Қазақстан студенттері альянсы өткізген онлайн сауалнамаға қатысқан 10 мың студенттің 86 % референдумға баратынын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы аталмыш альянс президенті Ілияс Түстікбаев Л.Гумиев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дөңгелек үстелде айтты.
«Осы айдың басында, референдум туралы алғашқы түсіндіру жұмыстарын бастаған кезде жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері мен оқытушыларын қамтимыз деп жоспарладық. Университеттер мен жоғары оқу орындарында 1 миллиондай адам білім алып жатыр. Бірақ олардың бәрі 18-ге толмағанын ескеру керек. Қазір бүкіл колледждер мен униерситеттерде референдумды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп болды. Жасы 18-ге толған 300 мың студент қамтылды», — деді ол.
Айтуынша, түсіндіру жұмыстарынан кейін әлеуметтік желі арқылы онлайн сауалнама жүргізілген.
«Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда 70 мыңдай оқырман бар. Кім референдумды қолдайтынын сұрап, сауалнама жүргізгенбіз. 80% референдумға баратындарын, қолдайтындарын айтты. 70 мың оқырманның 10 мыңы сауалнамаға қатысқан болатын. Нақтырақ айтсақ, 86%-ы референдумға баратынын айтып дауыс берсе, шамамен 11-12% әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты. Яғни, бұларға түсіндіру жұмыстары жетпеген деп есептедік. Немесе толық түсініп үлгермеген», — деді Ілияс Түстікбаев.
Айта кетейік, референдумға баратын қазақстандықтарға мына мәліметтерді білгені абзал.