Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 87-бап

Қазіргі қолданыстағы Конституцияда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген баптардың бір қатары Ата заңның Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқаруды қамтыған VIII бөлімі.

Аталған бөлімде барлығы 5 бап бар. Соның ішінде 87-бап еліміздегі өңірлердің әкімдерін тағайындау немесе сайлау тәртібіне арналған.

Оқырмандардың есінде болса, өткен жылы еліміздегі ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілген болатын. Ал Мемлекет басшысы өз сөзінде алдағы уақытта бұл үрдіс аудан әкімдеріне қолданылатынын айтқан еді.

87-бапта атап көрсетілгендей, бұған дейін елдегі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін жергілікті мәслихаттың келісімімен Президент тағайындап келген болатын.

Осы жолы жалпыхалықтық референдумға ұсынылған Ата заң жобасында 87-баптың 4, 5-тармақтары жаңа редакцияда жазылды. Мысалы 87-баптың 4-тармағы бойынша бұдан былай әкім қызметіне Президент кемінде екі кандидат ұсынады. Мәслихат депутаттарының басым дауысын иеленген кандидат сол өңірге әкім болып тағайындалады.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы облыстың, қаланың, ауданның әкімдерін өз ұйғарымы бойынша орнынан алып тастай алады.

87-баптың 5-тармағына енгізілген өзгеріс – жергілікті мәслихат депутаттарының сол аумақтағы әкімге сенімсіздік білдіру мәселесін анық түсіндірді. Бұған дейін бірден Мемлекет басшысына жүгініп келсе, енді жергілікті әкімдіктен жоғары отырған әкімге жүгіне алады. Мысалы ауыл әкімі жөнінде ауданға, аудан әкімі жөнінде қалаға, қала әкімі жөнінде облысқа дегендей.

Сонымен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты жаңа өзгерістер енгізілген 87-бапта басқа қандай жаңалықтар барын төмендегі салыстырудан оқып көруге болады.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

87-бап

Жаңа нұсқада: 87-бапта:

1) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстың аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайды.

Республика Президенті дауыс беру жүргізілетін кемінде екі кандидатураны ұсынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихат депутаттарының көп дауысын алған кандидат олардың келісімін алды деп есептеледі.

Өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметінен босатуға құқылы»;

Ескі нұсқада: 87-баптың 4-тармағы

  1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады.

Жаңа нұсқада: 87-бапта:

2) 5-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

«Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне қатысты тиісінше Республика Президентінің не өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдеріне қатысты жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға құқылы».

Ескі нұсқада: 87-баптың 5-тармағы

  1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде тиісінше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап47-бап, 50-бап51-бап52-бап53-бап54-бап55-бап56-бап57-бап58-бап61-бап62-бап71-бап72-бап73-бап74-бап78, 82, 83-баптар.

https://baq.kz/konstitutsiyalyq-reforma-qay-bap-qalay-ozgeredi-87-bap_279706/

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар