Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірімізде жұмыс сапарымен келген Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсенді қабылдап, екі елдің арасындағы ынтымақтастық байланысты одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.
Кездесуде әлемдегі саяси ахуалды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі ғана емес, сыртқы сауда айәналымы да жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі атап өткеніндей, біздің өңір мен Германия арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі әзірге айтарлықтай көп емес. Өткен жылы ол шамамен 40 миллион еуроны құрапты. Десе де, екі жақты қарым-қатынасты дамыту үшін облыстың әлеуеті жеткілікті.
–Біз елімізді подшипниктермен 100 пайыз, арнайы мамандандырылған техникамен 60 пайыз көлемде қамтып отырмыз. Қазақстанда әрбір екінші астық жинайтын комбайн, әрбір үшінші тонна құс еті, әрбір бесінші литр сүт, әрбір оныншы кірпіш біздің облыста өндіріледі. Сонымен бірге, әлемнің 26 мемлекетіне біздің ақмолалық 50-ге жуық компания өз өнімдерін экспорттауда, –деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы атап өткеніндей, бүгінде біздің өңірде, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімнің басым бөлігі шикізат ретінде экспортқа шығарылады. Сондықтан, біздің елде жұмыс істегісі келетін неміс кәсіпкерлері болса, ең алдымен, өнімді қайта өңдеумен айналысуға мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге, туризм, мәдениет саласында да ынтымақтаса жұмыс істеуге болады. Осы ретте, облыс басшысы Германиядан бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі бизнесмендер делегациясын өңірімізге шақыратындығын жеткізді. Өз кезегінде Моника Иверсен:
–Бүгінде біздің елдің бизнесмендері Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығып отыр, тіпті көрші мемлекеттерде жұмыс істегендер өз бизнесін осында көшіру жөнінде ойлануда, – деді.
Оның айтуынша, Германия кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы саласына, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздеріне көшу үшін қажетті сирек металдар өндіру ісіне қызығушылық танытуда. Бұл орайда, облыс әкімі барлық мәселелер бойынша толық ақпарат берілетініне уәде етті.
Кездесуде сондай-ақ, Германия мен Ақмола облысы арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселесі де қозғалды. Моника Иверсеннің мәлімдеуінше, біздің облыста тұратын шамамен, 25-30 мың неміс біздің елдерді байланыстыратын көпір болып табылады.
–Ақмола облысында неміс тілін тереңдетіп оқытатын үш мектептің бары, әрі жоғары оқу орындарындағы студенттердің неміс тілі мен мәдениетін оқып-білуге мүмкіндіктері зор екені қуантады. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Біз бұл қарым-қатынас одан әрі нығая түседі деп үміттенеміз, – деді Моника Иверсен. Өз кезегінде Ермек Маржықпаев:
–Өңірде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен тілдерін дамытуға жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, – деп атап көрсетті.
Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.