Бизнес өкілдері де белсенді

Референдумды ойдағыдай өткізу – баршаға ортақ жауап­кер­шілік. Бұдан бизнес өкілдері де тыс қалмақ емес. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен кә­сіпкерлер де алдағы референдум туралы түсіндіру жұмыс­та­рын жалғастыруда.

Палата Конституцияға енгізі­летін түзетулерді шағын және орта бизнес субъектілері арасында жан-жақты түсіндіру үшін арнайы жоспар әзірлепті.

Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, түзілген жоспар аясында сауда және ойын-сауық орталықтарында, дү­кендерде, басқа да шағын және орта бизнес нысандарында түрлі кездесулер ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталықтарының кон­суль­танттары да түсіндіру жұ­мыс­тарына атсалысуда. Онлайн-вебинарлар да өткізіліп жатыр. Бұл арқылы 265 мың адамды қамту көзделіп отыр.

– Қазірдің өзінде түсіндіру жұмыстары арқылы 4 мыңнан аса кәсіпкерлік нысанын аралап, 90 мыңға жуық адамды қамтыдық. Атап айтқанда, 220 желілік дүкенді, тұрғын үйлерде орналасқан 1 300 дүкенді, сауда-саттықпен айналысатын 328 нысанды, 200 нарық пен 1 300-ден аса басқа да нысандарды араладық, – деді Райымбек Баталов.

Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Әсіресе, орта, шағын және микро бизнес субъектілерінде еңбек ететіндерді қамту керек. Өйткені, халықтың көп бөлігі дәл осы салада шоғыр­лан­ған.

– Өкінішке қарай, көп жағ­дай­да бизнестегі адамдар мұндай түсіндіру жұмыстарынан сырт қалып жатады. Оларға елдегі сая­си оқиғалар туралы ақпарат та дұрыс жеткізілмейді. Біз бұл жолы осы олқылықтың орнын толтыруды жөн көрдік. Оның үстіне ұлттық палатаның халықпен жұ­мыс істеуде қалыптасқан өзін­дік тәжірибесі бар, ресурсы да жет­кілікті. Түсіндіру жұмыс­та­ры­на палатаның өңірлік филиалдары, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары тегіс жұмыл­ды­рыл­ды және бұл дұрыс қадам болды деп есептеймін, – дейді «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының төралқа төрағасы.

Оның пікірінше, қазірдің өзінде елімізде оң өзгерістер бас­талды. Халық осының бәрінен уақытылы хабардар болуы керек.

– Референдум әшейін науқан емес. Ол – болашағымызды таңдау. Сондықтан оның маңыз­ды­­лығын бәріміз түсінуіміз керек, – дейді Р.Баталов.

Шымкент қаласы Кәсіпкер­лер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, халықты референдумға шақыру, Конституцияға енетін өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстары үшінші мегаполисте де қарқынды жүріп жатыр.

– Осы аптада шаһардағы ірі сауда орындары мен үй іргесінде орналасқан дүкендерді араладық. Халықтың дені алдағы саяси шарадан хабардар. Дегенмен өзгеріс­тер­ді егжей-тегжей түсіндіруге тырыстық. Шын мәнінде, бұл референдумда халықтық азаматтық бел­сенділігі байқалатын болады. Сондықтан оған бизнес өкілдері де тегіс қатысады. Жаңа Қазақстан – жалаң ұран емес. Ол жаңа һәм әділетті қоғам құру қағи­даты. Демек халық өз пікі­рін ашық айтуы керек. Соған беріл­ген үлкен мүмкіндіктің бірі – алдағы референдум. Ондағы өзгерістердің ауқымын ескерсек, рефе­рендумға ел тұрғындарының тегіс қатысуы маңызды, – дейді Нұрлан Қабыштаев.

«Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ вице-президенті, конститу­ция­лық реформаларды түсін­ді­ру мәселелері жөніндегі респуб­ли­ка­лық штабтың мүшесі Марат Мұстафиннің пікірінше, халық, оның ішінде бизнес өкілдері бұл референдумды ұзақ күтті.

– Қаңтар қасіреті елдегі өзге­ріс­­терге жол ашты. Бұл өзге­ріс­терді бизнес те ұзақ күтті. Әсіресе шағын және орта бизнес. Осы күнге дейін ірі бизнеске ерекше назар аударылып келді де, шағын және орта кәсіпкерлікке бертін ғана мән беріле бастады. Ал дамыған елдер ел экономи­ка­сындағы шағын және орта биз­нестің үлесін арттыруға тырысады. Себебі экономиканы кө­те­ретін де сол сектор. Меніңше, алдағы өзгерістерден соң, елдегі кәсіпкерлік саласының тынысы ашылады. Сондықтан алдағы референдумнан үлкен үміт күтеміз, – дейді Марат Мұстафин.

https://egemen.kz/article/313944-biznes-okilderi-de-belsendi

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар