Қабанбай Қожағұлұлы – дарабоз батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы сол жерде дүние салған.
Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. «Қазақта Найман Қабанбайдан асқан батыр жоқ Үйсін Төле биден асқан би жоқ», – деген екен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Жастайынан жаугершілік пен шапқыншылықтың зардабын көріп өскен Ерасыл бүкіл еліне, жұртына төнген зұлматтың қандай екенін, бойына сіңіріп, сезініп өскен қазақ ұлдарының бірі. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Ал, сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Батырдың өмірбаянына қатысты тарихи деректерді Амангелді Төлемісов жинақтап, өз баяндамасында қалың қауымға ұсынған. «Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген», – дейді тарихшы.
Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Циянлұң патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз және Қабанбайларына…» деген есімдердің аталуына қарап біз осындай тұжырымға келеміз. Мұның өзі сол Абылай заманында өткен қазақтың ұлы жыраулары Бұхар, Үмбетей, Саршуаш, кейінгі Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали аталарымыздың Қабанбай батырды бар батырдың басына қойып жырлаған жырларымен және жазба деректерімен бірдей шығып отыр.
Орыс деректеріндегі Қабанбай батыр туралы деректерді тарихшы былай тізеді. «Орыс тарихшыларының жазбаларында Қабанбай батыр айрықша аталып отырады. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады…» – деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетпек болғанда сол елді қалың қол бастап, құтқарып қалған адам қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған.
Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында болған. Сонда жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанған екен.
Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауылына, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Жарбұлақ ауылына, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ, Аякөз қаласында орналасқан танк дивизиясына есімі берілген. Батырға арналып, Үшарал қаласында және Астана іргесінде ескерткіш-монумент орнатылған.
1992-1993 жылдары бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарында 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді. Батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, тағы басқа ақын-жыраулар шығармашылығына арқау болған. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарды.
Қабанбай (Ерасыл) батыр туралы толығырақ айтсақ, XVIII ғасырдағы қазақ батыры, әйгілі қолбасшы. Мәмбет – Қожақұл, одан Қабанбай батыр туған. 1691 жылы етегі Алакөлге малынып жатқан Тоқта-Барлық тауының маңында, Барқытбелдің күнгей жағына орналасқан Мәмбет ауылында Ерасыл (Қабанбай) дүниеге келген. Ол өзінің қайраттылығымен ғана басқа балалардан өзгеше болған жоқ, сонымен қатар, оның арқасындағы қалың, қылдай түктері ерекшелендірген екен. XVIII ғасырдың бас кезінде, яғни 1702 жылы Барлықтағы алғашқы айқаста әкесі Қожақұл батыр аз адаммен қоршауда қалып, ақыры ауыр жарақаттан мерт болады. Ерасылдың он бірге жаңа толған кезі болса керек. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапқан. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кеткен. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелетіп өткен екен. Соның арқасында әкесінің де жоқтығы білінбей, жетімдік көрмей, бұла боп өскен. Аға өлімінен кейін, он алтыға жаңа толып, әлі оң-солын танып үлгермеген Ерасыл көзге қамшы тигендей мәңгіріп қалады. Әсіресе, қорлағаны, азаптап өлтіргені жанына қатты батса керек. Есенбайдай азаматтың қаны текке кетпес, қалмаққа қолма-қол аттанармыз, қарымта қайтарармыз деп ойланған. Жоқ, олай болмады. Бәрінен де елдің етекбастылығы, асықпайтын ағайынның керенаулығы көңілін қалдырды. Не керек, әйтеуір, іргедегі қалмаққа аттанып кек қайтаратын, тым құрыса жауға қыр көрсетіп, азаматтың құнын сұрайтын бір пенде табылмайды.
Ерасылдың күте-күте төзімі таусылады. Ақыры тәуекелге бел байлаған Ерасыл не де болса қалмаққа жалғыз аттанбақ болады. Қанға – қан, жанға – жан! Ағасынан жаны артық па? Осы жолы не Есенбайды өлтірген қалмақты тауып, қанын ішеді. Не ағасының артынан бұл да мерт болады – екінің-бірі! Ақыры кек алмай жаны жай таппасына көзі жеткен ол, жылқыдан төл аты – Ардакүреңді ұстап мініп, ешкімге жөнін айтпастан, шығысты бетке алып тартып отырды. Мөлшерлегеніндей-ақ, Сарыбелдің шығыс қапталына қалмақ ауылдары сұғына кіріп отыр екен. Ерасыл мал көздеп жүрген адам болып, алға қарай жүреді. Қолында қаруы – әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ найза, қайқы қара қылыш пен екі жүзді алмас қанжары болады. «Жалғыздық жары – құдай деуші еді. Уа, пәруардігер, өзің жолымды оңғара көр!» деп тілейді ішінен. Өлже деп айқайлап дыбыс бергісі келді ме, әлде тынысы тарылып ауа қармағаны ма, сәл теңселіп тұрады да, қанжарды қайта суырып алған кезде, етбетінен күрс етіп құлап түскен екен. Ерасыл өзінің Ардакүреңіне мініп ауылдан ұзап кеткен соң, айырылысатын кезде Ердене жолдасының амандығын айту үшін Мәмбет ауылдарына қарай, ал Ерасыл із жасыру үшін Ертіс бойына ұзатылған әпкесіне қарай тартып, Керей еліне бет түзеген екен. Мұндағы апа-жездесінің қолында бірнеше жыл тұрып қалады. Бір күні Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүріп, ойда жоқта бір тобыр жабайы шошқаға тап болғаны бар. Қамыс арасынан шыға келген құнан өгіздей қара қабан Ерасылға қарай оқтай атылады. Ерасыл да найзаны бар күшімен сермегенде, сірә, найзаның ұшы жүректі жарып өткен болу керек, қара қабан серең етіп құлап түсіпті. Ерасылдың аман екенін көріп, қуанған Бердәулет жездесі: батыр деп мына сені айт! Өзің нағыз қабан екенсің ғой! Уа, жарандар, бүгіннен бастап атын «Қабан батыр» деп атайық! – демесі бар ма. Жездесінің аузы мұндай дуалы болар ма, қуаныш үстінде айтылған бір ауыз сөз кешікпей бүкіл елге тарап, аяқ астынан «Қабанбай батыр» атанады. Сол жылы күзде Сауырдағы шайқаста Ерасыл ойрат батыры Долан Дошыға қарсы жекпе-жекке ел қойып алған осы жаңа атымен шығады.
Содан Керей арасында бес жылдай тұрып, Ханбибіге үйленіп, кейін Байжігіт ішіне қайта оралған соң да бұл ат қалмайды. 1718 жылдың күзі, арада жеті жыл өткенде, Аягөз өзенінің бойында Арсалаңмен кездеседі. – Қапы қалма, Арсалаң! Мен – қазақтың Қабанбай деген батырымын. Осыдан жеті жыл бұрын, он алты жасымда, ағаң Өлжежырғалды о дүниеге аттандырып едім. Міне, құдайдың құдіретін көрдің бе, сенің де ажалың менен болайын деп тұр… Ал, енді шамаң болса, қорғанып бақ, деген екен.
Найзаны қолына мығым ұстаған Қабанбай кіндік тұстан, не қазан толмастан қадайтын кісіше, еңкейе шауып келді де, дәл қасына таяған кезде көз ілеспес жылдамдықпен өндіршекке ұрып кеп жіберді. Найзамен бауыздалған Арсалаң кескен теректей болып, ат үстінен сұлап түседі де, қорқырап қала береді. Кейін, ойрат қолын ойсырата жеңіп, Шаған шатқалынан айдап шыққанда, ақбоз атқа мініп дара шауып, қол бастаған батырдың Қабанбай екенін біліп, Абылай хан қатты разы болған екен. – Қайраусыз өтер қара қылышым-ай! Даңққа жеткізген дара бозым сен екенсің ғой! Егер биікке бекініп алған жау қамалына қалың қолды көтеріп сен шаппағанда, бүгінгі шайқастың немен бітері неғайбыл еді. Бүгіннен бастап Қабанбай атың хан ұранына айналып, жорықтағы есімің Дарабоз болсын! – деп құшағына алып, үстіне алтын зерлі тонын жапқан екен.
Жоңғарларға қарсы күресі
1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады. 1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға – Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалады. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектескен. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ хандары билік үшін жүргізген күрес шиеленіскен шағында Барақ сұлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген. Қабанбай батыр Барақ сұлтанға кінә тағып, оның Жоңғар хандығымен жақындасуына қарсы әрекет жасайды. Осыған орай Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болады. 1752-1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Ӏле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде екі бағытта шабуылға шыққан. Күнгейдегі әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қаракөл мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат еткен.
Қытай әскерлеріне қарсы күресі
Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай батыр 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысады. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласады. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан. Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған.
1769 жылы жетпістен асқан Қабанбай батыр төрт көздері түгел отырған жиында былай деп өз байламын естіртті. – Мен енді көп ұзамаймын. Әрі кетсе бір ай, әйтпесе шөп буыны қата жолға түсетін шығармын… Тоқтының сыртында Сарыбел деген асу бар. Сүйегімді сонда апарып қойыңдар! – деп сөзін қысқа қайырды. Батырдың сырқат екенін естіген Өтеке баласы Қарабек қырғыздың қалың қолын басқарып, Қабанбайды іздеп келе жатқанын жасырмай: – Маған неғұрлым Қабанбайдың амандығы керек. Оның ауылын көзі тірісінде шаппасам, кегім қайтпайды! – деп масайрады ол. «Ел шетіне жау тиді! Қырғыздар батырдың ауылын шапқалы келеді» дегенді құлақтары шалысымен, байырғы сарбаздардың бәрі атқа қонып қолдың саны мыңға жетіпті. Ал, бұл кезде Қабанбайдың тұла бойын ыза мен намыс билеп алған еді. Қарабектің қаһарлы қаруы қылыш болса керек, ақ алмас «жан алғыш әзірейілің менмін» дегендей, көк жүзінде қалықтап келеді. «Я, Алла, өзің медет бере гөр» деп қарт батыр терең тыныс алып, бойындағы бар қуатын жинап алады да, ауыр сүңгіні құлаштай лақтырады. Көп көздеп жатпаса да, дағдылы қол мүлт кетпепті. Жебедей зулаған көк сүңгі ажал Қарабектің тура жүрек тұсына барып қадалды да, ат үстінен жұлып түсіреді. Сол сәт Қабанбайдың ішкі құрылысынан әлдене үзілгендей болған, батырдың басы айналып, төңірегін түгел түнек жапқандай, әлдебір тұңғиыққа батып бара жатады. Сөйтіп, алпыс жыл бойы аттан түспей, бар өмірін жауға қарсы қылыш сермеп өткерген ұлы қолбасы ажал жастығына алаңсыз бас қойған екен. Марқұмды, өз өсиеті бойынша, Жоңғар қақпасының сол жақ қапталындағы Сарыбелге жерлейді. Белгі ретінде батырдың басына тас үйілді. Ұрпақ ауысып, ел жаңарды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте-бірте жұрт жадынан өше бастады. Бабалардың салғырттығынан кейінгі ұрпақ ұлы қолбасының нақты қай тұсқа жерленгенін таппай, сарсаңға түсіп сандаларын ол кездегі адамдар қайдан білсін?!
Қалай десек те, даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың өмір сүрген жылдары, ұрыс алаңындағы ерліктері мен осы күнге дейін жарияланбаған мағлұматтар әлі де бар. Мәселен, Қаракерей Қабанбай 103 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Көптеген әдеби-тарихи туындыларда Дарабоз батырдың образы әрқилы жасалады. Қабанбайдың көптеген жекпе-жектерінің ішінде қалмақтың Шамал ханымен жекпе-жегінің бояуы қанық әрі әсерлі болып келеді. Ол ең соңғы мәрте қас жауы Балдыбектің баласы Қарабекке найза сілтеп барып, аттан құлап түседі. Өйткені, жетпістен асқан Қабанбайды ауру әбден меңдеген екен. Сөйтіп, өмірінің соңғы күндеріне дейін елін, жерін қорғау жолында соғысып, ат үстінде найзасын қолында ұстап жүріп жан тапсырады» деп түрлі тарихи деректер келтіреді. Әсілі, бұған дейін батырдың тұлғасын ашатын талай дүние жазылды да. Өйткені, мектеп жасындағы балалардың өзінен қазақ батырларын атап бер десе, Қаракерей Қабанбай батырдан бастайтыны шындық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.