– Астана уақытымен сағат 20.00-де еліміздің аумағында ашылған 8 мыңнан астам референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәл қазіргі уақытта еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 референдум учаскесі жұмысын аяқтап, аумақтық референдум комиссиясының мүшелері дауыс санауға кірісті. Сонымен қатар 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 17 учаскеде дауыс беру аяқталып отыр.
Сағат айырмашылығына байланысты еліміздің 5 өңірінде, атап айтқанда Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы 1 858 учаскеде дауыс беру астана уақытымен сағат 21.00-де аяқталады. Ал шетелдегі 48 учаскеде сағат айырмашылығына байланысты дауыс беру әлі жүріп жатыр.
Жалпы республика бойынша 10 012 референдум учаскесі құрылған. Оның ішінде 52 шет мемлекеттегі 65 учаске бар. Айта кетейік, астана уақытымен сағат 18.00-дегі деректерге сәйкес, республика бойынша 7 624 641 азамат бюллетень алды. Бұл — тізімге енген азаматтардың 65,04 пайызы.