– Шетелде жүрген 5 100 отандасымыз референдумда дауыс беріп үлгерді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта шет елдерде референдум тыныш әрі жұмыс жағдайында өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 19.00-де шетелдерде шамамен 5 100 отандасымыз дауыс беріп үлгерді. Бұл — тізімге енгізілген сайлаушылар санының 45 пайызы. Уақыт айырмашылығын ескерер болсақ, барлық 65 учаске ашылды.
Сонымен қатар Азия бөлігінде орналасқан Қытай, Корея, Жапония сынды елдерде және басқа да учаскелер жұмысын аяқтап, дауыстарды санауға кірісті. Олардың кейбірінде сайлаушылар 100 пайыз келді», — деді Роман Василенко Орталық референдум комиссиясы алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында және Бразилияда орналасқан референдум учаскелері осыдан 2 сағат бұрын ғана ашылды. Онда дауыс беру 9 сағатқа созылады. «Дауыс беру нәтижелері шығарылғаннан кейін қорытынды құжаттар жедел түрде Сыртқы істер министрлігіне Есіл аудандық сайлау комиссиясына тапсыру үшін жеткізіледі.
Шетелдегі барлық сайлау учаскелері осы ауданға тіркелген. Референдум күнінде шетелде дауыс берушілердің тізіміне 11 350 азаматымыз енгізілген», — деді ол. Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінің 52 шет мемлекеттегі Елшіліктерінің жанынан 65 референдум учаскесі ашылған.