– Қытай астанасында дүйсенбіден бастап антиковидтік шектеулер жеңілдеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Бейжің билігінің мәлімдемесіне сәйкес, 6 маусымнан бастап мейрамханалар мен тамақтану орындарына келушілерге қызмет көрсетуге рұқсат етіледі. Дүйсенбіден бастап курьерлерге тұрғын үй кешендерінің аумағына кіруге рұқсат берілді. Қашықтан жұмыс істегендер кеңселерге оралады.
Қоғамдық көліктер (соның ішінде автобустар, метро және такси) қалыпты жұмысына кірісті. Бастауыш және орта мектеп оқушылары күндізгі сабақтарды 13 маусымнан, ал балабақшалар 20 маусымнан бастайды.
Қоғамдық орындарға баратын, қоғамдық көлікті пайдаланатын немесе жиналыстарға баратын адамдарда 72 сағат өтпеген ПТР тестісі болуы керек. Жаңа ережелер Бейжіңнің екі ауданын қоспағанда, Қытай астанасының көптеген аудандарында күшіне енеді. 22 сәуірден бастап Бейжіңде коронавирус жұқтырған 1,8 мыңнан астам жағдай тіркелді. Қалада әлі де бір аудан COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары санатқа, ал алты аудан орташа қауіп санатына жатады.