Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бізді мақсатты түрде жүргізілген діни қудалау да көп тұралатты - АРҚА АЖАРЫ

Бізді мақсатты түрде жүргізілген діни қудалау да көп тұралатты

Осы күнге дейін зұлмат, саяси құргын-сүргін құрбандарынан кімдер ақталды? Ол үдеріс советтік кезеңде басталып, ең алдымен коммунист-қайраткерлер, қызыл үкіметке жан-тәнімен қызмет еткен ақын-жазушылар ақталды. Ал, ұлтшыл бай-кулак-феодал, діншіл-фанатик деп айып-айдар тағылған, жазықсыз атылып, айдалып кеткен қалың жұртшылықтың ақталу мәселесі үздік-создық жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін өзінің лайықты шешімі мен бағасын алмай келді.

Дегенмен, Украинадан кейін осы мәселеге ел Президенті Қ.Тоқаевтың қайта оралып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау міндетін алға қойып, оған тиісті жағдайлардың жасалуы біздің рухани-мәдени, қала берді саяси өміріміздегі ірі оқиға болып отыр.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында орын алған жайларды: жаппай ұжымдастыру, ашаршылық, дін адамдарын қуғындау жағдайларын бір-бірінен ажыратып қарастыру дұрыс болмас еді. Шетелдік Батыс зерттеушілері жаппай ұжымдастыру шарасы жаппай жазалау мен қуғын-сүргінге жол ашқан тиек тетік деп біледі. Олар бір-бірімен тығыз генетикалық байланыста өрбіп отырған тұжырымға бүгінгі күнде ғалымдардың көпшілігі  келіп отыр. Сонымен, 1928 жылдың 28 тамызында шығарылған бай-кулактардың шаруашылығын тәркілеу туралы арнайы қаулыға байланысты жағдай онан әрі ушығып кетті. Тәркіленіп жатқан тұлғаның дін мен діни тұлғаларға қатынасы болса, ол дәл сол кезде мал-мүліктің иесі болмаса да бай-кулак табына шығарудың бірден-бір негіздемесі деп есептелінді. Ұжымдастыру шараларына наразылық білдіру ықтималдығы зор әлеуметтік топ өкілдері ол діндарлар болатын. Сол себепті де, Совет режимі діндар адамдарды өзінің идеялық қарсыласы деп санағандықтан ел арасындағы беделін шектеуге мүдделі болатын.

1929 жылдың басында Кеңес үкіметі билігіндегі əрбір елді мекеннің басшылығына «Дінге қарсы күресті күшейту шаралары туралы» құпия хат жіберілді. Бұл хатта дінге қарсы күрес тап күресіне теңестіріліп, оған зор саяси мəн берілді. 1918 жылы жарық көрген дінді мемлекеттен жəне мектептен ажырату туралы РКФР ХКК (Совет народных комиссаров РСФСР) декретіне сəйкес 1929 жылы 8 сəуірде «Діни бірлестіктер туралы» БОАК жəне ХКК (ВЦИК и СНК) Қаулысы шықты. Бұл құжат бойынша дін өкілдерінің құқы шектеліп, қасиетті орындарға сапар шегіп, тəу етуге, тіпті қайырымдылық көмек көрсетуге дейін тыйым салынды. Аурулар мен өлім халінде жатқан адамдардың үйіне баруға жергілікті кеңестің арнайы рұқсаты керек болды. 1929 жылы 1 қазанда жарияланған РКФР Конституциясының 4- бабының жаңа редакциясы дінге сенушілердің құқын мүлдем төмендетіп жіберді. 1929 жылы 1 қазанда шыққан ХКК ІІБ қағидасы бойынша дін өкілдері бас еркінен айрылғандар қатарына жатқызылды.

Осы мәселені зерттеп еңбек жазған американдық ғалым Сара Камэронның ойынша «Совет азаматтарының көбінің қаза болғандағы мысалын сталиндік лагерьлердің қоршау сымдары ішінде емес, тіпті Ұлы террор жазалаулары кезінде атылғандар емес, ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылықта жаппай бүтіндей ауылдарымен  қазаға ұшырап, шұңқырларға тасталған адамдар арқылы білеміз».

Ақмола облысы бойынша репрессияланған дәстүрлі дін өкілдерін ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс тобы Ақмола облыстық архиві, Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив пен ҚР Президенті архивіндегі жұмыс барысында діни мотивтерге байланысты қуғын-сүргін мен қудалау,жазалау шараларының қандай көлем және терең ауқымда жүргізілгеніне көз жеткізіп отыр. Ол турасында архив құжаттарында қазақ коммунистерінің бұл тараптағы жұмысына қанағаттанбайтындықтарын білдіретін мынадай деректерді кездестіреміз: «Антрелигиозная работа,несмотря на ряд указаний Крайкома ВКП (б) на местах остается одним из самых отсталых участков работы. Республиканское бюро, созданное в начале этого года после роспуска за бездеятельность старого состава, в котором возглавляли Националь-фашисты Асфендияров и Лекеров». Дәл осы уақыт ішінде Ақмола облысы бойынша мешіттердің дені 1920-1926 жылдар аралығында жабылып, 1944 жылы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дінге қатысты біршама жеңілдік режимі енгізілген уақытта Ақмола облысы мен қаласында бірде-бір мешіт қалмаған еді. Діншілдермен күрес жүргізудің арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, бұл жұмыс негізінен, Қазақ АССР Халық комиссарлары жанынан құрылған дін істері жөніндегі комитеттер арқылы жүргізілді.

Осы жұмыстарды жүргізу үшін советтік режим  1925 жылы қолдан ұйымдастырылған «Құдайсыздардың ерікті одағы» тәрізді ұйымдарды пайдаланды. Ол ұйым Одақтық көлемде құрылып, оның филиалдары барлық республикалар мен жергілікті жерлерде ұйымдастырылып жұмыс жасады. Архивте осы ұйымның атынан 1937 жылы Каз Крайком хатшысы Л.Мирзоянның атына жазылған келесі анықтама хат сақталған. Онда «Діншілдермен жұмыс жүргізу мақсатында үш айлық арнайы курстар ашылды, осы уақытқа дейін екі топ, барлығы 180 адам осындай курс  дайындығынан өткізілді. Қазақ тілінде дінге қарсы атеистік әдебиет жетіспейді» деп нақты атап көрсетіледі.

Шіркеу мен мешіттерді жабу ісін ұйымдастыруда да осы ұйым мен комсомол-жастар белсенді рөл атқарды. Халықтың әл-ауқатымен бірге, оның ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан рухани мәдениетінің күйретілуіне халық жай ғана мойынұсынып отырмаған. Ол жағдайға қарсы наразылықтар мен түрлі толқулар болып тұрған. Сондай халық наразылығының бір ғана мысалы, ол Ақмола облысының Сандықтау ауданы аумағындағы №5 Қызыл Әскер ауылы тұрғындары 1931 жылы мәдени мұқтаждық үшін тартып алынған мешітті қайтарып беруді талап ету оқиғасы.

Сол кезде бір ғана Көкшетау уезі бойынша  арнайы тізімге 149 имам енгізілген. Олардың ішінде ұлты қазақ имамдармен бірге, татар ұлтының өкілдерінің фамилиялары ұшырасады. Олардың қаншасы атылғаны, қаншасы айдауға жіберілгені әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Ресей империя шегіндегі соңғы автономиялық құрылымы аға сұлтандар басқаруындағы дуандар жойылған кезде, қазақ халқының рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалу мақсатында тобықты-арғыннан Құнанбай Өскенбайұлы, керейден Аңдамас Көшербайұлы, уақтан Түйте Нүркенұлы, жаныс-байұлынан Мінайдар Жараспайұлы, атығай-арғыннан Қосшығұл Шопанұлы, осы бесеуі Меккеге сапар шегіп қажылық жасап қайтқан. Ал, имамдар тізіміне Қосшығұл Шопанұлының баласы Науан Хазіреттің шәкірті, екі мәрте Ақмола облысынан Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған Шаймерден Қосшығұловтың есімі Еңбекшілдер болысы бойынша бірінші болып енгізілген. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде тек Айыртау өңірінен ғана 29 адамның қажылық сапарға барып қайтқанын, оның ішінде Мекеге бес рет қажылық сапар жасап, осы өңірден қажылық сапарға бел буғандарға жолбасшы болған Салғара Қуанышұлы есімін ерекше атауымыз керек. Ол 1929 жылы кәмпеске-тәркілеуіне ілігіп, ішке, яғни, Ресейдегі Есілкөл маңына кетіп қалып, тек 1935 жылы туған жиені Ескендір Кәрімұлының айтуынша Қызылжар қаласы маңындағы Сарыжапырақ деген мекенде дүние салған.

Өз өсиеті бойынша Қызылжар қаласындағы зиратқа жерленген. Бұл деректі бізге жеткізуші халық мұрасын зерттеуші, өлкетанушы Мұсатай Ғалым ағамыз. Оның кітабында есімі кездесетін Айыртау өңірі тумасы Боқаев Абушахман қажының да есімі осы тізім ішінде берілген. 1928-1929 жылдардың науқаны кезінде ақтармен күресті желеу етіп, ешқандай сотсыз атылып кеткендер қатарында Есіл бойындағы Тоқбет қажының Маңыбай ауылында ашқан медресесін тәмамдаған Жақып қажы мен Жұма және Жүсіп деген кісілер бар деген дерек келтіріледі.

Мұсылман қауымына қысымшылық жасау мен шектеу саясатын тек советтік режиммен байланыстыруға болмайды. Егер де Ш.Уәлиханов ХIХ ғасырдың ортасында Арқа қазақтарының мұсылманшылдығы үстүртін деген тұжырым жасаған болса, ел жақсыларының 1870 жылдары өздері бастап, елге үлгі қылып мұсылманшылыққа бет бұрған 30-40 жыл ішінде Далалық өңірдегі мұсылманшылықтың деңгей-дәрежесі мен мәдениеті айтарлықтай нығайып қалған еді. Қазақтар өздерін ендігі жерде мұсылман қауымының ажырамас бөлігі, Мұхаммед пайғамбар үмбетіміз деп санады. Патша өкіметі жауынгер қазақтарды Ресей билігіне лояльды қылу үшін бастапқы кезде  ислам дінін қолдап, осы мақсатта татар мен башқұрт, ноғай молдаларын пайдаланғаны белгілі. Ал, патша билігі ХХ ғасырдың басында қазақ халқын православ христиандығын енгізу арқылы шоқындырмақшы болған әрекеттері жергілікті мұсылман қауымының қатты наразылығын туғызды.

Осыған байланысты 1902 жылы Троицкі медресесін бітіріп келіп, елде имам болып жүрген Құдайберлінің Қошқұлысынан тарайтын Сейітқажы Нұртазин Зайсанға жер аударылып жүрген жерінен Қытайдағы Шығыс Түркістан Алтайында Ахыт қажы Үрімжіұлы Абақия мешітін қайта құрған кезде, сол медресені жәдитше оқу әдісімен ұйымдастырып берген еді. Осы медреседен кейін Шығыс Түркістан азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері тәрбиеленіп шықты. Осыдан қарап, қазақ мұсылмандары тек дін үйренуші объект ретінде қарастырылып келсе де, қалай дегенмен де көрші жұртқа да едәуір дәрежеде әсер ете алатын қауымға айналғанын көреміз. Бір ғана Нұртаза әулиетінен жеті адамның Мекке қажылығына барып қайтқаны ислам дінінің қазақ жұртшылығы арасында қандай беделде болғандығынан хабар береді.

Осы қозғалыстың басында Науан Хазірет бастаған дін қайраткері мен Дума депутаты Шаймерден Қосшығұлұлы тұрды. Осы жағдайлардың барлығы халқының көпшілігі жартылай көшпелі және отырықшылыққа ауысып жатқан халық арасында мешіт-медресе саны көбейді. Мұсылманша сауаттылар қатары едәуір артты. Ақмола, Көкшетау, Ақмола, Қызылжар сияқты қалаларда соборлық мешіттер мен діни оқу орындарының ашылуы халқымыздың діни-рухани мәдениетінде объективті мәндегі сапалық өзгерістердің орын алғанын байқаймыз. Архив тізімдемесіндегі қазақ арасынан шыққан имамдардың  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында абсалют басымдыққа ие болып отырғанын көреміз.

Бұдан шығатын қорытынды, суниттік исламның ханафилік мазхабын ұстанған, Ресей Қырымында Исмаил-бей Гаспаралық негізін қалаған джадидік қозғалысқа ілесіп үлгерген мұсылманшылдық болатын. Бір атап өтуге тиісті жағдай ол жалпы ислам әлеміндегі мәдени жаңғыру қозғалыс Ресей империясы құрамындағы түркі-мұсылмандар арасында пайда болып, өрістегенін көреміз. Себебі, бұл кезеңдегі мұсылман елдерінің басым көпшілігі империялардың сыртқы отарлары болып келсе, Ресейдегі мұсылмандар ішкі отарлар еді. Олар Еуропаға бет бұрған Ресейдегі күрделі жүріп жатқан саяси-әлеуметтік трансформациялар әсерінен мұсылман әлемінде алғашқылардың бірі болып ислам модернінің негізін қалады.

Алайда, бұл позитивті қозғалысқа метрополияда орын алған 1917 жылғы ақпан-қазан төңкерістері тежеу салды. Діндарларға қарсы Совет үкіметі ұйымдастырған репрессивті шаралардың зор зардапты салдарлары болғандығын бүгінде құпиясыздырылған архив деректері негізінде бір ғана Ақмола облысы мұсылман қауымы басынан кешкен жағдайлар, оның халқымыздың рухани мәдениетіне тигізген орны толмас кері әсерлері қорытындылар жасауға жақсы дәлелдеп береді.

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,

тарих магистрі, зерттеуші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар