулі еңбегі ескеріліп, екі бірдей Еңбек Қызыл Ту, төрт бірдей «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Ал, өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін «Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атақтарының берілуі, сөз жоқ, өз алдына үлкен мәртебе,жоғары сенім дер ек.
Көкшенің қазыналы қариясы Асылбек Жәзиұлы отбасына тірек, ағайын-туғандарына қорған бола білді. Алпыс екі жыл отасқан өмірлік жары Орынбасар Шәйкенқызы екеуі бір ұл, екі қыз баласына бақытты ғұмыр сыйлап, тәлімді тәрбие берді. Осы арада айта кететін жай, апайымыз да соғыс басталғанда 7-8 жасар жасөспірім болса да, Қызылқайнар ауылында майдандағы сарбаздарға қолғап, шұлық тоқыған. Шәкірт тәрбиесімен де белсене араласып, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «Тыл еңбеккері» атағына ие болды. Төңірегіне аналық мейірім шуағын төгіп, небір қиын-қыстау сәтте еріне қолғанат бола білген Орынбасар апамызға мықты денсаулық тілейміз.
Тағдырдың жазмышына ешкімнің де араша түсе алмасы хақ. Өкінішке орай, кешегі сұрапыл соғыста өлімге бас тіккен сарбаздардың қатары жылдан-жылға сейіліп барады. Ақмола облысы бойынша тоғыз ғана майдангер қалса, оның біреуі ғана – көкшетаулық. Күндердің күнінде ұрпақ сабақтастығынан ажырап қалмас үшін жастарымызды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек дәстүрлеріне баулуды естен шығармайық. Жастарымызды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін мектептерде «Ерлік сабақтарын» үзбей өткізіп, Ұлы Отан соғысы тақырыбында жан-жақты ақпарат беретін арнайы экспозициялық зал ашылса дейміз. Көкшетау облысы мен Ақмола өңірінен Кеңес Одағының Батыры атағын алып, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жерлестеріміздің есімдері мен зұлым жауға үрей туғызған әскери құрамалар жайлы деректер Бауыржан Момышұлы көшесіндегі Батырлар аллеясында, мемориалда жарқын көрініс тапса игі болар еді. Егерде айтылған осы ұсыныстарымыз жүзеге асатын болса, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Көкшетау қаласының іргетасы қаланғанына 200 жыл және Көкшетау облысының құрылғанына 80 жыл толуына лайықты тарту болар еді.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.