– Астана уақытымен сағат 21.00-де еліміздің барлық өңіріндегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 және шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 12 референдум учаскесінде жұмыс аяқталып, комиссия мүшелері дауыс санауға кіріскен болатын.
Ал дәл қазір сағат 21-00-де Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы 1 858 учаскеде өңір тұрғындары дауыс беріп болды. Сонымен қатар шет елдердегі 5 учаске де жұмысын тоқтатты.
Оның барлығында комиссия мүшелері дауыс санауға кірісті. Қазіргі уақытта шет елдердегі 48 учаскеде ғана дауыс беру жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам дауыс берді. Бұл дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың 67,65 пайызын құрайды.