Күрделі мәселелерді арнайы комиссия  қарап, шешетін болады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Зеренді ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде өңірдің соңғы жылдардағы өсіп-өркендеуіне, қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы арқасында қол жеткен табыстарға тоқталды.

Әкім облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, негізгі индикаторлар бойынша өткен жыл қорытындысымен таныстырды.

–Өңірдің биік межелерді бағындыруына осы отырған зеренділіктердің де қосқан үлесі мол. Мен, осы үрдіс алға қарай жалғаса береді деп сенемін, – деді Ермек Маржықпаев. –Өткен жылы тек табиғаттың тосын мінезіне, қуаңшылыққа байланысты егіннен түсім төмен болды. Осы күндері біз тұқым себу науқанын ұйымшылдықпен аяқтадық. Міне, соңғы екі күн жақсы жаңбыр жауып өтті. Болашақта да күн райы қолайлы болса, мол егін де алармыз деп үміттенеміз.

Облыс  басшысы өңір дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнім өндірудің үлесін арттыруға мол үлес қосып келе жатқан ірі компанияларды атап, осы жылы іске қосылатын кәсіпорындармен таныстырды. Өңірде салынған тұрғын үйлер, денешынықтыру-сауықтыру орталығы, жөнделген жолдар, мектептер, мәдениет үйлері, су желілері аз емес, осы жұмыстар алда да жалғаса бермек. Облыс  тұрғын үй салудан еліміз бойынша алғашқы бестікке кіріп тұр.  Биыл жол жөндеуге республикалық бюджеттен 60 миллиард теңге қаражат бөлінген. Жылына жаңа 10 балабақша есік ашуда. Қаладан тысқары оңтайлы жерлерде балаларға арналған 15 лагерь бар. Алдағы үш жылда 6 денешынықтыру және сауықтыру орталықтары салынады. Бизнестің халыққа қажетті нысандар салып беруі облыста көбейіп келеді. Зеренді ауданының Симфереполь ауылына да кәсіпкер жақсы спорт залын салып берді. Ондай мысалдар көп. «Қазмұнайгаз» компаниясы осы аудандағы «Сұңқар» сауықтыру-демалу орталығын облысқа тарту етті. Бұл орында негізінен, зеренділік оқушылар дем алатын болады.

Бұл ауданда да өзге аудандардағы  проблемалар айна-қатесіз қайталанды.Күрделі бір мәселені кәсіпкер Қайыркен Хасенов көтерді. Ертеректе жерлерін алып, үлестерін иеленген компаниялар ауыл тұрғындарына қараспайды, кей жерлер жылдап пайдаланылмай да жатады, жайылым тар. Сол себепті, «Қос ел-агро» корпорациясынын 8 бірдей шаруашылық шыққысы келеді.  Осы мәселе заң жолымен шешімін табуы керек. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша келесі аптада арнайы құрылған комиссия келіп, тұрғындар шағымын қарайтынын айтты.

Баратай ауылының тұрғыны Гүлжан Ыбыраева ауылдағы мәдениет үйіне жөндеу керектігі жөнінде сауал қойған, оған 28 миллион теңге қаражат бөлінгендігі , осы жылы ғимараттың жөнделетіндігі хабарланды.

Тұрғындар сұрақтарына орай, жалпы, Зеренді ауданы бойынша 9 ауылдың ішкі жолдары, сондай-ақ, аудан үстінен өтетін республикалықжолдардың жөнделетіні айтылды. Өкінішке орай, бұл ауданда да ауыр жүк машиналарының жолдарды бұзуы орын алуда. Зеренді көлінің жағалауының күтімсіздігі, жарық, ауыз су берудегі қолайсыздықтар да аудан тұрғындарын алаңдатады. Бұл мәселелердің барлығы да рет-ретімен шешімін табатын болды.

Есепті кездесуінен кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

                                                                       Серік Сапарұлы,

                                                             «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар