Атқарылған жұмыстарға оң баға берілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың халыққа есеп беру кездесулері сәрсенбі күні Астрахан және  Егіндікөл аудандарында жалғасып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін біраз жұмыс атқарылып жатқандығы айқын көрініс тапты.

Астрахан.Соңғы жылдар көрсеткіштерін баяндап, саралай келе, өңір басшысы Астрахан ауданында кәсіпкерлердің тұрғындарға көмегінің өріс алмай отырғандығын, өзге аудандарда ауылдарға мектеп, спорт кешендерін салып берушілер баршылық екенін айтты. Мұнда ісін дұрыс жолға қоя алмай, тұрып қалып жатқан кәсіпорындар бар. Оларға қолдау көрсетіп, жаңа кәсіпорындар ашуға кірісу керек. Мал – күнкөріс көзі. Тек егіннің шығымын күтіп отыру жөн емес. Мал жаятын жердің тапшылығыда қолбайлау болуда. Шарулар алда  қолдағы мал басын көбейтуге құлықты.

Аудандағы тағы бір мәселе, ауылдардағы бала санының азаюы, жастардың ауылдан кетуі.  26 мұғалім жетіспейді.  Әсіресе,  математика, химия, биология пәндерінен маман жоқ. Амалсыздан зейнеткерлер жұмысқа тартылуда. Сондықтан, жас мамандарға жағдай туғызылып, мектептер жөнделіп, кабинеттер жасақталып, бұл жұмыс қолға алынып жатыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің айтуынша, осы ауданда 31 мектеп бар болса, оның 26-сы толық емес мектептер.

Жалпы, ауданға ауыл жолдарын жөндеп, су желілерін жаңғыртып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеу бағытына қаражат бөлініп отыр, жұмыстар да атқарылуда. Ендігі мәселе, тұрғындардың елдімекендердің тазалығын қадағалап, жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасына зер салып, белсенділік танытуы. Көрсетілген қолдау, бөлінген қомақты қаражат екпінді еңбекке ұласуы болуы керек.

Көпшілік пікірін осы өңірдің тумасы, танымал мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Алтыншаш Жағанова жеткізді.

–Облыс бойынша да, аудан бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл толады. Мен облысымыздың барлық негізгі көрсеткіштер бойынша алда келе жатқаны үшін өте қуаныштымын. Конституциямызға енген өзгерістер істеріңіздің бүгінгіден де  серпінді жүруіне сеп болады деп сенемін. Жаңа Қазақстанның болашағы үшін осылай екпінді еңбек ете беріңіздер! – деді ол.

Астрахан ауданында әкімнің жеке қабылдауына келушілер жол, ауыз су, жайылымдық жердің жетіспеуі жөнінде мәселелер көтерді. Өңір басшысы осындағы сүт, айран, қаймақ, ірімшік шығаратын «Нұр-А» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне келіп, оның жұмысымен танысты. Ұжым директоры Гүлбаршын Қожахмет өздерінде 10 адамның еңбек ететінін, шаруаларын одан әрі дамыту үшін 230 гектар жер, трактор, тырма, тұқым себу агрегаты, шөп шабатын, жинайтын,  оны буып-түйетін техникалар алғанын баяндады. «Нұр-А» өніміне сұраныс бар, демек, істерінің алға баса беретіні сөзсіз.

Одан кейін өңір басшысы «Тас бұлақ» жеке шаруашылығына барды. Оның директоры Арша Дарбинян өздерінің мнинералды су дайындау цехын көрсетіп, тәулігіне 4 мың литр су дайындайтындарын және өнімдерін осы маңай мен Нұр-Сұлтан қаласына өткізіп, жылына 6-7 миллион табыс табатындықтарын жеткізді.

Егіндікөл. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев  Егіндікөл ауданындағы халықпен есеп беру кездесуінде өңір жетістіктерін айта келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды.Мұнда да жайылым мәселесі шешімін таппай отыр. Сол себепті тұрғындарға мал ұстап, шаруаларын дөңгелету қиын. Егістік арасымен малды өріске айдап шығару қиын болғандықтан, мал бағуға да адам шықпайды. Аудандағы су мәселесі де ширығып тұр. Осындай қолайсыздықтар орын алған соң ауылдан көшіп кетушілер көбейген.

Тұрғындарға су желісін жөндеп, жаңғыртудың сметалық құжаттары дайындалғаны айтылды. Ауыр жүк көліктері мұнда да салынған жолдарды бүлдіруде.

–Жақын күндері киік санын азайту туралы Экология министрлігі шешім шығаратын болды. Сонан кейін бұл проблема шешілетін болады, – деп жауап берді өңір басшысы шаруалардың киіктердің егіндік алқапқа тигізіп отырған зардабы туралы сауалына .

Әкімнің жеке қабылдауына кірген зейнеткер Гүлсара Балғондина қоғам белсендісі ретінде өзін мазалаған бірқатар сұрақтарын алға тартты. Ол – мемлекеттік тілді ғана білетін қандастарымыздың балаларына кәсіби орта білім алуға жәрдемдесу, жалпы, мемлекеттік тіл аясын кеңейту, дәріханалардағы дәрі бағасының қымбаттығы, пайдалануға берілген балалар ойын алаңдарының күтімі жайлы  айтты. Ал, Спиридоновка ауылынан келген бір топ тұрғын аудандық әкімшіліктің ауылдарға әлдеқандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізгенде, жергілікті тұрғындармен ақылдасуын сұрады. Сонда, барлық атқарылған шаруа қисынды, пайдалы да қолайлы болады, деп түсіндірді олар талаптарын. Балғаным Салданова аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды айтып, көмек сұрады.

Кездесуден кейін Е.Маржықпаев Николай Степоненко басқарып отырған «АСКОП» серіктестігіне барып, 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ұжымның өнімдерін көріп, істеріне сәттілік тіледі. Шұжықтың бірнеше түрін, тұшпара, консервіленген, сүрленген ет, қаймақ, ірімшік сияқты ет және сүт өнімдерін, барлығы 20 түрлі аса сапалы өнім  шығарып отырған шағын цехтың жабдығы бүгінгі күн талабына сай.

«Жер ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысу барысында жаңадан салынған 5 мың тонналық екі дән сақтау қоймасы, дән кептіру, дәнді алғашқы тазалау желісі сияқты жабдықтар,  алынған ауыл шаруашылығы техникалары, науқан кезінде механизаторлар үшін егін басына апарылатын тамақ ішу, жатын орындары мен моншадан тұратын вагондармен серіктестік директоры Рустам Ахмедов таныстырды. Ол субсидия арқылы мемлекеттен үлкен көмек көріп отырғандарын айтып, алғысын білдірді.

                                Серік Сапарұлы,

                                «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар