Көкшетау қаласының «Достық» үйі алаңында Ақмола облысы прокуратурасының бастамасымен бизнесті қорғау бойынша форум өтіп, бұл шарада облыстың құқық қорғау, мемлекеттік органдары, сондай-ақ, ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары, қоғам және бизнес өкілдері қатысты.
Шарада мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылының проблемалық мәселелері, оның ішінде заңсыз қылмыстық қудалау, сот дауларына тарту және тағы басқа да мәселелер талқыланды.
Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев форумды ашып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті қорғауда прокуратура органдарының айрықша рөлін айқындағандығына назар аударды. Кәсіпкерлікті қорғау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, атап айтқанда, бизнес субъектілерін қылмыстық шеңберге заңсыз тартуға жол бермеу және әкімшілік кедергілерді барынша азайту прокурорлар қызметіндегі басым бағыт екендігін де атап өтті.
«Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы облыстық филиалы және өзге мүдделі органдарымен бірлесіп өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін бұдан әрі жағдай жасау жөнінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Форум соңында Ақмола облысы прокуратурасының бастамасымен әзірленген құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер палатасының басшылары кәсіпкерлерді қорғау мен қолдауды көздейтін нақты іс-қимылдар бекітілген меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандум арқылы кәсіпкерлерді қылмыстық қудалаудың заңсыз әрекеттеріне тартуға және тағы да басқа олардың жұмысына негізсіз кедергілерге жол бермеудің тиімді тетігі болары сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.