2000 жыл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланған болатын. Жолдау аясында көптеген мәдени ошақтар мен тарихи орындар ашылып, халықтың рухани дамуы үшін көп мүмкіндіктер пайда болды.
Сондай мүмкіндіктердің бірі –сол кезде ашылған Көкшетау қалалық қазақ кітапханасы. 22 жылдық тарихы бар кітапхана қаламыздың мәдени-әдеби өмірінің ілгері жылжуына үздіксіз үлесін қосып келеді. Кітапхана – әмбебап ақпарат көзі, оқырманның сұранысына сәйкес кітаппен қамтамасыз ететін қалалық маңызы бар орталық. Әдебиет пен мәдениетті ұштастырып, бір арнаға тоғыстырған кітапхана жұмысының өнегелі ұрпақ үшін маңызы орасан зор.
Қазіргі уақытта Көкшетау қалалық кітапханасына ЖанарАйтқожина жетекшілік етеді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы тек оқырманға бағыт беруші ғана емес, әртүрлі мәдени іс-шараның ұйытқысы болуымен де құнды. 2015 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген Жанар Жұрқабайқызы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Қазақстанның құрметті кітапханашасы» төсбелгісімен марапатталған.
Өскелең ұрпақты білім мен әдебиетке ынталандыру мақсатында көптеген игі істер мен жұмыстар жүргізіп келе жатқан қалалық кітапхананың негізгі жұмысы: оқырманды кітаппен қамтамасыз етуден бөлек, әдеби кештер, өнегелі жандармен кездесулер ұйымдастыру арқылы оқырманның ой-өрісін кеңейту, сол арқылы елінің жанашыры болатын ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосу. Қазақы салт-дәстүрді насихаттау мақсатында 2020 жылға дейін«Ғибрат» клубы, әдеби «Көкше әлемі» атты жас ақындар бірлестігі жұмысатқарып келді. Кітапханада 2021 жылдан бері бастау алған «Туған өлке» жобасыКөкшетау қаласының әдебиет, мәдениет майталмандары, өркениеттің дамуы жолында қалтқысыз еңбек еткен тұлғалар жайлы ақпарат беріп, шығармашылығымен таныстырып келеді.
Кітапхана ашылған уақытта бар-жоғы 3000 кітап болса, қазіргі таңда кітап қоры 30 мыңға дейін көбейген. Қазақ әдебиетінен бөлек, әлем әдебиеті классиктерінің озық үлгілерін де осы жерден таба аласыз. Кітаптардың 70 пайызы өзіміздің ана тілімізде, қалған 30 пайызы өзге тілде. Оқырман санының әжептәуір өткендігінің көптігінің бір себебі, кітапханада бұқарамен тікелей жұмыс жүргізіледі. Оқырман сұранысына сай, жыл сайын кітапхана қоры толығып отырады. Тек мемлекеттік тапсырыспен ғана толықпай, ақындардың өздері сыйға тартқан кітаптарды кітапхана сөресінен жиікездестіруге болады.
Республикалық деңгейдегі ақын-жазушылардан бөлек, кербез Көкше өңірі таланттарының шығармаларыкеңінен насихатталып отырады. Мысалы, кезінде Төлеген Қажыбаев, Естай Мырзахметов, Сәкен сері Жүнісов деген сынды тұлғалар өз қолымен кітаптарын осы кітапханаға сыйға тартқан. Аға буын өкілдерінен бөлек, жас буынның да шығармашылығытәуір насихатталуда.Оның бір дәлелі,2016 жылыТәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында, «Тәуелсіздік тағдырым» атты көкшетаулық 25 жас қаламгердің шығармашылығы топтастырылып, жеке кітап болып басылып шыққан болатын. Сондай-ақ, кітапхананың «Үкілім-ай» қыздар клубы халық арасында ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, оның озық үлгілерін көпшілікке насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізуде. Клуб Көкшетау қалалық мәдениет бөлімі ұйымдастырған, көптеген сайыстардың жүлдегері атанып жүр.
Сан мазмұндағы кітаптарға қоса, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі газет-журналдарды да осы кітапханадан таба аласыз. Алфавиттік жүйедегі каталогтар жұмыс істейді. Заман өткен сайын, ақпарат даму үстінде. Кітапхана заман көшінен кейін қалмай, құрал-жабдықпен барыншажабдықтала түскен. Интернет желісіне қосылған компьютерлер оқырманның бар жағдайын жасауға мүмкіндік туғызып отыр. Оқырманөзі қызығушылық танытқан кітаптың авторымен жүздесіп, көкейіндегі сұраққа жауап ала алса, кітапқа деген сүйіспеншілігі одан әрі арта түсер еді.Осы орайда, Мерген Тоқсанбай, Алмас Темірбайсияқтыөңір ақындарымен кездесулерөткізіледі. Кітапхананың Instagram, Facebook сынды әлеуметтік желілері, жеке парақшалары арқылы оқырманмен тікелей байланыс орнаған.
Кітапхана меңгерушісі Жанар Жұрқабайқызының айтуынша, білім ошағына келушілердің басым көпшілігі зейнет жасындағы қарт адамдар мен студенттер.
–Газет-журнал оқудан бөлек, ғылыми жұмыстармен айналысуға таптырмас орын. Мектеп оқушыларының кітапханаға жиі келуі де қуантады. Оларәртүрлі жанрдағы кітаптарды оқу арқылы мектеп бағдарламасынан тыс әдеби шығармаларға әуес. Бұл – оқушылар жаңа дүниені меңгеруге ынтық деген сөз. Қазақ халқының тарихына қызығушылық танытатын, қазақ әдебиетін сүйіп оқитын жастар лайым көбейе берсе екен дейміз, – дейді кітапхана меңгерушісі.
Осында жүріп кітапхана – білім, ақыл мен адамгершілікті бір арнаға тоғыстырған рухани орда. Сан ғасырдан бері маңызы мен қасиеті жоғалмаған киелі орын екендігін ішкі жан дүниең қапысыз сезеді.
Жұлдыз АҒЫБАЙҚЫЗЫ,
Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
2 курс студенті.